Қазақстан • 11 Қазан, 2017

Семей қаласының бір топ ақсақалы мен зиялы қауым өкілдерінен хат

742 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Абайды алғаш таныған алаш­тықтар еді. Оның тұңғыш ғылыми өмірбаянын жазған Әли­хан Бө­кейханов болатын. Абайдың қазақ­тың бас ақыны екенін әде­биет теориясы тұрғысынан дә­лел­деген Ахмет Байтұрсынов еді. 

Семей қаласының бір топ ақсақалы мен зиялы қауым өкілдерінен хат

Қымбатты Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, Сіз ХХІ ғасырдағы қазақ қо­ғамының, ұлттық қайта өр­леу дәуірінің, оның рухани жаң­ғыруының басында тұрсыз! Соның айқын дәлеліндей, қала­мызда Алаш қозғалысының 100 жылды­ғына арналған іс-шаралар үлкен қар­қынмен атқарылуда. Қаламыз қайтадан жасарып, жаңғыру үстінде, ондаған көшеге жаңадан ұзындығы 24 шақырымдық асфальт төселіп, бүкіл Ертістің оң жағалауы адам танымастай өзге­руде, болашақта бұл маңда тағы да балалар алаңы салынып, кіші кинозал құрылысы бой көтермек. «Қарағайлы» шағын ауданында бой көтеруге тиіс отыз биік үйдің үшеуінің құрылысы басталып та кетті. Семей әуежайында күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде, ол болашақта халықаралық стандартқа сай «Боинг-777» сияқты ірі лай­нер­лерді қабылдайтын болады. 

Өткен оқу жылында қаламызда бірнеше мектеп пен балалар бақ­шасы салынып, Назарбаев зият­керлік мектебі жаңа ғимаратқа кірсе, сан мыңдаған метр жылу құбырлары үнемі тоңып отыратын семейліктердің бойын ғана емес, жүректерін де жылытты, ірі «Абай Арена» спорт кешенінің салынуы, Әлихан Бөкейхановқа ескерткіш орнатылуы – осының бәрі көңіл қуантады, қала жұртшылығының болашаққа сенімін арттырады. Көп жылдан  бері қаланың бюджеті мұндай қомақты болып көрмеген де шығар! 

Осы хат арқылы Сіздің біздің өңірге, біз­дің қаламызға, Абай еліне деген ықылас-пейі­лі­ңіздің ерекше екендігіне алғыс сезі­мі­міз­­ді білдіргіміз келеді және «жақ­сының жақсы­лығын айт – нұ­ры тасысын!» демекші, Сіз жі­берген іскер басшы – облыс әкімі Даниял Ахметовке риза екенімізді айтқымыз келеді. 

Бүгінде төрткүл дүниенің назары – Астана­да және Сізде! 

Семейлік ақын Құсмілия Сіз туралы: 
Ұлтқа қиын кезеңде,
Ту ұстаған кемелім
Жүз ұлыстың тізгінін, 
Тең ұстаған кемелім. 
Телісі мен тентегін, 
Кең ұстаған кемелім. 
Аяғынан шалса да, 
Жағасынан алса да, 
Алыспаған кемелім.
Өркениет өріне, 
Қарыштаған кемелім. 
Бар ғұмырын халқына. 
Бағыштаған кемелім! – 
деп жырлағандай, Семей халқы Сіздің төңірегіңізге бұрынғыдан да топтаса түсті деп айтсақ артық болмас дейміз! 
Тәуелсіздіктің туын өзіңіз көтерген егемен еліміздің рухы биік, жұлдызы жоғары болсын! 

Алғыс сезімімен Семей халқының атынан: 
Нәсен СЕМБАЕВ, Семей қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері; Хафиз МАТАЕВ, Семей қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері; Анатолий ЕРЕМЕНКО, Семей қа­ласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері; Әзімхан СӘДУАҚАСОВ, Семей қаласы­ның құрметті азаматы, қоғам қайраткері; Дүйсенбай ҚОШҚАРБЕКОВ, Семей қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері; Төкен ИБРАГИМОВ, Семей қаласының құрметті азаматы, абайтанушы; Арап ЕСПЕНБЕТОВ, филология ғылымдарының докторы; Айнұр МАУСЫМБАЕВА, Семей қалалық мәслихатының депутаты; Вера КРОПАЧЕВА, журналист; Жанна ЖИБРАЕВА, Семей қалалық қоғамдық кеңесінің төрайымы; Амантай ДОҒАЛАҚОВ, Семей қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы; Мұхтарбек КӘРІМОВ, тарих ғылымдарының кандидаты; Омарбек БАЙУАҚОВ, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы; Жанат МОЛДАҒАЛИЕВА, дәрігер, Семей қалалық мәслихатының депутаты.