Қазақстан • 09 Қазан, 2017

Өңірлерді дамытудың маңызды факторы

699 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында бизнестің жағдайын түбегейлі жақсарту және елдің экономикалық дамуында шағын және орта бизнестің рөлін арттыру Үкімет пен әкімдердің алдына қойылған маңызды міндеттердің бірі болып айқындалды.   

Өңірлерді дамытудың маңызды факторы

Бұл кәсіпкерліктің экономиканы және түрлі салаларды дамытуға, сондай-ақ жұмыс орындарын құруға және жұмыспен қамтуға жасайтын ықпалымен байланыс­ты. Мәселен, дамыған елдерде кәсіпкерлік көбінесе экономикалық өсудің әлеуеті мен перспективасын айқындайды. Шағын және орта бизнес инновацияларды дамытуда, экономиканы әртараптандыруда, орта тапты қалыптастыруда басты рөл атқарады. Бизнес экономикаға және ха­лық үшін қажетті инвестициялық, инфра­құ­рылымдық, инновациялық жобалардың елеулі бөлігін іске асыруға жәрдемдеседі. Өз кезегінде, бизнестің сапалық сипаты іске асырылатын жобалардың деңгейіне әсер етеді. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту бүкіл ұлттық экономиканың, сондай-ақ жеке алғанда, әрбір өңір экономикасының стратегиялық өсу ресурсы болып табылады. Бизнестің әлеуетін арттыру, тартымды және ынталандырушы іскерлік ортаны құру өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға оң әсерін тигізеді, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада орнықты даму үшін жағдайлар жасайды. 

Елімізде халықтың басым бөлігі қазіргі таңда жекеменшік компаниялар мен ұйымдарда жұмыс істейді. Соңғы жыл­дары халық арасында бизнестің тартым­дылығы артып отырғандығы байқа­лады. Мұны шағын және орта бизнесте жұ­мыс істейтіндер саны 2013 жылғы 2,5 мил­лион адамнан 2016 жылы 3,2 мил­лионға дейін өскені көрсетіп отыр. Шағын және орта бизнес секторында жұмыс­пен қамтылғандардың неғұрлым жоғары деңгейі Астана мен Алматы қалалар­ын­да байқалады. Бұл қалаларда жалпы жұ­мыспен қамтылғандардың 60%-ға жуығы шағын және орта бизнесте жұмыс істейді, ол дамыған елдерге тән көрсеткіш. 

Бүгінгі таңда ел өңірлерінде кәсіп­кер­лік белсенділіктің деңгейі әртүрлі. Республика бойынша шағын және орта бизнес өнімі өндірісінің елдің ішкі жалпы өніміндегі орташа үлесі 2016 жылы 26,8% болған жағдайда, өңірлік экономиканың құрылымында шағын және орта бизнес­тің неғұрлым жоғары үлесі Астана мен Алматы қалаларында – тиісінше 57,4% және 33,7%, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында – 41,9%. Яғни, елде өндірілетін шағын және орта бизнес өнімінің 50%-дан астамы осы өңірлерге тиесілі. 

Шағын және орта бизнес секторында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жартысы елдің басты агломерациялары болып табылатын Астана, Алматы қалаларында, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында орналасқан. Мәселен, шағын және орта бизнес субъектілерінің неғұрлым көп саны Оңтүстік Қазақстан облысында – 15,2%, Алматы қаласында – 14,9%, Алматы облысында – 12%. Ал бірқатар басқа өңірлерде бұл көрсеткіш едәуір төмен болып отыр. 

Осыны ескеріп, кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту саясаты жер­гілікті басқарушы органдардың даму бағ­дар­ламаларында маңызды басым­дықтар­дың бірі болуы тиіс. 

Жалпы, Қазақстанның үшінші жаңғы­руы міндеттерін іске асыру, сондай-ақ кә­сіп­керлік саласындағы проблемалар­ды шешу үшін бизнестің жағдайын жақ­са­рту, шағын және орта бизнестің және жал­пы отандық бизнестің бәсекеге қабілет­тілігін арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдау талап етіледі. 

