15 қазан – Республиканың президентін сайлау күні. Алғашқыда президенттік тақ үшін болатын саяси бәсекеде 59 адам бақ сынап көруге ниеттенген еді. Бірақ олардың арасында 9-ы Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) берген арызын қайтарып алса, 37 адамның бір бөлігі тиісті құжаттарын әзірлеу барысында райларынан қайтты, ал қалғандарының құжаттары толық болмай, ОСК-дан тіркеуден өте алмады. Сондай-ақ тіркелген 13 адамның бірі, экс-депутат Камшыбек Ташиев талапкерліктен бас тартты. Сонымен сайлау бюллетенінде 13 графа болады: 12 талапкердің аты-жөні және «бәріне қарсы» деген пункті.
Қырғыз Республикасының президенті болып 35 жастан төмен емес және 70 жас-тан аспаған, шетел азаматы болмаған, мемлекеттік тілді білетін және елде 15 жылдан кем тұрмаған Қырғыз Республикасының азаматы бір рет қана сайлана алады. Бұрын сотталған, соттылығы алынып тасталынбаған азамат бұл қызметке сайлана алмайды.
Сонымен қатар ОСК-ға тіркелуге арыз берген талапкер белгіленген мерзімде өзін 30 мың сайлаушының қолдайтынын анықтаған құжатты тапсыруы, сондай-ақ 1 миллион сом кепілдік ақшаны ОСК-ның қорына төлеуі тиіс. Құжаттарды қабылдау уақыты аяқталғанда, тіркелмеген талапкерлердің кепілдік ақшалары өздеріне қайтарылып беріледі. Ал енді тіркелген талапкерлер сайлау күні дауыс беру құқығы бар сайлаушылардың 5 пайыз дауысын ала алса, сайлау науқанынан кейін олардың да кепілдік ақшасы қайтарылады.
Сайлау бір турмен бітетін болса, сайлаушылар дауыстарының жартысынан көбін алған үміткер президенттік қызметке сайланды деп есептелінеді.
Жалпы, сайлауға түскелі отырған 12 талапкердің барлығы да қырғыз еліне белгілі мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлері. Атап айтар болсақ, Өмірбек Бабанов, Сооронбай Жээнбеков, Темір Сариев – экс-премьер-министрлер. Бақыт Төребаев – Қырғыз Республикасы Жогорку Кеңешінің депутаты, парламенттегі «Өнүгүү-Прогресс» партиялық фракциясының лидері. Эрнис Зарлықов – Бішкек қаласының вице-мэрі (қызметін уақытша тоқтатқан). Адахан Мадумаров – «Бүтін Қырғызстан» саяси партиясының төрағасы, бұрынғы мемлекеттік хатшы (бұл қызмет қазір жойылған), Жогорку Кеңештің бұрынғы төрағасы. Әзімбек Бекназаров – адвокат, республиканың бұрынғы бас прокуроры, Жогорку Кеңештің бірнеше мәрте депутаты, «Революция бульдозері» деген лақап есімі бар. Арстанбек Абдылдаев – іскер, «көріпкел». Оның «Қыс болмайды» деген лақап есімі бар. 2011 жылы желтоқсанда «Биыл қыс болмайды», деп мәлімдеме жасап атын шығарған. Сол күндері аталған бейне таспаның орысша нұсқасын «ютубтан» 3 миллион адам көрген. Таалатбек Масадыков – генерал, қауіпсіздік саласының бұрынғы қызметкері. Ұлықбек Қошқаров – Жогорку Кеңештің бұрынғы депутаты. Тоқтайым Үметалиева – құқық қорғаушы, Үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының төрайымы. Арсланбек Малиев – «Аалам» («Әлем») саяси партиясының лидері, Жогорку Кеңештің экс-депутаты.
Қазіргі кезде екі үміткердің мүмкіндігі жоғары болып тұр. Біреуі – Сооронбай Жээнбеков. 2016 жылдың 13 сәуірінен бері премьер-министр қызметінде болған бұл кісі Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) атынан президенттік сайлауға түсетін болған соң, биылғы 21 тамызда өз еркімен отставкаға шыққан. Айта кетейік, ҚСДП-ның лидері – президент Алмазбек Атамбаев. Сооронбай Жээнбеков президент болып сайланар болса, Қырғыз елінің бүгінгі басшысының жолын жалғастырмақшы.
Президенттік сайлау Алмазбек Атамбаев үшін де үлкен сын болуда. Егер халық оны қолдаса, С.Жээнбеков президент болады. Ал қолдамаса...
Аламан жарыста Сооронбай Жээнбековпен үзеңгілес келе жатқан талапкер – Өмірбек Бабанов. Ол президент болса, «сөзсіз экономикалық секіру болады» деген пікір бар.
