06 Қазан, 2017

Қазақ-латын әліпбиіне оң сапар

666 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласында көтерген латын тіліне көшу бастамасын қолдай отырып, Парламент Мәжілісі жаңа қазақ-латын әліпбиінің жобасын талқыға салды. Өз уақытында, 1929-1940 жылдары латын әліпбиі Қазақстан Республикасында мемлекеттік дәрежеде қолданылғаны баршаға белгілі.

Қазақ-латын әліпбиіне оң сапар

Бұл мәселе елімізде 1993 жылдан бері талқыланып келе жатыр. Көршілес түркітілдес мемлекеттер бұл мәселені бізбен бірге көтеріп, латын әліпбиіне әлдеқашан көшіп те қойды. Бұл мәселемен 1991 жылы, сонау КСРО кезінде Н.Ә. Назарбаев идеясы негізінде ашылған Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры болып қызмет атқара жүріп айналыса бастаған едім.

Шетелдік студенттер мен оқытушылар қазақ тілін тезірек меңгеруі үшін оларға қазақ-латын әліпбиін жасадық. Университет ғалымдары көрнекті ғалым Рахманқұл Бердібайдың жетекшілігімен университеттің ішкі қолданысына арнап қазақ-латын әліпбиі мен қазақ-түрік сөздігін жасап шығарды.

Әртүрлі нұсқаларды қа­рас­тыра отырып, ғалымдар жаңа әліп­биді құрастыру барысында ком­пьютерлік техникада қолда­нылатын 26 әріптен тұратын не­гіз­гі латын әліппесінің шеңбе­рінен шық­пау керек деген ұйғарымға келген болатын.

Кейбір түркітілдес мемле­кет­тердің әліпбилерінде сериялы түрде шығарылатын компьютерлерде жоқ латын алфавиті – 1 (30 әріп) мен латын алфавиті – А (64 әріп) дейтін базалардан алынған жеке әріптер бар, со­ның себебінен оны қолдану бары­сында қиындықтар туындайды. Сондықтан біз Парламент Мә­жі­лісі ұсынған 33 әріптен, оның ішін­де 8 диграфтан тұратын әліп­би нұсқасын қолдаймыз. Тал­қы­лауға ұсынылған әліпбидің негізгі артықшылығы ол заманауи компьютерге бейімделген.

Сонымен қатар біз ешуақытта басқа елдер, соның ішінде Англияның тәжі­рибесіне тәуелді болмауымыз керек. Олар өз әліпбиін орта ға­сырларда қабыл­даған. Түркия да өз әліпбиін 1928 жы­лы қабыл­дады, ол уақытта еш­кім Интернет пен компьютерлік тех­ника заманы келетінін білген жоқ. Біздің әліп­би ең зама­науи болуы тиіс, сондықтан тал­қы­ға ұсынылған әліпбиді жақсар­ту­ға байланысты келесі ұсы­ныстарымыз бар: 
1. Ұсынылған әріптерді нөмір­леу ретінен 8-ші орындағы «Н, h» (эйч) әрпіне рет санын бермей, көмекші, дыбыссыз белгі ре­тінде қарастыру қажет. Ол оқыл­мауы тиіс, тек апостроф немесе жұмсақ не қатаң белгі – ь, ъ ор­ны­на қолданылуы тиіс.

Оның орны­на 8-ші нөмірге латынның «Х, х» (экс) әрпін қойып, оны кирил­ли­ца­дағы Х, х немесе h әріптері сияқ­ты оқылатын еткен дұрыс. Әріп жетіспей жатқан жағдайда 26 әріп­тің ешбірін қысқартпау керек.
2. «I, i» (ай) әрпін (9-шы орын) тек қазақша I, i әріптері үшін қал­дыру керек, ал И, и әрпін 10-шы орынға ауыстырып, Й, й әр­пімен бірге латынша «J, j» (джей) әрпімен белгілеу керек.

3. 21-ші және 23-ші орындарда ки­риллица әріптерінің орындарын ауыстыру қажет: «U, u» (ю) – У, у; «W,w» (даб’л ю) – Ұ, ұ болғаны дұрыс. Бұл халықаралық терминдерге көбірек сәйкес келеді.

4. Диграфтар үшін әріптердің дауысты және дауыссыз ды­быстарға бөлінуіне әсер етпейтін бір дыбыссыз белгі «H, h» таң­да­ғандықтан, «Ng, ng» - Ң, ң әрпінен басқа әріптерді сол дыбыссыз белгінің көмегімен құрауымыз керек: «Ah, ah» – Ә, ә; «Oh, oh» – Ө, ө; «Uh, uh» – Ү, ү; «Gh, gh» – Ғ, ғ; «Ch, ch» – Ч, ч; «Sh, sh» – Ш, ш; «Zh, zh» – Ж, ж.

5. Сонымен, 42 әріптен тұра­тын қолданыстағы әліпбиден 33 әріп­тен тұратын латын әліпбиіне көштік дейік. Ауысу кезінде қыс­қартылған 9 әріптің барлығы нақ­ты белгіленуі қажет. Бұл мәсе­ле аудармашылар үшін және дәйек­сөз келтіру барысында өте қажет болып табылады.

Қазіргі уақытта елімізде 3 тіл 2 әліп­бимен – кириллица мен латын­ негізінде оқылып, игері­ліп жатыр. Қазақ-латын әліп­биі­не көшкен кезде де біз сол 2 әліп­биді қолданамыз. Бір сөзбен айтқанда, мұның еш қиындығы жоқ, ал пайдасы мол. Біздің Қа­зақ­стан 2050 жылға дейін 30 дам­ы­ған елдің қатарына кіруге ниетті. Сондықтан біз де латын әліп­биіне көшіп, ағылшын тілін иге­ріп, алдыңғы қатарлы білім, ғы­лым мен жаңа технологияларды білім бастауларынан алуымыз керек.

Қорытындылай келе, Елба­сы­ның даналық басшылығымен көркейіп жатқан жаңа Қазақ­станның жаңа қазақ-латын әліп­­­биінің авторы Елбасы Н.Ә.Назарбаев болуы қажет дегім келеді. Бұл іс бізді халықаралық өрке­­ниет кеңістігіне жетелейтін үл­кен істердің бірі болады. Осы 2017-2018 оқу жылында Елба­сы Жар­лығымен қазақ латын әліп­биін бекітіп, бірте-бірте тәжірбие жи­най отырып оны қолданысқа енгі­­зу қажет. Бұл әліпби әлемдік өрке­­ниеттегі қазақ тілі мен еліміз­дің жаңашыл ұлт ретінде беделін одан әрі бекіте түсетініне күмән жоқ.

Sapar ong bolsyn, qurmetti otandastar!

 

Мұрат ЖҰРЫНОВ, 
ҚР ҰҒА президенті, академик, Қазақстан Республикасы 
Мемлекеттік сыйлығының 
лауреаты