Кеше ертеңгісін Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған қазақстандық делегация Минск трактор жасау зауытының құрастыру цехтарын аралап көріп, аталған кәсіпорын жұмысымен жан-жақты танысты. Бұл шара бұған дейін хабарлағанымыздай, Мәжіліс Төрағасының ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы кеңесінің отырысына қатысу үшін Беларуське келген сапары барысында жүзеге асты. Ал зауытта болу кезінде сондай-ақ делегация мүшелеріне зауыт шығаратын өнімдердің үлгілері көрсетілді.
Мұнда қойылған тракторлар бидай, күріш, мақта алқаптарын өңдеуге бейімделіп жасалған екен. Және де климаттық ерекшеліктерге байланысты жан-жағы ашық тракторлар да шығарылатыны белгілі болды. Жалпы, аталған кәсіпорын трактордың 60 моделін шығарса, оның өзі 200-ден астам модификацияға бөлінеді екен. Егер зауыт 2010 жылы 42 мың трактор шығарса, биыл оның көлемін 62 мыңға жеткізу көзделіп отырған көрінеді. Минск трактор зауыты өз өнімдерін әлемнің көптеген елдеріне сатады. Мысалы, Семей өңіріндегі авто зауытта қазан айында алғашқы трактор құрастырылған еді. Қарашаның соңына дейін тағы төрт трактор құрастырылып бітеді деп күтілуде. Жыл соңына дейін Беларусь тракторларының барлық моделін қамтитын 1150 данасы құрастырылады деп жоспарланыпты. Жыл басынан бері елімізге Беларусь тарапынан 2064 трактор мен оның бөлшектері сатылыпты.
Бұдан кейін Орал Мұхамеджанов Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың қабылдауында болды. Беларусь басшысы Қазақстан тарапының өз елі мен халқына көзқарасы көңілден шығатынын айта келіп, халықаралық мәселелерде де ұстаным алшақтығы жоқтығын алға тартты. Қазіргі тынышсыз әлемде мемлекеттеріміз интеграциялық құрылымға бірігіп, уақыттың талабынан шығып отыр. Бұл интеграциялық құрылым 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін Біртұтас экономикалық кеңістіктен кейін жоғары белеске көтерілуі тиіс. Аталған бірлестіктен үміт үлкен, әсіресе, мұнда Қазақстан мен оның басшысы, менің досым Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған рөлі зор, еңбегі өлшеусіз, деді А.Лукашенко. Ол сондай-ақ Елбасыға сәлемін жеткізуді өтінді. Беларусь өзінің мүміндігіне қарай Қазақстанның мүдделерін Еуропа бағытында ілгерілетуге ықпал етуге дайын екендігін де білдіре кетті.
Мәжіліс Төрағасы Беларусь Президентіне Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығының маңызды мәселелері бойынша пікір алмасуға уақыт тапқанына ризашылығын білдіре отырып, оның үстіміздегі жылдың 23-25 мамырында Астанаға жасаған ресми сапарын Қазақстанда жоғары бағалайтындығын жеткізді. Жоғары деңгейдегі бұл келісімдер екі елдің игілігі үшін қызмет ететін болады. Осы орайда айта кетерлігі – Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынас өзара сенім мен түсіністік негізінде құрылған. Сондықтан мұндай байланыстар ТМД және халықаралық ұйымдар шеңберінде нығайып келеді. Қазіргі таңда Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығының құқықтық-келісімдік базасын әр сала бойынша қамтамасыз ететін 76 шарт пен келісім бар.
Беларусь Президентінің үстіміздегі жылдың 17 қазанында «Известия» басылымында жарық көрген «Біздің интеграциямыздың тағдыры туралы» мақаласымен мұқият танысып шыққандығын жеткізген Мәжіліс Төрағасы оның негізгі тезистерін қолдайтындығын жеткізді. 2011 жыл ТМД мемлекеттері үшін аса ерекше жыл екендігін қаперге салған О.Мұхамеджанов А.Лукашенконы Беларусь Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтады. Сондай-ақ Орал Байғонысұлы Кеден одағы жұмысына өзінің қанағаттанушылық сезімін де білдіре кетті.
Кездесуден кейін қазақстандық парламентшілер делегациясы қала сыртындағы «Хатынь» Мемлекеттік мемориалдық кешеніне барып, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандардың рухына тағзым етті, гүл шоқтарын қойды. Сол зұлмат соғыста Беларусь халқы 2,5 миллион адамынан айырылғаны белгілі. Республиканың әрбір үшінші тұрғыны құрбан болды. Қазіргі кешен орналасқан жер тұрғындары тірідей өртелген деревняның орны екені тарихтан мәлім. «Бұл беларусь халқының өткен соғыста тартқан үлкен қасіретінің бір көрінісі ғана. Енді біздің алдымызда соғысты болдырмау мақсаты тұр», деді Мәжіліс Төрағасы кешенді аралап шыққан соң. Сондай-ақ қазақстандық делегация Беларусь Ұлттық кітапханасында және Ұлттық өнер мұражайында болып, аталған мекемелердің жұмысымен жан-жақты танысуға мүмкіндік алды.
Кеше түс ауа Орал Мұхамеджановтың Беларусь Республикасының Премьер-министрі Михаил Мясниковичпен кездесуі болып өтті. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілгелі отырған Біртұтас экономикалық кеңістік Еуразиялық экономикалық одақ құруға бағытталған интеграциялық үдерістерді тереңдетуде маңызды кезең болып табылады. Мәжіліс Төрағасы Беларусь Үкіметі басшысының қатысуы жоспарланған алда Санкт-Петербург қаласында өтетін Кеден одағының жоғары органы – ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесі отырысында дағдарысқа қарсы бірлесе әрекет ету мәселесін талқылау жоспарланғанын қаперге салды. Аталған шара қазіргі қауіптерге төтеп беру үшін тиімді тетіктер мен құралдар жасауға мүмкіндік беруі тиіс.
Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда айналымы 2011 жылдың қаңтар-тамыз айларында 400 миллион АҚШ долларына жеткен. Қазақстан ТМД шеңберінде Ресей мен Украинадан кейінгі осы елдің сауда-экономикалық әріптестерінің үштігіне кіреді. Егер 2010 жылды алсақ, Қазақстан мен Беларусь арасындағы сыртқы сауда айналымы 657,2 миллион АҚШ доллары болса, бұл 2009 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп.
Екі ел арасында өндірістік кооперацияны дамыту мақсатында 2010-2011 жылдарға арналған Бірлескен іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Бұдан басқа, Қазақстанның Индустрияландыру картасына жалпы құны 98,6 миллион доллар болатын беларусьтік техниканы құрастыру жөніндегі 5 бірлескен жоба кіріп отыр.
М.Мясникович өз кезегінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету жайына кеңінен тоқталды. Беларусьтің Қазақстандағы Ұлттық көрмесі, үстіміздегі жылы Алматыда өткен екінші қазақстандық-беларусьтік кәсіпкерлік форумы, сондай-ақ Гомель қаласында (Беларусь) өткен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 8-ші отырысы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға айтарлықтай үлес қосатын болады. Кезекті 9-шы отырыс 2012 жылы Қазақстан Республикасының бір өңірінде өтуі тиіс.
Бүгін Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенконың ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер парламенттерінің басшыларымен кездесуі болады деп күтілуде. Соңынан ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтеді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» – Минскіден.