Театр • 06 Қазан, 2017

«Жаужүрек» Лондонда жүр

665 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында өтіп жатқан III Қазақстан өнерінің фестивалінде Дулат Исабековтің «Жаужүрек» драмасын сахналады. Қойылымның режиссері – Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев.  

«Жаужүрек» Лондонда жүр

Қазақтың балуаны, әнші-ком­позитор, сері, халық арасын­да Балуан Шолақ атанған Нұрмағанбет Баймырзаұлының өмірінен сыр шертетін қойылымды театр ұжымы 1 қазан күні Стокуелл театрының (Stockwell Playhouse) сахнасында жиналған көрерменге ұсынды. Күрескер тұлға Балуан Шолақтың сахналық бейнесін театрымыздың талантты актері, сахна шебері Ерлан Біләл сомдады.

Лондондағы бұл фестиваль бел­гілі қазақ жазушысы, драматург Дулат Исабековтің 75 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Биыл үшінші мәрте өткізіліп отырған фес­­тивальдің ұйымдастырушысы – Лон­дондағы Айтматов академиясы. 2011 жылы Лондон қала­сында профессор, философия ғылым­дарының док­торы Рахима Абдувалиева негізін қалаған Айт­матов академия­сы – әй­гілі жазушының шығармаларын әлем тілдеріне аударумен және ұлы жазушы қалдырған мол мұраны дәріптеумен айналысады. 

Елімізде өткен ауқымды, ма­­ңызды жобалардың бірі – Экспо-2017 халықаралық маман­дан­дырылған көрмесінің мәдени бағдарламасы аясында көптеген іс-шаралардың атқарылғандығы баршамызға бел­гілі. Әртүрлі ба­ғыт­та өткен театр және кино фести­вальдері, әр­қандай концерттер мен көрмелер қазақстандықтар мен шет­елдік қо­нақтарға ерекше әсер қал­дырса, өз саласының ма­мандары үшін тә­жірибе алмасу мектебі болды. Экспо-2017 көрмесі негізінде өт­кен мәдени және спорттық шара­лар­­дың жо­ғары деңгейде ұйым­дас­тырылуы – Мәдениет және спорт минис­тр­лігінің қажырлы еңбегінің жемісі. Халықаралық көрменің Ұлы­британия павильонында өткен ағылшын тіліндегі шығармалардың тұсаукесерінде жазушы-драматург Дулат Исабековтің шығармаларын алыс-жақын шетелден келген меймандар жоғары бағалаған болатын. 

Англия парламентінің жоғарғы Лордтар палатасындағы Дулат Иса­бековпен кездесу өте әсерлі болды. 

Мәдениет және спорт ми­нис­трлігінің осы келелі іс-шараны мойнына алып, қазақ театр өнерінің әлем сахнасында салтанат құруына атсалысуы – ұлт руханиятының әлем­­дік кеңістікте еркін көсілуіне өз сеп­тігін тигізді.

Гүлзия СӘДУАҚАСОВА