Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту ауқымында белгіленген шаралар аясында 25-26 қазан күндері Астана қаласында Алматы, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарының күндері өтуде. Кеше Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов облыс күндері шеңберінде ұйымдастырылған өңірлердің ауылшаруашылық тауарлары жәрмеңкесін аралап көрді.
Мемлекеттік хатшы алдымен «Думан» ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда орналасқан Батыс Қазақстан облысының жәрмеңкесін аралады. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Мемлекеттік хатшы мен Астана қаласының әкіміне өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктері туралы баяндап, Еділ мен Жайық өңірінен жеткен жәрмеңкедегі ауылшаруашылық өнімдерімен таныстырды.
Одан кейін Қанат Саудабаев пен Иманғали Тасмағамбетов Астана қаласы әкімдігі алдындағы орталық алаңда қанат жайған Павлодар облысының жәрмеңкесіне атбасын тіреді. Өндірісті өңір басшысы Бақытжан Сағынтаев өркені өскен өңірдің табыстарын тілге тиек ете келіп, облыстағы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің осы жәрмеңкеге әкелген тарту-таралғыларымен таныстырды. Павлодар облысы бас қаламызда ұйымдастырылған жәрмеңкеге 800 тоннадан астам сапалы азық-түлік тауарларын жеткізіпті.
Тамылжыған табиғатына ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы ішінде қол жеткізген жетістіктері сай Жетісу өңірінің еңбеккерлері облыс күндері аясында өтіп жатқан шараларға өңірде өнген мол өнімдерімен қоса, өнер тартуларын да молынан жеткізген екен. Қанат Саудабаев еліміздің бас қаласы – Астанада өтіп жатқан облыстардың күндері аясындағы бұл азық-түлік тауарлары жәрмеңкесі мен мәдени-рухани шаралардың мереке қарсаңында жұртшылықтың рухын асқақтататын әлеуметтік маңыздылығын атап көрсетті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.