...Селбай – Амангелдінің ұлы атасы. Ол өзінің үй-орманымен қазіргі Махамбет ауданының он үшінші ауылында өз ағайындарының арасында отырды. Әкеден жалғыз еді. Бала кезінен селтең жүрістен аулақ болды. Үлкендердің «текті атаның тұяғы ғой» деген есті сөзімен арлы боп есейіпті. Өжеттігі де бір басына жетерлік екен. Ақыры бір күні намыс отына күйіп кетіпті.
Азамат соғысы жылдарында Батыс өлкеде өктемдік құрған генерал Толстовтың казак әскері Орал жақтан қысқан Чапаев дивизиясы, Астрахань бағытынан қусырған Киров комиссарлық еткен он бірінші армиядан қашып бара жатып, Селбайдың ауылын тонап, өзімен аталас ағайынының он екіде бір гүлі ашылмаған уыздай жас қызын жылатып-сықтатып алып кетеді. Сол күйзелісті күндерде бұл ауыл адамдары торы атқа мініп, қанын ішіне тартып, түтігіп тұрған Селбайды соңғы рет көреді. Бейкүнә қыз үшін Селбай Толстовтың бандыларымен арпалысып, мерт болыпты.
Ташкенттің Темір жол институтында Амангелді Селбаевпен бірге оқыған досы Қожахмет Уәзір былай деп еске алады: – Амангелді сол студент кезінің өзінде «Біз осы не үшін оқимыз? Ертең кім боп шығамыз? Темір жол бойын қара – өңшең сырттан келгендер. Соның кейбірі ішкен суын, татқан дәмін, басқан топырағын сыйлап жүрсе ғой, бүгін бар, ертең жоқ. Су ағып, тас қалады. Осының мәнін түсінеміз бе біз? Біздің ақыл-ойымыз, сана-сезіміміз, қабілетіміз солардан кем емес. Біз тиянақты оқысақ, машинист те, слесарлар мен инженерлер, станса бастықтары – бәрі-бәрі өз ұлтымыздан шығады. Сонда ғана біздің көсегеміз көгереді», деп үлкен адамның намыс-ты сөзін айтушы еді. Сол кезде осылай сөйлеудің өзінен зәреміз ұшатын-ды. Осынау асқақ идеал оны күндердің күнінде қазақ темір жолының жарық жұлдызы етті.
Сол дәрежеге жету оңай болса қане».
Мақат стансасы болашағының сәтті басталған баспалдағы екен. 1973 жылы ол Гурьев бөлімшесі пойыздар қозғалысын ұйымдастыру бөлімі бастығының орынбасары қызметіне ауысты. Оның сан салалы жауапкершілік ауқымы кеңейді. Тасымал жұмысы, кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелермен қарым-қатынас, оларды өздерінің әуеніне үйлестіру… Өзен, Маңғыстау, Бейнеу, Сағыз, Мақат, Гурьев, Ганюшкино аралығы ғана емес, шығыста Қандыағаш, солтүстікте Орталық Азия, батыста Ресей бағытында жөңкілген пойыздар легінің бар тізгіні өз қолында. Бұл қызметте де жұлдызы жанған Амангелді Селбаев тағы бір ілгеріледі. Гурьев темір жол бөлімшесінің бастығы Павел Синицаның ұсынуымен бөлімше бойынша жол қауіпсіздігін тексеру қызметінің бастығы міндетін атқарды.
Дәл осы кезде ұлттық кадрдың жетімсіздігін анық сезді. Оны ол ашық та батыл айта бастады. Бұл мәселеде ешкімге жалтақтамады, өзінен зордың алдында қипақтамады. Өз мансабынан қорықпады да. Сол кездерде жол бөлімінің бастығы Анна Петякова деген әйел ешкімді бет бақтырмайтын-ды. Тек Синицаны ғана тыңдайды. Маңғыстауда істейтін жөні бар жол жөндеу инженері – бүгінде Маңғышлақ жол дистанциясының бастығы Қожахмет Уәзірді Құлсарыға, Құлсарының азаматын Маңғыстауға қуып, олардың хал-жағдайымен есептеспеді. Амангелді осы жігіттерге араша түсіп:
«Біреулер тойған жерінде жүреді, ал қазақтар туған жерінде жүруі керек!» деп Петякованың үнін шығармай, сесін басты. Ол кезде бұлай сөйлеу еш мүмкін емес еді. Амангелдінің адал қызметі оның жолын жарқын етті. Көп ұзамай ол «Гурьев-1» стансасының бастығы боп бекітілді. Бұл бар ісі кері кеткен станса еді. Алғашқы күндерде қатты қобалжыды. Жүрексінді. Қалың сорға тап болғандай салы суға кетті. Бірақ ішінен «сабыр түбі – сары алтын» деді. Әр істің себебі мен салдары бар. Соны зерделеді. Білікті мамандарсыз ешнәрсені шешуге болмайды. Олардың сөзіне ден қойды. Бірте-бірте біраз жайға көзі жетті. Осы стансадан өтетін халық шаруашылығының миллиондаған тонналық жүгі тиелген пойыздарды жан-жаққа дер кезінде жөнелту әбден қожыраған.
Көптеген мекемелер мен кәсіпорындар, олардың ішінде, әсіресе, Атырау, Маңғыстау облыстарына қоса Орталық Азияның біраз бөлігін қамтитын атақты «99-құрылыс басқармасы», мұнай өңдеу зауыты, химия зауыты, одақтық маңызы бар Гурьев балық комбинаты осы стансаның керқисаң ісі салдарынан көп тығырыққа тірелген. Стансамен байланысты осындай өндірістік салалардың жұмысын жаппай үйлестіру оңайға соқпады. Беймаза күндер, ұйқысыз түндер. «Түн» демекші, барлық сорақы іс түнде жасалады екен. Харон Рашид патша, Омар Халифа сынды әміршілердің жұпыны киініп алып, елеусіз жанның кейпінде хан базарлар мен махаллаларды аралап, елдің хал-күйін өз көзімен көргені секілді ол жеті түн ішінде жарқұлағы жастыққа тимеді. Бәрін өз көзімен көрді. Өзі ғана емес, мұндай беймезгіл жүріске партия, кәсіподақ, комсомол белсенділерін де бірге алып жүріп, келеңсіз жайларға олардың да көзін жеткізді. Сұраныс жасалған вагондарды дер кезінде бермей, сергелдеңге салып, өтірік наряд жазып, арақ ішетін құрғырлардың дені – құрастырушылар боп шықты.
Олардың нарядына қол қоятын сыбайласы – станса кезекшісі. Ал керек болса! Бұл бұл ма, басқа қалалардан командировкаға келген тепловоз машинистері де дандайсып, бетімен кеткен. Масыл. Шетінен маскүнем. Екі ай ішінде бұл сұмдықтың бәрі әшкереленді. Жиырма шақты бәтуасыз тоғышар жұмыстан қуылды. «Пахмелшіл» машинистер де «естерін жиды». Бір жарым сағатта зорға ауысатын тепловоз бригадалары жарты-ақ сағатта ауысатын режімге түсті. Кейбір мекемелер мен кәсіпорындар басшыларының вагондарды мезгілінде пайдаланбайтын керенаулығы қатаң талаппен, шымбайға батар айыппұлмен жөн-жөніне келді. Стансаның дені тазарды. Жұмысшылардың шырайы кірді. Бар істі үстел тоқпақтамай сыпайы мінезбен жүргізген Амангелдіге жұрт сенімі артты. Егде жол жөндеушілер жастарға «Селтеңдеме. Дұрыстап істе. Селбаевтан ұят болады» деген сөздерді айтып жүрді. Стансаның жұмысы жанданып сала берді. Жүк айналымы күрт өсті. Сөйтіп тоғыз айдың ішінде станса Одақта үшінші орынға шығып, Жол қатынастар министрлігі мен осы сала кәсіподағы орталық комитетінің Қызыл туын жеңіп алды.
Көңіл шалқып, мерей тасыған осы күндердің бірінде Ақтөбеден Жол басқармасының бастығы Құдайберген Көпжасаров келе қалды. Қазақ темір жолының Одаққа белгілі ірі тұлғасы. Ірі маман. Қатаң тәртіп пен жүйелі істің адамы. Ұлттық кадр тәрбиелеп өсіруде батыл. Кесек турайтын айбынды басшы. Көпжасаровтың алдын ала дабыра жасамай, үн-түнсіз келіп, стансаны асықпай аралап, барлық істің мән-жайын байыппен көңілге түюі Амангелді Селбаевтың ендігі тағдырына күтпеген жерден бетбұрыс жасады. Арада бірер күн өтті ме, өтпеді ме, Көпжасаров оны Ақтөбедегі басқармаға шақырып алып «Синицаның бірінші орынбасары боласың!» деп кесіп айтты. Амангелді жаңа жұмысқа кірісті. Синица демалыста… науқас еді. Оның да міндетін атқарды. Бес айдан кейін Синица Ақтөбеге ауысты. Амангелді Селбаев Алматыға, одан Мәскеуге шақырылды. Ол Одақтық Темір жол министрі Иван Павловскийдің бұйрығымен Гурьев темір жол бөлімшесінің бастығы болып тағайындалды. Оның өмірлік мұраты – лауазым, мансап емес еді. Бірақ ол сол кездің өзінде осы саланың көрнекті маманы, жан-жақты кемелдене толысқан қайраткері еді. Отыз жеті жастағы қылшылдаған жас жігіт.Бұл – 1979 жылдың қазан айы.
«Сол бір жылдар…ол қат-қат сыр. Ұзақ толғау. Жай көзге елеусіз боп көрінетін сәттердің өзінде астарлы кілтипан бар. Амангелді Селбаевтың көкейтесті ойларының ең биігі – кадр мәселесі. Ол ә дегеннен осыны қолға алды. Жергілікті кадрды өсірмей, іс оңалмайды. Бұған байыппен кірісті. «Сырттан келді. Бүгін бар, ертең жоқ» дейтін мамандардың көңіліне қаяу түсірсе, ол да қиянат. Нақақ іске бармады. Ешкімді жатсынбады. Ал ұлттық кадрдың тапшылығы көзге ұрды да тұрды. Гурьевте темір жолдың қырық мекемесі бар екен. Оның үшеуінің ғана бастығы – қазақ. Мақат, Гурьев, Бейнеу, Маңғышлақ деполарының бәрі-бәрінде бірді-екілі ғана қазақ машинистері. Жоқтың қасы. Темір жол институтын бітірген қазақ жігіттерінің дені өз орындарын таппай, бағы байланып, басқа бір болымсыз жұмыстарда жүр. Қалай ойласа да, орнықты кадр осылар еді. Бұл мәселе жөнінде Мәскеуге елеңдеп, қол жаюдың қажеті жоқ, олар өз адамдарын жібереді де отырады. Іс онымен түзелмейді. Амангелді ешқайда алаңдамады. Бәрін өз ақылы, өз қажыр-қайратымен шешуге бекінді.
Ол 1964-1970 жылдардың аралығында Ташкент Темір жол институты жыл сайын осы Гурьевтен отыз баланы оқуға қабылдайтынын, одан талай түлек бітіріп шыққанын жақсы білетін-ді. Маманға деген бұл қажеттілік Атырау – Астрахань, Мақат – Өзен, Бейнеу – Қоңырат темір жолдары ашылғанда туған-ды. Сол жылдарда оқыған азаматтарды іздестіріп, бәрін тапты. Локомотив вагон депосы, белгі беру, жол жөндеу дистанциялары, тұрмыстық қажетті жабдықтау бөлімшесі, жалпы шаруашылық қызметтерінің бәрі-бәріне ыждағатты түрде қазақ жігіттерін тартты. Гурьевтегі Темір жол техникумымен тығыз байланыс жасап, сондай-ақ Ақтөбедегі Темір жол институты филиалына қазақ жастарын оқытып, тәрбиелеуге бар мүмкіндікті жұмсады. Олар бітіріп келгенше маман тапшылығына төзді. Бұл мақсатты іс келе-келе өз жемісін бере бастады. 1982 жылы жергілікті мамандардан қойған мекеме басшыларын жетпіс процентке жеткізді. Белгілі темір жол маманы Тоқтарбай Досжанов былай дейді: «Дәл қазір ойлап қарасақ, Амангелді Селбаев тәрбиелеген ұлттық кадрдың жайнаған галереясына жан сүйсінеді. Солардың ішінде Юнус Құлжанов – Атырау тасымалдау бөлімшесінде вагон депосының бастығы, Ізбасар Дүйсекенов – вагон жөндеу депосының бастығы, Мақсұт Шеркешбаев – Атыраудағы локомотив депосының бастығы, Табылды Әміров – Маңғыстау обылысы бойынша Атырау тасымалдау бөлімшесінің орынбасары, Серік Қабдешов – Құлсары стансасының бастығы, Ыбырай Бейсалиев – Астанада тепловоз шаруашылығы басқармасының орынбасары, Есенаман Дабысов – кәсіподақ ұйымының төрағасы…тағы басқа да темір жол саласының айтулы мамандары жетіп артылады. Олардың ішінде Гурьевте ежелден тұратын, осы топырақты «туған жеріміз» деп жанындай жақсы көретін әр ұлт өкілдерінен шыққан небір талантты, жаңашыл, өнертапқыш адамдар да бар. Бұл ретте бұрынғы «Гурьев-2», қазіргі Атырау стансасының вагон қарау пунктінде істейтін «Құрметті теміржолшы» атағының иегері Ольга Егорованың пойыз дөңгелектерінде букс ақауларын болдырмайтын жаңалықтарын Амангелді Селбаев бізге әр кез сүйсіне сөз етіп отырады. Сол жылдары «Құрметті теміржолшы» атағына жетпіс маман ие болыпты. Өнегелі ұжымдағы жарастықты өмір салтын, адамдар қадірін осыдан көріп, шаттануға болмас па екен!»
Бүгінде теміржолшылар сол жылдарда өздері көрген игі жақсылықтарды арман ғып, жыр ғып шертеді. Иә, қат-қабат істердің үлкен бір саласы – олардың әлеуметтік тұрмыс жағдайы еді. Үлкен стансаларды былай қойғанда, Шетпе, Жетібай, Ералиев, Саятөс, Үстірт, Қоркөл, Опорный секілді шағын стансалардың бәрі-бәрінде жаңа мектептер, балабақшалар, дәрігерлік пункттер, дүкендер, клубтар, үйлер салынды. Саяжайлар құлпырды. Телевизиялық мұнара бой көтерді. Құла түздегі разъездердегі жұмысшылар Мәскеу мен Алматы теледидарын көріп, мәз боп отырды. Маңғыстау бағытында шөл далада құдықтар қазылды. 1982 жылдары Жантерек, Ганюшкино стансаларының маңында мал шарушылығын өрістетті. Стансалар арасында «вагон-лавка», «вагон-клубтар» жұмыс істеп, өз өнерпаздарының концерті жол бойын әнге бөлеп, дүрілдеп жатты. Атырауда құс, қоян, шошқа өсірді. Жылыжайды жайнатты. «Жылыжай» демекші, бұл жөнінде Амангелді Селбаев: «Бір жолы Одақтық темір жол министрі Николай Конарев селекторлық кеңес үстінде Ресей мен Украина темір жол бастықтарын «теміржолшылардың жағдайларына қарамайсыңдар» деп, әптер-тәптерін шығарып: «Сендер соноу алыстағы Гурьевке барыңдар, құм мен сордың үстінде гүл-гүл жайнап тұрған жылыжайды көріңдер! Қияр, помидор, редиска… алаулаған раушан гүлдері! Соның бәрін жасатып отырған Селбаев – «Человек с большой буквы!» деді. Содан көп ұзамай «тәжірибе алмасамыз» деп, жан-жақтан келгендердің бәрі біздің шаруашылықтарды көріп, таңғалған сезімдерін білдірді. Иә, біз осы игіліктің бәрін теміржолшылар үшін жасадық,» – деп жүзінен нұр төгіледі.