Бүгінгі таңда әкімшілік тосқауылдар және күрделі мемлекеттік рәсімдер, ұзақ мер­зімді капиталдың және білікті кадр­лардың тапшылығы, инфрақұрылымдық және институттық сипаттағы кедергілер, бәсе­келестіктің жеткіліксіз деңгейі отан­дық кәсіпкерлердің негізгі проблемалары болып табылады. Мысалы, рұқсаттар, лицензиялар мен сертификаттарды жедел және ашық алу бойынша проблемалар бар. Сарапшылардың бағалауынша, барлық тіркеулерден өту, жер учаскесін, рұқсаттар, қорытындылар алу, желілерге қосылу үшін көбінесе бір жылдан астам уақыт кетеді, бұл іскерлік және инвестициялық белсенділікті елеулі тежейді. 

Сондай-ақ кәсіпкерлерді өздерінің идеялары мен жобаларын ұзақ мерзімді қаржыландыруға қол жеткізу мәселелері тол­ғандырады. Осыған байланысты Мем­­лекет басшысының Жолдауында биз­нес­­тің жағдайын түбегейлі жақсарту және кеңейту жөнінде нақты міндеттер қойыл­­ды. Біріншіден, түрлі салалық бағ­­дар­­ламалар шеңберінде отандық бизнес­­тің қаржы ресурстарына қол жеткі­зуін арт­­тыру маңызды. Осы ретте, осы жылы «Биз­нес­тің жол картасы-2020» бағдар­ламасы шең­берінде 1 341 жоба субсидия­лан­ды, со­ның ішінде 122,21 млрд теңге кре­­дит­тер және 23,46 млрд теңге субсидия­лар бе­ріл­ді. 653 жоба бойынша 22 млрд тең­ге жал­пы кредиттер сомасына кепілдер берілді. 

Бұған қоса осы жылдан бастап нә­тижесі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама нәтижелі жұмыспен қамтуды арттыруға, ауылдар мен қалаларда кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға, кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға бағытталған. Бұл бағдарлама шеңберінде 2017 жылы шағын микрокредиттеуге 37 млрд теңге жоспарланған, соның ішінде қалаларда – 10 млрд теңге, ауылдық жерлерде – 27 млрд теңге. 

Жалпы, мемлекет қабылдап отырған шара­лар шағын және орта бизнес өндірі­сінің өсуіне жәрдемдесті. Мәселен, 2017 жылдың бірінші тоқсанының қоры­тындылары бойынша шағын және орта бизнестің өнімі 2016 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 32,4%-ға өскен. Аталған шараларды іске асыру арқылы 350 мыңға жуық жұмыс орындарын құру және сақтап қалу мүмкін болды. 

Екіншіден, әкімшілік кедергілерді түбегейлі азайту және реттеуші ортаны жетілдіру. Бұл бойынша Мемлекет басшысының Жолдауы аясында ба­қы­лау-қадағалау қызметін тексеру және оңтайландыру жөнінде жұмыс жүзе­ге асырылады. Негізгі міндет құқық бұзу­шы­лықтардың алдын алуға және ескертуге бағытталған бақылауға көшу болып табылады. Сондай-ақ мемлекеттің эко­­но­микаға қатысуын төмендету, іскер­лік және монополияға қарсы реттеу са­ласында ЭЫДҰ стандарттарына көшу, ин­вестициялар тарту бойынша жұмыс ат­қарылуда. «Ақылды реттеу» ұстаным­дарын, соның ішінде жергілікті деңгейде іске асыру, рұқсат ету жүйесін реттеп, же­тілдіру, салықтық реттеуді төмендету, кәсіпкерлік субъектілерінің артық есеп­тілігін және бизнестің жаппай шығын­дарын оңтайландыру әкімшілік кедер­гілерді азайтуға септігін тигізеді. 

Өткен жылы енгізілген өзін-өзі реттеу институты одан әрі дамытуды талап етеді. Бұл институт ерікті негізде экологиялық аудитте, салық консультацияларында, өрт қауіпсіздігінде қызмет етеді. Осы ретте аталған институтты басқа салаларға, атап айтқанда, бағалау, нотариаттық, адвокаттық, аудиторлық және басқа да қызмет түрлеріне енгізу өзекті болып отыр. Мемлекеттік реттеу шығындарын тө­мендетуге реттеу ықпалына, соның ішін­де жергілікті басқару деңгейінде талдау жасау институтын кеңейтуге жәр­демдесетін болады. Қазіргі кезде Үкімет бизнеске әкімшілік жүктемені одан әрі төмендетуге бағытталған тиісті заң жобасын әзірледі. 

