Ұлттық академиялық кітапханада өткен комиссия отырысында Мемлекеттік хатшы Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бізге ашықтық пен үздік жетістіктерге бейімділік қажеттігін айқындап бергенін айтты.
«Мемлекет тарапынан отандық ғылым мен техника саласының дамуына зор мән беріліп келе жатқанын өздеріңіз білесіздер. Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында экономиканың технологиялық тұрғыдан жаңғыруын жеделдету үшін ғылымды технология мен инновацияға бағыттау қажеттігін атап өтті. Зерттеуші ғалымдар, өндіріс жаңашылдары, ғылыми-техникалық зиялы қауым өкілдері ел экономикасының дамуына, ұлттың зияткерлік әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосып жатыр. Біз 2017 жылғы Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығын алу үшін ұсынылған, алдын ала іріктеуден өткен жұмыстарды таныстыру мен талқылау нәтижелерін қарастырамыз және тізімін бекітіп, қорытынды шешім қабылдап, Елбасына өзіміздің ұсынысымызды айтуымыз қажет», деді Мемлекеттік хатшы.
Осы орайда Г.Әбдіқалықова әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық ғылым әрі техника қайраткерлері еңбегін қоғам мен мемлекет тарапынан жоғары бағалауды білдіретінін атап өтті.
Айта кетейік, екі жылда бір рет жеті сыйлыққа дейін берілетін бұл сыйлықты Мемлекет басшысы Тәуелсіздік күні қарсаңында тапсырады деп күтілуде. Биылғы жылы мұндай марапатты алу үшін барлығы 24 жұмыс түсіп, алдын ала іріктеуден соң екінші кезеңге оның 11-і өткен. Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2017 жылғы Мемлекеттік сыйлықтың ақшалай көлемі 18,6 млн теңгені құрайды. Комиссия отырыс қорытындысы бойынша сыйлықты беру үшін Мемлекет басшысының қарауына ұсынылатын жұмыстардың тізімін айқындады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»