Ауқымы кең іс-шара жыл сайын өз алаңында беделді саясаткерлерді, әлемдік және отандық бизнес көшбасшыларын, инвестициялық корпорациялар мен қаржы институттарын және халықаралық ұйымдар басшыларын жинайды. Осылайша, әлемнің әр түкпірінен келген түрлі бизнес өкілдері жоспарларымен бөлісіп, түрлі ұсыныстар айту арқылы мақсат тілектерін бір арнадан тоғыстырады.
Іс-шараны жүргізген отандық тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының негізін қалаушылардың бірі Арманжан Байтасов биылғы басқосудың маңыздылығына тоқтала келіп, форумның басты ерекшелігі оның бизнес міндеттерге толық бейімделуінде екенін айтты. Яғни форумның басты міндеті – шетелдік инвесторларды тарту, сондай-ақ іске асырылған жобалармен қатар, инвестициялар салуды қажет ететін келешек жобалардың тұсауын кесу. Бұдан бұрын өткен форумның қорытындысы бойынша қазіргі кезде 7,7 млрд теңгенің 5 жобасы іске асырылып, 1230 жұмыс орындары құрылған.
Биылғы бағдарламада логистика, білім, тамақ өнеркәсібі және кино өндірісі тақырыбына арналған 4 бағыт бойынша өзекті мәселелер легін ортаға салу көзделген. Осы жылы кино продюсерлерін инвестициялау үшін Алматы қаласының тартымдылығына арналған теңдесі жоқ сессия өткізу туралы шешім қабылданды. Қатысушылар жобаларды продюсерлеу бойынша өзара тәжірибе алмасып, кино мектептерін құру жайлы жоспарларын ортаға салды. Форум аясында кино және ТВ-үдерістерін ұйымдастыруды жеңілдететін құралдардың тұсауын кесу де назардан тыс қалмады. Мамандардың айтуынша, бұл өз кезегінде салаға салынатын инвестициялардың ағымын ынталандыруға мол септігін тигізбек.
– Соңғы бес жылда қала халқының саны екі есеге ұлғайған. Үш миллионға жуық халық шоғырланған мегаполистің экономикалық әлеуеті артып, инвестициялық тартымдылығы да дами түскен. Алматы бизнес пен жеке капиталдың қаласы. Соңғы екі жылдың өзінде жеке инвестициялар көлемі 25%-ға, ал шетелдік инвестиция 20%-ға өскен. Әлемдік рейтинг негізінде 2016 жылдың қорытындысына сәйкес Алматы әлемдегі өмір сүруге қолайлы, қымбат емес қалалардың қатарынан табылған. Мұның бір ғана мысалы, Алматыға 2-3 күнге жай ғана гольф ойнап қайту үшін Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдердің азаматтары арнайы келеді екен. Алматы еліміздің қаржы орталығы ғана емес, руханият пен мәдениеттің көркем көрініс тапқан мекені. «Almaty Invest 2017» форумы көптеген игі бастамаларға жол ашады деген сенімдеміз – дейді форумның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде қала әкімі Бауыржан Байбек.
Логистикаға, білімге, тамақ өнеркәсібіне және кино өндірісіне арналған негізгі талқылау сессияларынан басқа, форум шеңберінде «Халықаралық инвестициялық тәжірибе» тақырыбында ТВ-талқылау өтті. Талқылау барысында инвесторлар мен экономистер мегополиске шетелдік инвестицияларды тартудың үздік әлемдік тәжірибесі жайлы айтты.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