Қазақстан • 12 Қазан, 2017

Латын әрпі тілімізге ұтымды бейімделеді - академик

530 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тарихтан белгілі, латын әрпі Рим империясынан бұрын Италия – Грекия жерлерінде мекендеген этрус өркениетінен  бастау алады.

Латын әрпі тілімізге ұтымды бейімделеді - академик

Содан бері қаншама ғасыр өтіп, аталған әріп бұл күнде тек Роман тобындағы тілдерді қолданатын елдердің ғана меншігі емес, бүкіл әлем қолданатын таңба болып, қазіргі таңда ең озық, ең бай тілдерді түрлендірген жаһандық құндылыққа айналды. Бүгінгі заманда дамудың озық даңғылына  түскен мемлекеттер осы латын әрпін қолдануда. Олай болса, біз де латын әрпіне көшу мәселесін қолға алғанымыз өте орынды.   

Латын әрпіне көшу қажеттігі – бүгінде дау туғызбайтын ақиқат. Мамандар ғана емес, басқа салалардың өкілдері де, бүкіл қоғам да бұл аксиоманы түсініп те, қолдап та отыр. 

Жалпы, мемлекеттің күш, тірегі – халық болса, халықтың тірегі – тіл. Тіл дұрыс әріптеліп, дұ­рыс емленетін болса, мем­ле­кет­тің де бүкіл тіршілігі дұрыс жүреді. Тіл табиғатын сақтап, дұрыс қолданылса ғана адамдар да, мемлекеттер де бір-бірімен дұрыс қатынас жасай алады. Тіл қателікке ұрынса, қоғамның да, халықтың да, мемлекеттің де ішкі, сыртқы тіршілігі оңға баспайды. Сондықтан қазақ әліпбиін латын әрпіне көшіру – мемлекетіміз бен халқымыздың өте маңызды әрі тарихи шешімі болып табылады.

Ендігі алда тұрған үлкен  мәсе­ле – сол латын әрпін қазақ тіліне дұрыс әрі ұтымды бейім­деу. Тарихтан белгілі: кезінде кириллицаға көшкенде кейбір елдерде дыбыстар дұрыс әріп­тел­мегеннің салдарынан ол тілдер кейбір төл дыбыстарын жоғалтып алған болатын. Нәти­же­сінде ол тілдердің табиғаты бұзылып,  дыбыстар өзгеше айты­лып, оқылып жүрді. Әді­лін айту керек, қазақтың кирил­ли­цалық жазуы басқа тілдерге қарағанда біршама дұрыс болды. Соның өзінде де қазақ жазуына  аракідік реформа жасалып тұрды. Айталық, 1953 жылы «Ұлы» деген сөздегі «ұ» (апокриф) алынып тасталды да, ол әріп «ұ» болып осы күнгі формада жазылды. Сондай-ақ 1957 жылы тілдің «үнем­дік заңына»  байланысты мәсе­лен, «құмы­рысқа» деген сөз «құмырс­қа» боп қысқартылды, ал жеке сөздегі «ый» деген екі таңба «и» деген бір таңбамен ауыс­ты­рылып, «жыйырма» сөзі «жиырма» боп жазылды. Қазақ тіліне жат аббревиатура енді, орыс, еуропа тілдерінен енген сөздер еш өзгеріссіз қол­да­нылды. Міне, осы тектес кем­шіліктер латын әрпіне көшкенде ескерілгені абзал. 

Осыған қоса, мына бір жағ­дайды да есте ұстау керек сияқ­ты. Қанша дегенмен, ХХ ғасыр­да қазақ тілі көп жағынан толығып, баий түскені белгілі. Соның нәтижесінде біздің артикуля­циямыз кеңейіп, саналуандық қасиетке ие болды. Қазір қазақ тілінің артикуляциясы кез кел­ген тілдің сөзін дәл береді: ағыл­­шынның да, арабтың да, қытай­дың да, испанның да, фран­цуз­дың да, т.б. Демек, латын әр­пін ен­гізгенде, тиісті емле-ереже түз­генде артикуля­циям­ыздың осы мүмкіндігін жоғал­тып алмауды да ойластырған жөн. 

Әрине, бірден мінсіз жаңа алфавит жасау оңай емес. Әзірше ұсынылып отырған нұсқаны тағы жетілдіре түйіп, бекіткен жөн сияқты. Өмір бір орында тұрмайды, әлі тағы да қажетті реформалар жасалар. «Көш жүре түзелер», –деген сөз осындайда айтылған шығар. 

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, 
ҚР ҰҒА академигі

АСТАНА