Үкімет • 10 Қазан, 2017

Үкімет басшысы Бозымбаевқа сөгіс жариялауды ұсынып, вице-министр Мағауовты жұмысынан босатты

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс жариялау туралы ұсыныс енгізеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында белгілі болды.

Үкімет басшысы Бозымбаевқа сөгіс жариялауды ұсынып, вице-министр Мағауовты жұмысынан босатты

«Мен мынадай шешім шығарамын. Үкімет мүшелеріне қатысты тәртіптік шараларды ел Президенті қабылдайтындықтан, мен бүгін Мемлекет басшысының атына Энергетика министрі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевқа сөгіс жариялау туралы ұсыныс енгіземін", деді Сағынтаев. 

«Вице-министрлерге келсек. Бұл менің құзырымда. Сондықтан энергетика вице-министрі Әсет Мағауовқа қатысты қызметінен босату туралы шешім қабылдаймын. Бүгін кеңсе үкіметтің осындай шешімін дайындасын», деді Премьер-министр.

Еске салайық, бүгін өткен үкімет отырысында Сағынтаев министрден неліктен елде АИ-92 бензині тапшы екенін сұраған еді. «Жанар-жағармай нарығында қалыптасқан жағдайға назар аударамын. Өңірлерде дефицит байқалып отыр, бензин шектеумен, ал кей жерлерде тіпті талонмен сатылуда. Салдарынан баға өсіп кетті. Алайда, Қанат Алдабергенұлы (Бозымбаев - Авт.), үкіметтің өткен отырысында барлық проблеманы шешуге уәде бергенсіз, бірақ жанар-жағармай бойынша жағдай шешілмеді, яғни жағдай тұрақтанбады. Бұл қашанғы жалғаса бермек?», - деді Сағынтаев үкімет отырысында.

Қанат Бозымбаев 2017 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша АИ-92 қоры 292 мың тонна болғанын, ал қордағы бензинді тұтыну кезеңінен кейін мұнай базаларында бұл көрсеткіш 140 мың тоннаға азайғанын, мұның тұтынуға 15 күнге жететінін айтты. «Орташа баға 11 пайызға өсті. Ал импорт үлесі шілдедегі 15 пайыздан қыркүйектегі 30 пайыздан, қазандағы 40 пайызға дейін өсті. Бұл жерде дефицит сөзін қолдану дұрыс емес, елде дефицит жоқ», - деді министр.

«Сөзіңіз аузыңызда, елде дефицит болмаса, кезек қайдан шығып отыр? Халық түсінбейді ғой», - деді Премьер-министр.

Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «ҚазМұнайГаз» вице-президенті Данияр Берлібаевты қызметінен босатты. Үкімет басшысы ұлттық компания вице-президенті елдегі бензинге қатысты ахуалды реттеуде өзінің міндетін орындай алмағандығын баса айтты.

«Премьер-Министр және «Самұрық-Қазына» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы ретінде өз міндетін тиісті деңгейде орындай алмаған «ҚазМұнайгаз» басқармасы төрағасына сөгіс түріндегі тәртіпті жазаны белгілеу бойынша шараларды белгіленген тәртіппен қабылдауды тапсырамын. Сонымен қатар өз міндетін тиісті деңгейде орындай алмаған «ҚазМұнайГаз» ҰК» басқармасы төрағасының орынбасары Данияр Берлібаевтың өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдау қажет», - деді Бақытжан Сағынтаев.