12 Қазан, 2017

Алқабилер сотының артықшылығы көп

1107 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қудалау органдары тексерісінің кемшілігін анықтауда сот орган­дарының атқаратын қызметі зор. 

Алқабилер сотының артықшылығы көп

Өйткені бұл тексерістердің соңғы сырын сот қана біліп, айта алады. Және соған сай істі болған адамның ал­да­ғы тағдырын анықтайтын шешім­ді де сот қана шығарады. Бұл – әділ­дікке жетудің жалғыз жолы.

 Ағымдағы жылдан бастап, елі­міздің сот саласы жаңа жүйе бо­йын­­ша жұмыс істеп жатыр. Міне, осы орайда Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген міндеттерді, әсіресе, сот саласы қызметкерлерінің орын­дауы халыққа – жақсылық, судья­ларға абы­рой әкелмек. Ал онда Ұлт жос­пары­ның заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы 11 қадам түгел сот жүйесіне арналғандығы белгілі.

Әлемдегі озық отыз елдің қатары­на ену үшін Қазақстанның тек эконо­микасы, саяси, мәдени жағдайлары ғана емес, құқықтық саласы дамып, осыған сай сот жүйесі айтарлық­тай алда болуы қажет. Мұндай рефор­малар не үшін, қандай мақсатпен шыға­рылады? Әрине, ең алдымен, ол халыққа тиімді болуы қажет. Яғни қандай жағдайда болмасын адамның құқығы қорғалуы тиіс. Бұл орайда Ұлт жоспарында айтылғандай, енді нақ­ты талап алқабилерге де қойы­лып отыр. Міне, осы орайда заң үстем­дігін қамтамасыз ету үшін басымдық берілген «100 нақты қадамның» 21-қадамына сәйкес, алқабилер соты қол­да­нылатын салалар аясы кеңейтілді. Ең маңыздысы, алқабилер соты мін­детті түрде қатысатын қылмыстық істер­дің санаттары анықталды. Елбасы қол қойған жаңа заңға сай, алқабилер қаты­сатын соттардың қарауындағы істер­дің аясы ұлғайып, қосымша төрт құрам­мен толықтырылды. Бұрын олар­дың алдына ату жазасына кесу мен өмір бойына бас бостандығынан айыруға тартылғандардың тағдырын шешу талабы қойылса, енді адам ұрлап, ауыр халге ұшырату және жасөспірімдерді зорлау қылмысы бойынша құрам қосылды. Мұндай істер аса ауыр қыл­мыстық санатта болғандықтан алқа­билер қатысуымен қаралуда. 

Бірақ айыпкердің адамды ұрлағаны немесе жасөспірімді зорлағаны қудалау органдары арқылы тексеріліп, сот алдына анықталып келіп тұрса, онда неліктен оның кінәлі, кінәлі еместігіне бас ауыртудың қажеті бар дейді біреулер. Расында, алқабилерсіз-ақ судьяның өзі ондай адамды соттап жібермей ме? Соттай алмайды. Неге? Өйткені сот тексерудің заңдылығына көз жеткізбей, дәлелдердің нақтылығын зерделемей, қос тараптың уәждерін елеп-екшемей ақиқатты айта алмайды. Адамның айыбы заң жүзінде айқындалып тұрса ғана ақиқат айтылады. Ал оны алқа­билер алдында анықтап беру үшін бір тараптан қорғаушы, екінші жақтан айыптаушы, яғни прокурор «сайысқа» түседі. Олар өз пікірлерін ортаға са­лып, уәждерін дәлелдеп береді. Міне, бұлардың дәлелдемелерін тың­даған алқабилер оны іштерінен сарап­қа салып, қорытынды шығарып, бюлле­теньге сотталушының кінәсі бар ма, жоқ па деген бір ауыз сөзді белгі­лейді. Осылайша халық мұндай адам­дарды алқабилер арқылы өздері соттай­ды немесе ақтайтындығын айтады.

Адамды адамның өлтіруге қақы жоқ. Қанды қол кәнігі қылмыскердің өзі бірнеше жылды арқалап, тас қапасқа қамалса да, оның өміріне ешкім балта шаба алмайды. Бірақ солай екен деп, адамдар адам өлтіруден қалыс қалып жатқан жоқ. Алып қашады, зорлайды, өлтіреді, әйтеуір, адамға адам дегенін жасайды. Артынан бар болғаны өмір бақи бас бостандығынан айырылуға сотталады. Ал бұлардың арасында кім жоқ дейсіз, нағыз баскесері де, қосақ арасында қоса кеткені де кездеседі. Ондай жазықсыз жандардың тағдырын бүлдіруге кім себепкер болады? Сенсеңіз де, сенбесеңіз де айтылатын бір жайт, оған нақты адам өлтірушіні іздеуші адамдардың өздері кейде себепкер болады екен. Сондықтан нағыз қылмыскер мен жазықсыз жанды айыра алу қай заманның болсын көкейкесті мәселесі. Демек, қылмыстық істерді саралау, зерделеу, дәлелдемелерді таразыға тарту, адам өлтірді дегенді кінәлі немесе кінәсіз деп тану, өмір бақи көрер жарығынан айырып, тар қапасқа тоғыту – айтуға ғана оңай. Иә, қылмыстық істерді қарау сол қылмыстың қалай жасалғанын зерделеп шығу ғана емес, оның ауырлығын сезініп, қасіретін жүректен өткізу. Сондайда адамға демеу болар адалдық, әділдік, шындық қағидаттары ғана. Шынайы ақиқатқа жеткізер үш негіз – осы. Жұрт осыны алқабилерден күтеді.