Үшіншіден, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бизнесті қолдау инфрақұрылымын дамыту мақсатын­да өңірлерде шағын және орта бизнестің жобалары үшін көлік-логистикалық ин­ф­рақұрылымды, соның ішінде индус­триялық аймақтарды және елдің инно­вациялық орталықтарын дамыту бас­талды. Осындай бағыттың шеңберінде шағын және орта бизнестің энергетикалық және коммуналдық желілерге жедел қосу, жер учаскелеріне, бос үй-жай­лар­ға, қоймаларға, көлік дәліздеріне, индус­триялық және арнайы экономикалық аймақ­тардың артықшылықтарына еркін қол жет­кізу мүмкіндіктерін арттыру, өңір­лерде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­циялардың қызметін жетілдіру маңызды міндет болып табылады. 

Сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріп­тестігі әлеуетін толық ашу қажет. Соң­ғы кезде аталған құрал көптеген өңірлерде әлеуметтік объектілердің – балабақшалар мен мектептердің құрылысында белсенді қолданылып келеді. Бұл ретте осындай тәжірибені инфрақұрылымдық және өндірістік жобаларда пайдалану өзекті болып отыр. 

Шағын және орта бизнестің қолдау инфрақұрылымын дамытуға бизнес инкубаторларын, заманауи зияткерлік сервистерін, коворкинг орталықтарын, G2B, В2В, В2С шеңберінде өзара іс-қи­мылдың жаңа форматын дамыту септі­гін тигізеді. Бұған қоса, биыл Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойын­ша индустриялық аймақтардың қызметін реттеу мәселелері туралы заң жобасы әзірленді. Ол шағын және орта бизнес субъектілеріне қызмет көрсету ашықтығын едәуір арттырады. 

Төртіншіден, кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту үшін экономи­каның перспективалық салаларына білікті мамандар мен кадрларды дайындау, бизнес дағдыларын арттыру маңызды міндет болып табылады. 

Халықаралық сарапшылардың пі­кі­рінше, бизнестің көптеген проблемалары менеджменттің және бизнес стра­тегиясының проблемаларымен байланыс­ты. Осыған қатысты кәсіби және білікті мамандар дайындау, бизнес дағдыларын да­мыту үшін мемлекет кәсіпкерлердің бі­ліктілігі мен құзыреттерін арттыру тетік­терін әзірледі. Мысалы, нәтижелі жұмыс­пен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде «Бастау биз­нес» – кәсіпкерлік негіздеріне оқыту көз­делген. Осындай оқыту көптеген кәсіп­кер­лерге, әсіресе, ауылдық жерлерде өзінің кәсіптік өсу жолында бірінші қадам жасауын қамтамасыз етуі тиіс. Жыл сайын кемінде 30 мың адамды оқытумен қамту жоспарланған. 

Бесіншіден, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру бойынша жұмыстың маңызды бағыты өңірлік деңгейде іскерлік жағдайды жақсарту және бәсекелестікті дамыту жөніндегі шараларды жандандыру болып табылады. 

Биыл барлық өңірлерде жаппай, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту жөнінде жоспарлар әзірленді. Бұл жоспарларда нақты іс-шаралар кешені көзделген. Осындай шаралардың негізінде өңірлерде шағын және орта бизнесті дамытудың кешенді және жүйе­лі ұстанымын қалыптастыруға, кәсіп­керліктің рөлі мен мүмкіндіктерін ар­ттыруға, жергілікті және орталық бас­тама­ларды үйлестіруге жағдайлар жасалады. Сондай-ақ өңірлерде іскерлік ортаны жақсарту үшін арнайы сыйлықақы тағайындалып, бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін өткізу көзделген. Бұл өңірлерге бизнесті дамыту саласындағы әлсіз тұстарын анық­­тауға, екінші жағынан, іскерлік жағ­­дайды жақсарту бойынша жұмысты жү­йе­леуге мүмкіндік береді. Осылайша, қолай­лы іскерлік жағдайды қалыптастыру жер­гілікті атқарушы органдардың қызметі тиім­ділігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады. 

Жалпы, Мемлекет басшысының Жол­дауында кәсіпкерлікті дамыту бойынша көзделген шаралар қазіргі заманғы жағ­дайда экономиканы жаңғырту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру талаптарына сай келетін қолайлы бизнес ортаны қалыптастыруға бағытталған. 

Мақсат МҰХАНОВ, 
Президент Әкімшілігі
Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі