Аймақтар • 10 Қазан, 2017

Шымкентте еңбек династияларының облыстық форумы өтті

627 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында «Еңбек күніне» арналған жұмыскерлер мен еңбек династияларының облыстық форумы өтті.

Шымкентте еңбек династияларының облыстық форумы өтті

Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев барша еңбек қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, осы салада ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлер мен қызметкерлерді марапаттады.

«Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мен «Мәңгілік ел» идеясы, «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» еңбегі қоғамда үлкен серпіліс туғызып, ел дамуының ұзақ мерзімді бағдарларын айқындады. Біздің қазіргі қол жеткізген жетістіктеріміз – баспалдақ іспетті. Оның әрбір баспалдағы құрылысшы, ұстаз, дәрігер, ғалым, аспазшы, сақшы, егінші, қарапайым жұмысшының еңбегімен, оның маңдай терімен құралатыны айдан анық. Қазіргі таңда еліміздің экономиқалық қуатын арттыруға, мәдени мұрасын жаңғыртып, рухани әлемін байытуға өлшеусіз үлес қосып отырған Оңтүстік азаматтары біз үшін мақтаныш», - деді әкім.

Бұл күні өз саласында талмай еңбек етіп, өз ісінің білгірі атанған 27 азаматқа облыс әкімінің Грамотасы мен Алғыс хаты, облыстық «Нұр Отан» партиясының алғыс хаты, ҚР «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» және «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісі табысталды. Сондай-ақ, мерекелік жиында «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздары да құрмет пен қошеметке бөленді.

Айта кету керек, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасы талаптарын сақтауын ынталандыру мақсатында 2016 жылы алты, ал, 2017 жылы он кәсіпорынға, мәселен, «Стандарт цемент», «Ордабасы құс» «Завод Триумф ММС» ЖШС-гі сынды бірқатар өндіріс орындарына сенім сертификаты табыс етілген.

Облыста ұрпақтан-ұрпаққа отбасылық құндылықтарды жеткізіп, жоғары кәсіби мамандар әзірлеуге үлкен үлес қосып отырған еңбек әулеттері жетерлік. Мысалы үшін, Арыс қаласында еңбек өтілі 475 жыл болатын теміржолшы Жаңабаевтар династиясы тұрады. Теміржол саласында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып еңбек етіп келе жатқан бұл әулетте 17 теміржолшы бар. Мұнан бөлек, Ордабасыда еңбек өтілі 600 жылды құрайтын ұстаздар династиясы тұрады. Ысқақовтар әулетінің 20 мүшесі мұғалімдікті меңгерген.

Сонымен қатар, Сарыағаш ауданындағы Юсуповтар жанұясы қаржы мамандығын таңдап, өңір экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Еңбек өтілі 128 жылды құрайтын қаржыгерлер династиясында бес азамат осы салада қызмет атқарады. Ал Түркістан қаласындағы Оразбаховтар әулеті ата жолын қуып, орманшы мамандығын меңгеріп еліміздегі «Жасыл ел» бағдарламасының іске асуына өз үлестерін қосуда. Бұл отбасының осы салада 46 жылдық еңбек өтілі бар.

Жалпы облыста Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 29,5 мың адам жұмыспен қамтылса, оның 19,2 мыңы жастар.