Оның ірі маман екендігі Мақат стансасының инженері Галина Муратованың мына бір естелігінен-ақ көрінеді: «Ұмытпасам, бұл – 1980 жылдары... Бір күні Мақат стансасында өрт шықты. Құдай сақтасын! Қаншама состав жан-жақтан келіп, иін тіресіп тұр. Ішінде газ, мұнай тиегендері аз емес… Сол өрт лаулап жатқан қатерлі сағатта Амангелді Селбаев бір топ қызметкерімен келіп, диспетчердің маневр пультіне өзі отыра қалды да, поездардың біреуін олай қосып, екіншісін былай ажыратып, бәрі-бәрін лезде жөн-жөніне қойды.
Мақаттағы шым-шытырық қырық бір жолдың ретін тапты. Өрт құшағындағы составтардан мыңдаған вагонды құтқарды. Ол вагондарда халық шаруашылығының миллиардтаған қаржы тұратын тауарлары, мүлкі, азық-түлік, құрылыс материалдары, мұнай өнімдері, әскери қорғаныс қажетінің құпия техникалары бар еді. Егер пропан цистернасының біреуі жарылса не болар еді? Қисапсыз шығын өз алдына, стансадағы екі мыңнан астам қызметкерлер мен жұмысшылар, тіпті Мақаттың өзі көкке ұшар еді. Жаныңыз түршігеді. Бүкіл Орталық Азия, Ресейді былай қойғанда, Қазақстанның өз пойыздары бірнеше тәулікке тоқтар еді. Абырой болғанда, Мақаттағы пойыздар еш қырсыққа шалдықпай, кідіріссіз жүріп кетті. Сонда біз бір кезде Мақаттай қиын стансада маневр диспетчері болған Амангелді Селбаевті «супер теміржолшы» деп мақтаныш еттік».
Қазақ темір жолының көрнекті маманы Амангелді Селбаев өмірінің кең тынысты көкжиегі – Қазақстан Тәуелсіз ел атанған тұс. Кейіпкеріміз осынау тарихи күндерде Парламент депутаттығына сайланды. Өзіне жүктелген зор сенімнің үдесінен шықты Ақ Жайық, Атырау стансаларына аспалы көпір, азық-түлік дүкенін, Химзауыттағы мектепке оқушылар үшін жол салдыруы, қара депода электр жарығын күшейтуі – көптен бері аңсаған тілек еді. Жұрт соған дән риза.
1994-1996 жылдар аралығында әлемдік маңызы бар «Теңізшевройл» кәсіпорынының осы аймақтағы әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымын жан-жақты дамыту мақсатымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен Амангелді Селбаев Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары боп тағайындалды. Бұл қызметте де оның жетекшілік қарымы әр қырынан ашылды. Ол көлік пен құрылыс, өндіріс саласын басқарды. Көптеген жетекші кәсіпорынның қайта өрлеуіне мол үлес қосты.
1996-1998 жылдары Батыс Қазақстан темір жолының бастығы болған кезі де Амангелді Селбаевтай амплуасы кең, ойлы да жігерлі, іскер басшының қоғам үшін жасайтын сан-салалы өнегелі еңбегіне үлкен мархаббатты сезіммен қызықтыра қаратады. Темір жолды тиімді пайдалану, соның арқасында жолаушылар пойыздары мен жүк пойыздарының санын ұлғайту… батыс облыстар және ірі өндірістік орындармен көліктік байланыс…
Батыс аймақта көліктің жас толқын мамандарын тәрбиелеп, өсіру, басқа да пәрменді шаралар өзінің игі нәтижесін берді. Бір ғана мысал төрт жолдың торабы – Қандыағаш вокзалын іске қосты. Ақтөбе стансасының үлкен вокзалы сәулеттеніп, қайта жөндеуден өтті. Осы жасампаз еңбекті сөз еткенде өз әріптестері Кенжехан Өсімбеков, Сәбит Сүйінғарин, Бөрехан Беркінбаев, Жарылқасын Сағиданов, Болат Исағалиев, Владимир Хан тағы басқа да үлкенді-кішілі тамаша мамандардың есімін сүйсіне атайды. Оның өмірі осындай жандармен көрікті.
...Маған адамдар бақыты, өмір қызығы, қоғам тізгіні Амангелді Селбаев сынды сирек бітімді, ізгі жүректі жандардың қолдарында тұрғандай көрінеді.
Илья ЖАҚАНОВ,
Қазақстан мен Қырғызстанның
еңбек сіңірген қайраткері