«Егеменнің» осы жылғы 15 қыркүйектегі санында журналист Жақсыбай Самраттың «Біз осы қандаймыз?» атты мақаласы жарияланған еді. Осы дүниені оқып отырып, өзекті дүние болған соң мен де ой-пікір жазуды жөн көрдім.
Қазір, шүкіршілік, халықтың тұрмысы өте жақсы. Той-думан, құдайы ас беру, сүндет тойы – бәр-бәрі де аста-төк болып, мол болып жатады. Дастарқан үсті кең құлаш, көл-көсір. Кафе, дәмханаларда кезекке тұрғандар қаншама? Бірақ, кейінгі кезде бәсекелестік көбейіп, шектен шығу дегенге орын беріліп бара жатыр. Міне, осындайлар тойдың сәнін кетіреді.
Жақында бір ініміздің баласы үйленді. Ағыл-тегіл шашудың аяғында ауыл-аймаққа деп бір ағамыздың алақанына бір пәшкі мың теңгеліктер салды. Анау болса оны уыстап, оңды-солды шашты... Бұл қайдан шыққан дәстүр? Мырзалық деген осындай бола ма екен? Ақша деген қағаз болса да маңдайтер, табан ақының өтеуі емес пе, оны шашу өзіңе де өзгеге де құрмет емес қой... Осы шектен шығу емес пе?
Тағы бір мысал. Бір ағамыздың үйі мықты кәсіпкер-заңгермен көрші еді. Ол кісі іргелес, ортақ дуалды әктейін деп көршісінің дарбазасын ашып, ішіне кіріп, құмсылақ жасайды. Ал көршісі болса менің рұқсатымсыз дарбазамды аштың деп талтүсте полиция шақыртады. Бұған қандай уәж айтуға болады? Үй арасында үй жоқ екі көрші болмашыға бола қазір дүрдараз болып кетті. Осыған кім кінәлі?
Исатай Елубаев біздің елдің сыйлы азаматтарының бірі еді. Жазмыш шығар, зейнеткерлікке де жетпей дауасыз дерттен кенеттен көз жұмды. Ол кезінде обкомның бірінші хатшысының көмекшісі, бөлім меңгерушісі секілді қызметтерді абыроймен атқарды. Облыстық жастар ұйымында жұмыс жасап, артынан қалалық жастар ұйымын басқарды. Соңғы кездері облыстық мәслихаттың аппаратында еңбек еткен еді. Қалалық кеңеске бірнеше рет депутат болып сайланды. Жаны жайсаң азамат ән-жырды жақсы көретін әрі айтулы домбырашы еді. Отырған жерін ән-күйге бөлеп, халықты әбден риза қылатын.
Міне, осы азаматтың дүниеден озғанына жақында 10 жыл толды. Азаматтың жарқын есімі ұмытылмасын деп тұрғындардың қозғауымен оның атына Қызылорда қаласынан бір көшенің аты беріліп, ескерткіш тақта орнатылды. Осы іске бастамашы болған ономастикалық комиссия, қалалық мәслихат пен әкімдікке халық риза болды.
Бәрі жақсы-ау, бірақ «жақсылық қылсаң бүтін қыл» дегенді қызылордалық шенеуніктер білмейді екен. Көшенің атын беру рәсіміне қаланың ардагерлері, қонақтар, марқұмның Астанадан, Алматыдан келген туыстары бар – көп адам жиналды. Көшені өзіміз ашып, ескерткіш тақта қойдық. Бірақ жергілікті билік қымс етпеді...
Адамның көңілі шарайна ғой. Марқұмның алыс-жақыннан келген туыстары да, жақын жора-жолдастары да билік басында отырғандардың осындай немкетті істеріне көңіліміз құлазып тарастық. Олардың халықтың көңілін көзге ілмей, отырған орынтағын бәрінен жоғары қоятын мінездері қарын ашырды. Біз осы қандай болып бара жатырмыз, ағайын?
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, ардагер журналист.
Қызылорда.