Қазақстан • 12 Қазан, 2017

Жаңару – жазудан басталады

492 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген көкей­кесті мәселенің бірі – латын әліпбиіне көшу. 

Жаңару – жазудан басталады

Естеріңізде болса, бұл жөнінде 2012 жылы Елбасының халыққа Жолдауында да қозғалған болатын. Ендігі кезекте Президентіміз латын әліп­биіне көшудің нақты жолдарын айтып, осы мәселе зиялы қауым арасында кеңінен талқы­лануы қажет екенін алға тартты. Сондық­тан, күн тақыры­бында өткір тұрған, бүгінде қоғамда қызу талқыланып жатқан латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты ой қозғауды жөн көрдім.

Тарихтан белгілі, өткен ғасырдың 30-40 жыл­дары латын әліпбиі елімізде қаріп ретінде қол­даныста болды. Сол жылдары ғылым-білім туындылары, жалпы іс-қағаздар латын әліпбиі негізінде жүргізілді. Менің әкем – Ұлы Отан соғысының ардагері. Әкемнің майдан да­ласынан туған-туыс, бауырларына латын қар­пімен жазған хаттары әлі күнге дейін сақ­таулы. Міне, осының өзі сол бір жылдары латын қар­пінің кеңінен қолданғанын аңғартса керек.

Жуырда ауылдық округ әкімі аппаратында аға буын және жастардың қатысуымен өткен жиында осы мәселе қызу талқыланып, ой-пікірлерімізді ортаға салдық. Басқосуда ойы бір жерден шыққан жастардың «жаңару жазудан басталады» деген сөзіне разы болдым. Иә, латын әліпбиіне көшу – бір күнде шешілетін мәселе емес. Уақыт өте келе бәрі рет-ретімен өз жүйесін тауып, қолданысқа енетініне сенімді­мін. Себебі, латын қарпі тәуелсіз мемлекеті­міздің өсіп-өркендеуіне, отандық ғылым-білім саласының дамуына орасан ықпал ететіні анық.

Қорыта айтқанда, елдігіміз бен егеменді­гімізді айқындайтын игі бастаманы қазақ елі бірауыздан қолдайтынына кәміл сенемін.

Алпысбай ЖҰМАХАНОВ, 
Жамбыл аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы, «Пионер» өндірістік 
кооперативінің басшысы

Жамбыл облысы