Тарих • 11 Қазан, 2017

Құлан қала­­сында археологиялық зерттеу жұмыстары жалғасуда

394 реткөрсетілді

Құлан қалашығын ғылыми-археологиялық тұрғыдан зерттеу ХІХ ғасырдың соңында тарихшы-өлкетанушы В.В.Бартольдтың алғашқы еңбектерімен басталады. В.В.Бартольдтың Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи ескерткіштерді зерттеу экспедициясына қатысқан суретші Дудин Тарты (Луговое) арқылы өтіп бара жатып былай деп жазған: «... жолды бірнеше қиғаш кeciп өтіп, екі қабатты үлкен төбеге тірелетін онша биік емес ұзын (жарты шақырымдай) үйінді жалды байқамау мүмкін емес. Төбе «Элипс» тұрпатты және онша терең емес ормен қоршалған. Елді мекеннен және үйінді жалдан шығысқа қарай шақырым жерде бір-біріне параллельді созылғaн екінші үйінді жалдың іздерi кездеседі». Ол сонымен қатар көне құрылыстардың қалдығы болып табылатын төбешіктер туралы да жазып кеткен.   

Қала аумағына жасалған ал­ғаш­қы археологиялық қазба-зерттеу жұмыстарын ХХ ғасыр­дың 1936 жылдарында КСРО FA-ның Қазақ бөлімшесі мен ММТИ-дің Жетicy археологиялық экспедициясы жүргізді (А.Н. Бернш­там). Қазба жұмыстарының нәти­жесінде алғашқы отырықшы қо­ныстардың Луговое төңірегінде б.з. бірінші ғасырларында пайда болғандығын анықтады. 1963-1965 жж. Жетicy археологиялық экс­педициясының Луговое отряды қаланың айналасындағы жеке тұрған төбешікке қазба жұмыстарын жүргізсе, 1987 ж. Қазақ КСР FA ТАЭИ-ның тарихи және мәдени ескерткіштер жинағы археологиялық экспедициясы Луговое «А» қамалына қазба жұ­мыс­тарын жалғастырып, Луго­вой «В», «Г» қамалдарында қазба жүргізді.

Зерттеушілер Луговое қала­сын бip ауыздан Жетісудың ортағасырлық белгілі қаласы Құланмен теңестіреді. Құлан қаласы алғаш рет VII ғ. бірінші жартысына жататын жазба де­ректерде кездеседі. Қытай та­қуасы Сюань-Цзяньның жол бағдарламасында және Тан ди­настиясының тарихында қала Цзюй-лань деген атпен аталып өткен. Ол туралы VIII-X ғ.ғ. Ұлы Жібек жолының бойын­да орналасқан қалаларды сипаттаған араб авторлары да жазып кеткен. Ибн Хордабек пен Құдама Құланды Тараздан батысқа қарай 14 фарсах жерде орналастырған.

Құдама: «...Тараз бен Құланның солт. жағында құм, ал оның, ар жағында құмды және малта тасты шөл, онда (ол) қимақтар шекарасына дейін (созылып жатыр)» – деп мәлімдесе, ал X ғасырдағы араб географы ал-Макдиси бы­лай деп жазған: «Құлан – бе­кініс­ті қала, онда соборлы ме­шіт (Медина) бар. Ол енді бос қалды, ол үлкен Тараз жолында». Географиялық сөздіктің авторы Якут өзінің XIII ғ. 20-жылдарын­да құрастырылған еңбегінде Құлан туралы былай деп жазып қалдырған: «Құлан – түркі елінің Мәуреннахр жағындағы шекарасында орналасқан сүйкімді қала». 

Құланмен бірқатар тарихи оқиғалар байланысты. Мәселен, 740 ж. түргеш бегі Құрсұл батыс-түрік қағанатының ең соңғы қағаны Ашин Сыньды осы қалада өлтірсе, ал 840 ж. араб әскерлері Құланға дейін жеткен. Құлан мен Луговое қаласын тепе-теңестіру мәселесінде Тараздан және Мер­кіден Құланға дейінгі арақа­шықтықтары жазылған.

Қалажұрттың орталық кұлан­дысы ауылдан солтүстік-шы­ғысқа қарай 0,5 шақырым жерде орналасқан. Қалажұрттың топографиясынан шахрис­тан, ішкі қамал және шығыс жағынан бекініссіз рабаттың іздері аңғарылады. Ішкі қамал құландының солтүстік-батыс бұрышында орналасқан. Осы күні ол биктігі 7-8 метрге жуық, жоба­сында төртбұрышты, үстін­де алаңы (40×40 м) бар төбе тұрпатты. 

Ішкі қамалдың барлық бұ­рыштары мұнарамен күшей­тілген. Олардың қалдықтары дөңгелек төбешіктер түрінде сақталған. Шахристан жобасында жайдақ төртбұрышты төбе пішіндес. Ұзындығы: Солтүстіктен Оңтүстікке қарай – 320 м, Шы­ғыстан Батысқа – 300 метр болып келген, ол сақталған биіктігі 4-5 метрге жуық қабырғамен қоршалған. Қабырғалардың бұрыштары дөңгеленіп келген мұнаралармен нығайтылған. Сонымен қатар қабырғалардың кез келген жақтарында әpбip 30-35 метр сайын дөңгеленіп келген мұнаралар болған. 

