Мемлекет басшысының атына Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагиннен хат келді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
«Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қостанай облысының диқандары астық жинау науқанын табысты аяқтады. Мол астықтың түсімі гектарынан 20,2 центнерден айналып, 8 млн. 681 мың тонна астық жиналды. Мұндай бітік астық өңірдің тарихында алғаш рет жиналып отыр. Бұл жетістік ауыл еңбеккерлерінің ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын лайықты қарсы алуға қосқан өзіндік үлесі болып табылады. Сіздің қолдауыңыз бен айтарлықтай қаржылық көмегіңіз ауыл еңбеккерлеріне мол астық өсіріп, рекордтық өнім жинауға мүмкіндіктер берді. Осы қамқорлығыңыз үшін облыстың агроөнеркәсіп кешені саласының жұмысшылары Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы, ерекше алғыстарын білдіруде. Қостанай облысының диқандары Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін өздерінің күш-жігері мен іскерлігін алдағы уақытта да жұмсай беретін болады», – делінген хатта.