Жақында сайлау науқанына қатысты тосын оқиға болды. Нақтылай айтқанда, биылғы 30 қыркүйекте Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздігінің мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) Жогорку Кенештің депутаты Қанатбек Исаевты 15 қазан – сайлау күні «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және билікті күшпен басып алуға әзірлік көру» деген айыппен қамауға алды. Республиканың бас прокуратурасы оған қылмыстық іс қозғап, 48 сағаттық қамау мерзімін тергеу аяқталғанға дейінгі уақытқа ұзартты. Таратып айтсақ, Қанатбек Исаев президенттіктен үміткер Ө.Бабанов сайлауда жеңіп, бірақ оның жеңісі бұрмаланса, яғни фальсификацияланса, көтеріліс жасамақ болған екен. Қ.Исаевтың «ереуілді ұйымдастырушыларға арнап» 800 мың сом беріп жатқанын көрсететін бейнетаспа телеарнада және ғаламторда тарады. Кейбір саясатшылар, атап айтқанда, бұрын ҰҚМК төрағасының орынбасары қызметінде болған генерал Артур Медетбеков Қанатбек Исаев бойынша «акция» билік тарапынан ұйымдастырылған дейді. Ол дәлел ретінде, бейнежазу аппаратының Қ.Исаевтың бөлмесіне қойылғандығын және «акцияға» қатысқан топтардың сөздеріндегі сәйкессіздікті мысалға келтірді. Қ.Исаевтың жақтастары 800 мың сом үгіт істеріне жұмсалатын заңды ақша дегенді айтуда. ҰҚМК болса, Қ.Исаевты кінәлі деп отыр. Анық-қанығын сот шешеді. Сот 30 қарашаға дейін созылуы мүмкін.
Қазіргі таңда үміткерлер – С.Жээнбеков пен Ө. Бабанов бір-бірімен үзеңгі қағыстырып, қатар келе жатқандай көрінеді. Дегенмен, үгіт-насихат науқанының барысы көрсетіп отырғандай, соңғы күндері біріншісінің беделі артып, екіншісінің рейтингі төмендегендей. Бұған себеп, Ө.Бабановтың Ош облысына барған үгіт сапарында ұлты өзбек сайлаушылар көп тұратын ауданда «Өзбек елім, тізерлеп өмір сүргенше – тіке тұрып өлген жақсы!» деп айтқаны себеп болды. Ө.Бабановтың бұл сөзінде артық-ауыс ештеңе де жоқ. Бірақ мұны С.Жээнбековты жақтайтын бұқаралық ақпарат құралдары іліп әкетіп, әлгі сөзге басқаша сипат берді.
Сондай-ақ биылғы жылдың 4 қазанында республиканың таралым ауқымы кең телеканалы – ҚТРК (Қоғамдық телерадиокорпорациясы) сайлау ережесіне сәйкес, ақысыз пікірсайыс ұйымдастырған болатын. Оған президенттікке үміткер төрт адам қатысқан-ды. Онда жұрттың назары С.Жээнбеков пен Ө.Бабановтың өзара айтысына көбірек ауды. «Мен сені балапан кезіңнен білем, 2005 жылдан бастап қандай болғаныңды. Маған сыбайлас жемқорлықпен күреспейсің дейсің. Онымен мен күресемін, мен тазамын, ал сен күресе алмайсың. Не үшін дегенде, сенің қайда батқаныңды жақсы білемін. Менің саған 25 сауалым бар. Мен президент бола қалсам, сыбайластыққа қарсы күресті сенен бастаймын», деп С.Жээнбеков Ө.Бабановты жарға тіреді.
Өз кезегінде Өмірбек Бабанов: «Сооронбай Шәріпұлы, біріншіден, мен сізге ешқашан балапан болған емеспін. Мен сіздей шенеунік те емеспін. Қайдан байлық тапқаныңызды сіз дәлелдеп бересіз. Екіншіден, мен әрдайым бизнесте жүргенмін. Мені Бакиев қуғындап, қамай алмаған. Жээнбеков те қуғындап, қамай алмайды. Менің артымда халқым бар. Қорқытып-үркітетін сіз емессіз», деп жауап берді.
Дегенмен, Ош облысындағы оқиға және аталған телесайыс Ө.Бабановтың беделін біраз төмендетіп жіберген сияқты. Бұл жағдайлар саяси сайыста үшінші болып келе жатқан үміткер Темір Сариевке дем бергендей болды. Соңғы күндері қаражатының аздығынан үгіт істерін бәсеңдетіп алған ол сахнаға қайта көтерілді.
Президент А.Атамбаев 4 қазанда арнайы мәлімдеме жасады. Онда сайлаушылар жалған мәліметтерден қорғалуы тиіс екендігі айтыла келіп, талапкерлердің бірінің ешнәрсемен расталмаған «халықтың 65%-ы бірінші турда-ақ маған дауысын беруге әзір», деген мәліметі сөз етілген. Айта кетейік, үгіт кезінде Ө.Бабанов халықтың 65%-ы мені қолдайды деген болатын.
Сайлау бір турмен аяқталмай, екінші тур болуы да мүмкін. Ондай жағдайда дауыс көп алған екі талапкер сынға түседі. Олардың біреуі бас тарта қалса, оның орнын сайлауда үшінші көрсеткішке ие болған үміткер басады.
Назарбек САТТАР,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін
БІШКЕК