Олардың төбешік түрінде сақталып қалған қалдықтары қа­быр­ғалардың жалпы деңгейі­нен 0,5-1,5 метр биіктікте жатыр. Қала сыртынан тереңдігі 1 метр­ге жуық, ені 15 метр келетін ормен қоршалған. Қалаға кіретін жер екеу. Олар оңтүстік және шығыс үйінді жалдардың қабырғасында орналасқан. 
Сонымен қатар ұзын қабыр­ғалармен қоршалған қалажұрт аумағында ондаған тө­бешіктер сарайлар мен жеке қо­ныс­тардың қалдықтары орна­ласқан. Бұл төбешіктердің бір­не­­шеуіне қазба жұмыстары жүр­гізілді.

Құлан қаласының өмip cүpyi­нiң бірінші кезеңіне жататын әшекейлі ыдыстардың көпті­гімен ерекшеленеді. Мұнда құ­мыра, тостаған және күл сал­ғыш­тың қалдықтары сияқты асханалық ыдыстар кездеседі. Шаруашылық ыдыстары – құ­мандар, қазандар, қазанның астына қойылатын тұғырықтар, аузы кең құмыралар, қақпақтар, сондай-ақ шырағдандар көптеп табылды.

2015 жылы Құлан қала жұр­тында археологиялық қаз­ба жұмыстары т.ғ.д профес­сор К.Байпақовтың жетекші­лігі­мен, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қа­зақ ғылыми-зерттеу мәде­ниет инс­титутының қаржы­лан­ды­руы­мен атқарылды. Қазба барысында цитадельдің солтүстік бұры­шынан үш бөлмелі тұрғын үй ашылды. Бірінші әкімшілік-басшылық жүргізуге арналған бөлме қабырғаларында алебас­термен сызба түрінде сы­ланған сауыт киген және садақ ұстаған жауынгерлердің, тазы иттер мен құстар бейнеленген қима тақталар табылды. Екінші құлшылық жасау бөл­месінің қабырғалары жүзім жапырақтарымен бейнеленген жапсырма қима тақталармен безендірілген.

Екі жыл бұрын басталған, Мәдениет және спорт минис­трлігіне қарасты Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының қаржыландыруымен «Құлан» қалашығындағы археологиялық қазба-зерттеу жұмыстары, биыл да өз жалғасын тапты. Осы жылғы жоспарға сәйкес, Құлан қалашығында қайта зерттеу жұ­­мыстары цитадельдің сол­түстік-батыс бөлігінде жалғасын табуда. 

Қазба жұмыстары 2015 жылғы маусымда анықталған үшінші бөлмені толық ашудан басталды. 

Сонымен қатар қазба табыл­ған қабырға бе­тін­дегі жапсырма суреттерді сақтап қалу мақсатында т.ғ.д про­фессор К.Байпақов пен елі­мізге танымал жаңғыртушы-рестовратор Қ.Алтынбеков бас­таған маман­дардың қатысуымен бірлескен жұмыстар басталып кетті. Ою-өрнектер мен сурет­терді уақытша табиғи жауын-шашынмен ылғалдан сақтау және жуырда олардың көшірмелерін алу мақ­сатында бөлме қабыр­ғалары құрғақ топырақпен тол­тырыл­ған қаптармен қаланып және уақытша қойылған сақтау шатырлары қайта жөнделіп, бекі­тілді. Қазіргі таңда, Құлан қала­­жұртында археологиялық-ғылы­ми-зерттеу жұмыстары жалғасуда.

Қуаныш ДӘУРЕМБЕКОВ,
 «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі директорының ғылым жөніндегі орынбасары

Жамбыл облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Құмырсқа пәлсапасы

Қоғам • Бүгін, 09:48

Табысқа жетуге талпындырды

Қоғам • Бүгін, 09:23

Ұлттық комитет мүшелері бас қосты

Қазақстан • Бүгін, 09:17

Тиімділікті арттыратын құжат

Қазақстан • Бүгін, 09:15

Жеті балуан ТОП-20 қатарында

Спорт • Бүгін, 09:12

Өнер бәйгесінің жаңа жұлдызы

Руханият • Бүгін, 09:06

Бөдене саңғырығы – биоотын

Аймақтар • Бүгін, 09:04

Шатарбай әулетінің шеберлері

Руханият • Бүгін, 09:02

Қаймағы бұзылмаған қазына

Руханият • Бүгін, 08:56

Түлкі өзені бір тазарып қалды

Аймақтар • Бүгін, 08:52

Арал қайта оралады

Аймақтар • Бүгін, 08:50

Мәрмәр етін өндіретін кешен

Экономика • Бүгін, 08:46

Түркінің түп негізі – қазақ

Руханият • Бүгін, 08:36

Сабақтастық стратегиясын саралау

Қазақстан • Бүгін, 08:30

Химиялық қалдықтардан қатер көп

Экология • Бүгін, 08:25

Жаны қазақ Виктория

Қоғам • Кеше

Ұқсас жаңалықтар