ЭКСПО-2017 • 09 Қазан, 2017

ЭКСПО: Университет таңдаған жобалар

47 реткөрсетілді

ЭКСПО халықаралық көрмесінде көрсетілген жаңа технологиялар мен инновациялық жобаларды елімізідің университеттері де қолданып, тәжірибе жүзінде енгізе бастамақ. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында жан-жақты айтылды.

Журналистермен кездесуде Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлзат Көбенова ЭКСПО кезінде жоғары оқу орындарының ғалымдары, оқытушылар құрамы шетел павильондарында өткен көптеген семинарға қатысып, әріптестерімен ынтымақтастықты дамыту жөнінде меморандумдарға қол қойғанын айтты. Олардың ішінде жаңғырмалы энергияны тиімді пайдалану, әлемдік білім саласындағы оқыту тәсілдері мен әдістемелерді тәжірибеге енгізу секілді жобалар бар.  

Баспасөз мәслихатына бірнеше университеттің басшылары да қатысып, нақты қандай жобалар таңдалып алынғанын, шетелдік әріптестерімен қандай мәмілеге келгендерін тарқатып айтып берді. Мысалы, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің бірінші проректоры Аристотель Исағұловтың айтуынша, бұл университет Анхальт қолданбалы ғылымдар университетімен арнайы меморандумға қол қойыпты. Алдағы уақытта оқу орындар өзара бірлесіп, баламалы энергия саласында бірлескен зерттеулер жасамақ.

Сондай-ақ, қарағандылық университеттің «Энергетика, автоматтандыру және телекоммуникация» факультеті кафедраларының меңгерушілері Францияның павильонында ұйымдастырылған «Болашақ энергиясы үшін таланттарды дамыту» атты дөңгелек үстел жиынына қатысып, шетелдік сарапшылардың ой-пікірлерімен танысып қайтқан. Енді осы жиында көтерілген мәселелер бойынша білім ордасы биылғы 26 қазанда «ЭКСПО көрмесінің энергетика саласындағы мамандарды даярлауға әсері» атты өңірлік ғылыми-практикалық конференция өткізуді жоспарлап отыр.  Бұған қоса, болашақ энергетиктер үшін баламалы энергетиканың жетістіктерін пайдалану перспективалары, Германияның күн энергиясын жеткізу жүйелерін қолдану тәжірибесі, Еуропа елдеріндегі энергетика саласы мен оның дамуы және «ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылған энергияны үнемдеудің заманауи технологияларын қолдану тақырыптарында дәрістер сериясын өткізу көзделуде.

Ал М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Жұмахан Мырхалықов ЭКСПО көрмесі ғалымдардың өзара тәжірибе алмасуына үлкен мүмкіндік жасағанын айта келіп, жаһандық алаңда 6 мыңнан астам әртүрлі іс-шара ұйымдастырылғанын жеткізді. «Соның ішінде атақты ғалымдар қатысқан  Бүкіләлемдік инженерлік форум, «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы халықаралық форумы, «КазЭнерджи» еуразиялық  форумды атап өтуге болады. Мұндай үнқатысу алаңдары ғалымдар мен оқытушылардың әрі қарайғы жұмысына ерекше серпін берді. Алдағы уақытта білім мен ғылым саласында көптеген отандық тың жобалар пайда болатынына сеніміміз мол» дейді ректор.

Оңтүстік Қазақстан универистетінің де ЭКСПО-ның арқасында қолжеткізген табыстары аз болмапты. Оқу ордасы Германия, Қытай, Түркия, Украина, Ресей, Белоруссия ғалымдарымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде бірқатар меморандумға қол қойған. Нақтырақ айтқанда, Германиямен күн энергетикасын дамыту жөнінде келісімге келген. Неміс ғалымдары университетке арнайы келіп,  осы саладағы отандық ғалымдардың еңбектерімен танысқан. Соның нәтижесінде шалғай өңірлердегі фермерлік қожалықтарды баламалы энергия көздерімен қамтамасыз ету үшін мобилді гелио-құрылғылар жобасы дайындалған. Бұл жоба Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған конкурсқа жіберіліп, МОРЕВА Европалық бағдарлама бойынша қаржыландырылуға ұсынылған. Болашақта аталған жоба негізінде отандық гелио-құрылғылар өндірісі  басталуы мүмкін. Бұл өндіріс орны еліміздің өзге өңірлерінен де жоғары сұранысқа ие болып, экспорт потенциалына да ие болуы әбден мүмкін, дейді ректор.  

Оңтүстік Қазақстан университеті ұсынған жобалардың біріне қытай ғалымдары да ерекше қызығушылық танытыпты. Олар биогаз бен серіктес газдарды аулау бойынша технологияны ЭКСПО көрмесінде таныстырған. Міне, осы жобаға байланысты білім ордасының ғалымдары Қытайға арнайы шақыртумен барып, Солтүстік-Қытай энергетикалық университеті мен Пекин мұнай университетінің өкілдерімен кездесіп қайтқан. Екіжақты кездесудің қорытындысы бойынша бірлескен жобалар жасау жөнінде меморандумға қол қойылып, арнайы үйлестіру кеңесі құрылған.

Баспасөз мәслихатына С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Гауһар Ахметова да қатысып, өздері таңдап алған жобалар жөнінде айтып берді. Ректордың айтуынша, университет ғалымдары табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық тазалықты сақтау тақырыбында 15 инновациялық жұмыс ұсынған. Ал  ЭКСПО көрмесін аралап шыққан университеттің өкілдері Павлодар облысында жүзеге асыруға болатын 4 жобаны таңдап алыпты. Олар: Германияның желэнергетикалық және Түркияның жел генераторы құрылғылары, биоотын негізінде жұмыс істейтін  құбырлы қондырғы мен «көгілдір көмір» технологиясы. Келешекте университет үндістандық күн батареясымен жұмыс істейтін автономды шамдар жобасын жүзеге асырмақ. Сонымен қатар, білім ордасының ғалымдары адам аяғы жүрген сайын энергия жинақтайтын «ақылды жаяу жүргіншілер жолағын» да Павлодарда енгізуді ұсынып отыр.  

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар