26 Қазан, 2011

Сенім грамоталарын қабылдады

281 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Бразилия, Германия және АҚШ елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Сенім грамотасын бірінші кезекте тапсырған Бразилия Федеративтік Республикасының Тө­тен­ше және өкілетті елшісі Ос­вал­до Биато Жуниор Қазақстанда үстіміздегі жылдың 7 қыр­күйе­гі­нен бастап жұмысқа кіріскен екен. Ол бұған дейін бірқатар елдерде, соның ішінде Қытай мен Ресейде дипломатиялық қызмет атқарыпты. Осы саладағы жұмыс тәжірибесіне 30 жылдан астам уақыт болған. Мұнан кейін Елбасы елімізде 12 тамыздан бері қызмет атқарып жатқан Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Гидо Герцтен сенім грамотасын қабылдады. 60 жастағы Гидо Герц те бұған дейін аталған елдің Еуропа Одағын­дағы өкілдігінде, Тунисте, Ресейде, Танзанияда өкілетті қызмет­тер атқарған бай тәжірибелі дипломат болып табылады. Қазақстан басшысына үшінші болып сенім грамотасын тап­сыр­ған АҚШ-тың Төтенше және өкілетті елшісі Кеннет Фэйрфакс 1959 жылдың 11 наурызында Кен­­тукки штатының Луисвилл қа­ла­сында дүниеге келіпті. Ол да Оманда, Оңтүстік Кореяда, Ресейде, Канадада, Украинада, Поль­шада, Вьетнамда, Иракта дип­ло­ма­тиялық қызметтер атқарып, әб­ден ысылған. Қазақстанға қыр­күйек айының соңында келген екен. Аталған елшілерден сенім гра­моталарын қабылдағаннан кейін Елбасы қысқаша сөз сөйлеп, елшілерді қызметтерімен құттық­тады. Олардың қызметке кірісуі Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық дүбірлі мерекесінің қар­са­ңына сәйкес келгендігін атап өтіп, мемлекет тарапынан олар­дың жұмысының жемісті болуы­на, ел мен елдің арасын жақын­дастыруына, ынтымақты қарым-қатынасты одан әрі ны­ғай­туларына барлық мүмкіндіктер жасайтындығын атап көрсетті. Мұнан кейін Президент Қа­зақ­станның Бразилиямен, Германиямен, Америка Құрама Штат­тары­мен қарым-қатынастарына  жеке-жеке тоқталып өтті. Қазақстанның АҚШ-пен қа­рым-қатынасында стратегиялық әріптестіктің орныққандығын, ын­­ты­мақтастықтың барлық ба­ғыт­­тары бойынша алға басудың айқын сезіліп отырғандығын, екі ел арасында 2012 жылға дейінгі мерзімді қамтитын бағдарлама түзілгендігін, оны орындауға үлес қосу елшіге абыройлы міндет жүктейтіндігін жеткізді. Ал Германия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы жетекші әріптестерінің бірі. Екі ел ара­сын­дағы тауар айналымының жыл­дық көрсеткіші 3,5 млрд. долларға жетіп отыр. Былтыр Гер­манияның Қазақстандағы жылы табыспен өтті. Енді қа­рым-қатынасты одан әрі дамыту мәселесіне тоқтала келе, Қазақ­стан басшысы Германия Федеративтік Республикасының бірлігі күні болып саналатын 3 қа­зан­дағы мерекелерімен құттықтап өтті. Қазақстан мен Бразилия ара­сындағы қарым-қатынастар да даму үстінде. Бразилия – Қазақ­станның Латын Америкасындағы сенімді әріптестерінің бірі. Екі ел арасында парламентаралық ын­ты­мақтастық жақсы үдеріс алып келеді. Ауыл шаруашылығы, туризм, спорт салалары бойынша қарым-қатынастардың нығая түс­кендігі сезіледі. Дегенмен, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты одан әрі да­мы­та түсу қажет. Елшілер Елбасына сенім грамоталарын тапсырып, қысқа­ша пікір алмасқаннан кейін бұқа­ралық ақпарат құралдары өкіл­дерінің алдына шықты. Бразилия елшісі Освалдо Биато Жуниор Қазақстанға келіп қыз­мет істеу, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамотасын тапсыру өзіне үлкен құрмет екендігін айтты. Ядролық қаруларды таратпау жөніндегі Қазақстанның бастамашылығын жоғары бағалайтындығын жеткізді. Америка Құрама Штаттары­ның елшісі Кеннет Фэйрфакс өзі­нің Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында осы қыз­мет­ке кірісуін бақыт деп баға­лай­тындығын, екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды түрде даму үстінде екендігін, бұл қа­рым-қатынас қауіпсіздік жөнін­де­гі ынтымақтастықтан бастау алып, қазіргі күні адамдар ара­сына дейін жеткендігін атап көрсетті. Таяуда Қазақстан өз Тәуелсіздігінің  20 жылдық мерекесін атап өтпек. Сонымен қатар, Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық қарым-қаты­нас­тың орныққанына да осыншама уақыт болмақ.  Міне, осы мә­се­ле­лерге тоқтала келген елші өзінің жаңа қызметінде екі ел ара­сын­дағы қалыптасқан орнықты бай­ланысты одан әрі нығайтуға қызмет ететіндігін жеткізді. Германия Федеративтік Рес­пуб­ликасының елшісі Гидо Герц дүбірлі оқиғаға толы Қазақ­стан­ның жаңа тарихында осы апта­ның да маңызды оқиғалармен ерекшеленгендігін, Семей поли­го­нының жабылғанының 20 жыл­ды­ғы атап өтілгендігін айтты. Қазақстан былтыр ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасаса, биыл Ислам Ынтымақтастық Ұйымына жетекшілік етуде. Мұның өзі 20 жыл ішінде елдің үлкен беделге ие болғандығын білдіреді. Осы мәселелерге тоқталып өткен елші   Қазақстан мен ГФР арасында шикізат,  өнеркәсіп салала­рын­да­ғы қарым-қатынасты нығайту туралы жаңа келіссөздердің сәтті аяқталғандығын атап көрсете келе, бұл жағдайдың екі жақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беретіндігін жеткізді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.