Қысқы спорт • 11 Қазан, 2017

«Барыс» Омбыда үш ұпай олжалады

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Омбыда жергілікті «Авангард» командасымен күш сынасты.

«Барыс» Омбыда үш ұпай олжалады

Екі команда арасындағы текетірестің тағдырын «Барыс» клубының алғашқы 20-минутта-ақ шешіп қоятын мүмкіндігі бар еді. Алайда «Авангард» қақпашысы ондай мүмкіндікті бере қоймады. Десе де, елорданың командасы алғашқы кезеңде екі шайба соғып, алға шықты.  Әуелі матчтың 5-минутында Никита Михайлис есеп ашса, 13-минутта Павел Акользин нәтижені 2:0-ге жеткізді.

Ойынның екінші кезеңін де «Барыс» командасы нәтижелі бастады. Канадалық шабуылшы Мэттью Фрэттин 23-минутта есепті еселей түсті. Үш шайба өткізіп алған қонақтар өз алаңында жеңіліп қалмаудың қамын ойлап, екінші жиырма минуттың орта тұсына ауғанда «Барыс» қақпасының маңында қауіпті шабуылдарды ұйымдастыра бастады. Нәтижесінде «Авангард» шабуылшылары Андре Петерссон мен Пётр Хохряков бес минутта есепті бір шайбаға дейін қысқартты.

Үшінші кезеңнің 54-минутында Мэттью Фрэттин дубль авторы атанды.  Арадан бір минут өткенде омбылық Евгений Медведев есепті қысқартқанымен, «Барыстың» жеңісіне еш кедергі келтіре алмады.

Осы жеңістен кейін «Барыс» ұпай санын 32-ге жеткізіп, Шығыс конференциясы бойынша алтыншы орынға тұрақтады. Елорда клубы ҚХЛ-дағы келесі ойынын ертең Ханты-Мансийскіде жергілікті «Югра» командасымен өткізеді.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»