Мемлекеттік қызметкерлердің заңсыз әрекеттерін жауыр аттың жауырынан сипайтындай күндер артта қалып барады. Бұл жолы екінің бірінің тісі бата бермейтін мемлекеттік кірістер басқармасының басшылары мен жауапты мамандарына табаға шыжғырылғандай күй кештіріп, ең дөкейіне қызметіне толық сай емес деген шешім шығарылды.
Сөйтсе, олар әлеуметтік және зейнеткерлік төлемақылар бойынша қарызға белшеден батқан кәсіпорынды шағын бизнес нысанына жатқызып, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ғана айыппұл салған. Жергілікті салықты толықтыруға кірісудің орнына орта кәсіпкерлік субьектісін 212 миллион теңге айыппұл төлеу мүмкіндігінен айырған. Кассаны пайдалануға шектеу қойылғанына қарамастан, есеп айырысу жалғасып, істі қарау мерзімі негізсіз шегерілген. Осы уақыт аралығында серіктестік шағын бизнес ұйымы ретінде қайта тіркеліп, жауапкершіліктен жалтарып кеткен. Қадағалаушы органның бұл тірлігі ешқандай заң нормаларымен сыйыспайтыны беттеріне басылып, бұл мәселеге алдағы уақытта тағы да оралатыны атап көрсетілді.
Алайда, әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері басын қатты бастағанымен М.Жұмабаев ауданы Александровка ауылдық округінің әкімі Қайыргелді Байтақовтың мәселесін майшаммен қарауға келген кезде солқылдақтыққа бой алдырғандай болды. Сірә оның сыра ғана ішкен едім деген «уәж» көңілдерін босатып жіберсе керек. Шешім қабылданарда пікір екіге жарылды. Департамент жетекшісі – әдеп кеңесінің төрағасы Ғ.Тұрсынбаевтың жұмыс кезінде ішімдікке салынғандар қатаң жазаланып, жұмыстан босатылуы тиіс деген ұсынысына өзгелері ұлардай шулап, қатаң сөгіс жариялансын деп жер табандап отырып алды. Осылайша «қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ» деген мәтелдің өңі айналып шыға келді.
Бұған дейін Сергеевка қаласының әкімі, Айыртау ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекшісі, Петропавл қалалық әкімдігінің аппарат басшысы, Шал ақын ауданындағы Семиполка ауылдық округінің әкімі «ақмағамбетпен» буын босатып, көлікпен желше жүйткігендері үшін бірі қызметтен босап, бірі өз еркімен кеткендерін ескерсек, жаза қолдануда кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін ар-ұяттың еншісіне қалдырайық.
Айтып-айтпай не керек, абырой-беделі жоғары, қызметінен ат үркетін мақтаулы басшы қалың қолды басқарудан шеттетілген қолбасыдай жер шұқып қалды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы