Медицина • 11 Қазан, 2017

Бейбіт Атамқұлов: Зымыранды құлату ауданына қатысты алаңдауға негіз жоқ

419 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Үстіміздегі жылдың 6 қазанында Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Торғай ауылында Жер орбитасына ғарыштық аппараттарды жеткізетін «Союз-2» зымыран-тасығышы ұшырылған жағдайда оның аталған ауданның тиісті аумағына зиянды-зиянсыздығы кеңінен талқыланған қоғамдық тыңдау өткен болатын. Қоғамда айтарлықтай пікірталас туғызған мәселеге байланысты оның анық-қанығына көз жеткізу мақсатында біз Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВПЕН әңгімелескен едік.

Бейбіт Атамқұлов: Зымыранды құлату ауданына қатысты алаңдауға негіз жоқ

– Әңгімемізді қоғамдық тың­дау­да нақты қандай мәселелер талқы­лан­ға­нынан бастасақ.

− Қоғамдық тыңдауда «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» зымыранын ұшырған кезде ғарыш аппараттарының полярлы орбитаға бөлінуі барысында оның қоршаған ортаға тигізер әсерін бағалауға байланысты мәселе көтерілген еді. Іс-шараға Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов, сонымен бірге орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жетекшілері, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қарамағындағы ұйымдар, «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы (РФ) мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Өзім де сонда болдым.

Тыңдау халық тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Себебі аталған іс-шара аясында Қостанай облысындағы Жангелдин ауданын «Союз-2» зымыран-тасығыштарды жаңа жолмен ұшыру кезінде олардың алғашқы сатысының бү­йірлік блоктарының құлау ауданы рет­інде пайдалану мүмкіндігі қарас­тырылды.

− Құлау ауданы не үшін қажет?

− Жоғарыда аталған құлау ауданы «OneWeb» ірі халықаралық жобаны жү­зеге асыру үшін қажет. Бұл жобаның ая­сында 2019 жылға қарай мобильді спутниктік байланыс технологияларының көмегімен бүкіл әлемдегі интернет пайдаланушыларды, оның ішінде аймақтарды да желіге кең жолақты қатынаумен қамтамасыз ету жоспарланған.

− Жаңа құлау аймағын ашуды қарастырудың қандай кезеңдері бар? Және ол қалай жүзеге асырылады?

− Қазақстан Республикасы аумағында жаңа құлау ауданын ашу мәселесін қарастыру рәсіміне келетін болсақ, соң­ғы шешім қабылданғанға дейін жа­ңа құлау ауданын ашу мәселесі мамандар тарапынан көптеген критерийлер (техникалық, экологиялық, құқықтық және т.б.) бойынша жан-жақты қарастырылады, мүмкін болатын барлық нұсқалар есептеліп, жоспарланатын қызметінің аймаққа әсер ету деңгейі болжамдалады.

Негізгі бағалау критерийлерінің бірі – экологиялық қауіпсіздік. Осы мақсатта эколог мамандар тарапынан Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) үдерісі жүзеге асырылатын болады. Бұдан соң ҚОӘБ материалдары көрсетіліп, олар мүдделі қоғамдастық та­ра­пынан талқыланады, кейін нәти­желер Қазақстан Республикасының Мем­ле­кеттік экологиялық сараптамасына жіберіледі.

Бүгінгі күні Жангелдин ауданында жа­ңа құлау ауданын (ҚА 120А) ашу мүмкіндігін қарастыру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар жоғарыда көрсетілген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылуда. Бұл бағытта түрлі мемлекеттік органдар мен жергілікті басқару органдары мамандарының қатысуымен бірталай жұмыс атқарылды.

Қазіргі таңда «Ғарыш-Экология» ҒЗО» ЖШС-нің экология және ғарыш қызметін бақылау саласында мамандандырылған ұйымының Биотүрлілікті сақтау жө­нін­­дегі қазақстандық ассоциация­сы­мен бірлесіп жасаған қоршаған ортаға әсер­­ді бағалауы 6 қазанда өткен қоғам­дық тыңдалым хаттамасымен бірге эко­логия­лық сараптамадан өткізу үшін мүдделі орталық мемлекеттік орган – Энергетика министрлігіне жіберуге дайындалуда.

− Таңдалған құлау аймағы туралы не айтар едіңіз?

− Жангелдин ауданындағы таңдалған құлау ауданына (ҚА 120А) қатысты үлкен зерттеу жұмысы жүргізілді. Құлау ауданына байланысты нақты нұсқаны таңдау кезінде қауіпсіздіктің барлық талаптары және экологиялық аспектілері есепке алынды.

Жоспарланып отырған 120 А құлау ауданында тұрақты адамдар тұратын елді мекендер, ауылшаруашылық жерлері, ауыл шаруашылығы және басқа да дақылдар егетін жерлер немесе кез келген ірі өндірістік нысандар жоқ.

Таңдалған аумақтың ішіндегі жерлер негізінен резервтік жерлер.

Ауданның ерекшеліктері есепке алынып, 120А-ны пайдалану кезінде бірқатар қосымша шектеулер мен шаралар қарастырылып, орындалатын болады:

- сәуірден бастап маусымға дейін (флора мен фауна үшін ең сезімтал кезең) ұшырылымдар жүзеге асырылмайды;

- шілдеден бастап қыркүйекке дейінгі ұшырылымдар кезінде құлау ауданында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі және тиісті техника қолданылады;

- құлау ауданын пайдалану кезінде жыл сайын қосымша экологиялық ба­қы­лау бағдарламасы жүзеге асырылатын болады.

− Ұшырылатын «Союз-2» зы­мы­ран-тасығышы халық үшін жалпы қауіпсіз бе?

− «Союз-2» зымыран-тасығышы – ол отынының уыты аз және халықаралық уәкі­летті ұйымдардың барлық эколо­гия­лық стандарттарына сай келетін өте сенімді зымыран. Оның негізгі отыны сұйық оттегі мен керосин, бұл жерде гептил туралы ешқандай әңгіме қозғалмауы тиіс. «Союз-2» зымыран-тасығышы эко­ло­гиялық таза отынмен (кислород пен керо­син) жұмыс істейтіндіктен оның қорша­ған ортаға тигізер кері әсері өте төмен, тіпті жоқ десе де болады. Бұған жүргі­зілген экологиялық сараптама нәти­жесі дәлел бола алады.

«Союз-2» зымыран-тасығышының алғашқы сатысының құрамында жоғары уытты және радиоактивті заттар мен сәулелі иондар жоқ. Зымыранның осы түрін ұшырудың сан жылдық тәжірибесі көр­сеткендей, оның сенімділігі жоғары және ха­лықаралық ғарыш стансасына ға­рыш­керлерді жеткізу үшін қолданылады.

− Жер телімін беру схемасы жайлы айта кетсеңіз.

− Құлау аймағын ашу үшін ке­шен­ді заңдық тексерулер механизмі қарас­ты­рылады. Тиісті үкіметаралық келісім жобасын қоса алғанда, ол жер сервитут шарты бойынша «Бәйтерек» БК-ге құлау аймағы ретінде уақытша пайдалануға ғана беріледі (толықтай пайдалану құқығы жоқ). Яғни бұл жер ешқандай да жалға немесе пайдалануға басыбайлы беріледі дегенді білдірмейді. Тек жер телімі зымыранды ұшыру кезінде қысқа мерзімге пайдалануға беріледі.

Осы жоба жүзеге асырылатын барлық мерзім ішінде 8 зымыран-тасығыш ұшырылады: бір жылда 2-3 реттен артық ұшырылым болмайды. Ал адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін зымы­ранды ұшыру кезінде ғана құлау аймағы 1-2 күнге жабылады. Қалған барлық уа­қытта ол жер бос болады. Яғни еркін қаты­най беруге және халық игілігі үшін пайдалана беруге болады. Барлық ұшы­ры­лымдарды 2-3 жыл көлемінде жүзеге асыру көзделген.

Жер телімін уақытша пайдалануға беру механизмі алдын ала дайындалып, Қостанай облысы мен Жангелдин ауданы әкімдіктерімен келісілген. Нәтижесінде өзара түсіністік пен уағдаластыққа қол жеткізілсе, оның ішінде қаржы жағдайы бойынша да келісім жасалып отыр.

− Өзіңіз қаржы жағдайы деп айтып қалдыңыз. Енді осы туралы тарқата түссеңіз.

− Құлау аймағын пайдаланғаны үшін жыл сайынғы төлем қарастырылған. Ол жылына 460 мың АҚШ долларын құрайды, яғни бүгінгі бағаммен есептегенде 152 миллион теңге деген сөз. Төлем доллармен жүргізіледі, сондықтан теңге эквивалентімен сома жыл сайын өсетін болады. 120 А құлау аймағын пайдалану үшін алынған ақша облыс әкімдігі тарапынан бекітілген келісімшарт бойынша «Бәйтерек» БК» АҚ арқылы Жангелдин ауданының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге жұмсалатын болады.

− Негізгі жұмыстарды кімдер атқа­рады?

− «Бәйтерек» БК» құлау аймағын пайдаланудың қауіпсіздігіне, ал «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығы» РМК зымыранды ұшырудың экологиялық тазалығына жауап береді.

− Жаңа құлау аймағы зымыран-тасы­ғыштың қандай бөліктері үшін қажет?

− Жангелдин ауданының белгілі бір бөлігі бүкіл зымыранның құлау ауданы ретінде емес, «Союз-2» зымыран-тасы­ғышының алғашқы сатысының бүйірлік блоктарының құлау ауданы ретінде ғана пайдаланылатынын айта кету керек.

«Союз-2» зымыран-тасығышын жаңа жолмен ұшырғанда екінші сатысы Ресей Федерациясы аумағына құлайды (Свердлов облысы және Ханты-Мансы автономиялы округі жеріне). Осы жерде айта кететін бір жайт, зымыранның екінші сатысы құлайтын аймақ, яғни Ресей жерінің 403 құлау аймағы Жангелдин ауданындағы аумақпен салыстырғанда 8 есе үлкен.

Әңгімелескен

 Самат МҰСА,

«Егемен Қазақстан»