Қазақстан • 13 Қазан, 2017

Алматы облысында «Мәңгілік елдің мәңгілік сарыны» атты ха­лық­аралық фестиваль өтті

692 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлдебір бағдарламамен, тапсырыспен ұйым­дастырылатын шара­лар­ға «ресмилік» деп­ қарайтын, концерт өткізсе студенттер мен мектеп оқушыларын сы­қап толтырып қояды деп ойлайтын былайғы жұрт бұл жолы дәл осындай әсер­лі кеш болатынын ес­тіген жоқ. Естісе де, күт­педі. 

Алматы облысында «Мәңгілік елдің мәңгілік сарыны» атты ха­лық­аралық фестиваль өтті

Ал біз сияқты бірлі-жа­рым қызыққандардың өзі-ақ Ілияс Жансүгіров атындағы Мә­дениет сарайын толтырып жіберіпті. «Жолай бас сұға са­лып едім», деп, қасымызға жайғасқан бір тұрғын (ұнамаса шығып кете салады) кеш со­ңында көпшілікпен бірге орнынан тұрып, ұзақ уақыт шапалақ ұрып тұрып алды. Әдет­те «Есеміз эстрадаға кетіп жүр» деп шағынумен жүретін халықтық музыка өкілдерінің әр кештен көрген қошеметі осын­дай болса, шағынар жөні­міз жоқ сияқты...

Бұл «Мәңгілік елдің мәңгілік сарыны» тақырыбындағы ха­лық­аралық фестивальдің жабылар қарсаңы болатын. Қазақ, тү­рік, қырғыз, өзбек, татар, ты­­­­ва, якут халықтарының өкіл­­­­дері қатысқан, екі күнге со­­­зыл­ған фестивальдің гала-кон­­цертіне бара қалсаңыз, кеш бі­тер-біткенше тоқтаусыз қол соғып, ризашылықпен тарап бара жатқан көпті көрер едіңіз. Онсыз да ұрылып жатқан ша­палақты, көрсетіліп жатқан қо­шеметті көрмегендей, күй мен әннің ортасына сахна сыр­­тында тұрып килігіп, қай­­та-қайта «қошем-е-е-ет» сұ­­­ра­ған жүргізуші қыздың жүй­кеге тигені де әп-сәтте ұмыт болыпты. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында тек осындай жоғарғы дең­гейдегі кештер өтсе, әрбір ша­­­­­раға дәл осылай риясыз кө­ңілмен риза болып қайтсаң... Бағдарламаның негізгі мақсаты да осы болса керек.

Фестивальдің алғашқы күні – шебер-класс сабақтарымен ес­те қалды. Студенттер мен жас өнер­паздарға арналған сабақта әр ұлттың атынан әкелінген ас­паптардың ерекшелігі мен тарихына қысқаша тоқталып, қалай ойналатыны жайлы аздаған құпияларын ашты.

Техника түгілі темірдің өзін игермеген сонау бір ес­кі за­мандардан бері келе жат­қан халықтық аспаптардың көп­шілігінің құрылысы қарапайым келеді екен. Мәселен, тыва халқының бозаншы деген аспабы.

– Бұл жалпы түрік халқы­ның ежелгі, көне сазды аспабы. Бозаншы кішкентай домалақ басты, мойыны ұзындау келеді. Оның бір ерекшелігі пернелері болмайды. Тек қана төрт қыл ішекті. Жалпы ұзындығы 1 метр­ден астам. Бозаншыны ыс­­қымен ойнайды.

Дауысы бо­таның боздауына ұқсас келеді, – дейді тывалық өнерпаз Игорь Кошкентай. Тыва елінің атынан келген бұл өкілдің негізгі өнері – көмеймен ән айту. Бо­зан­шымен қосылғанда бір өзі бір оркестрдің дыбысын бе­­ретін әншінің көмейінен екі-үш дыбыс қатар шығады. Ас­­пабы да бір сәтте бірнеше ды­быс шығарады. Бұл өнерді мең­геру үшін бала, тіпті, сә­би жас-тан бастап дайындалу­ керек екенін айтады. Бұл мек­тептің өзіндік талаптары же­терлік. Соның бәрін жеңген, соның бәрінен өткен жан ғана осын­дай деңгейге көтеріле ала­ды. Сондықтан да бұл өнер­ді, аспапты меңгергендер сау­сақпен санарлық қана.

Саха елінен келген хомусшы Юлияна Кривошапкина:

– Якут халқы аса қадір тұ­тып, қастерлеп ұстайтын ас­пап­тың бірі – хомус. Бұл ас­пап негізінен ән мен биді сүйе­мелдеу үшін қолданылады. Ха­­лық арасында екі тілшесі бар­ хомус та кездеседі. Оның дау­сын күшейту үшін шеберлер­ түтігін қаңылтырдан жасап, оған турбалах хомус және тү­тікті хомус деп ат қойған, – дей­ді өз аспабы жайлы. Кө­лемі 10 сантиметрдей ғана болатын аспаптан шыққан үн – көмейдің әр бүлкіліне, езудің қозғалысына, саусақтың, қол қырының қимылына орай құ­былып отырады.

Біз барабанның бір түрі деп он­ша мән бермейтін өзбектің дой­расын меңгеру де оңай шаруа емес екенін сонда білдік. Равшанжан Юнусовтың бір өзі бір тойды бимен қамтамасыз етердей өнері бар екен.

Шеберлік сабағының нүк­те­сін әйгілі жыршы Алмас Алма­тов пен түркиялық термеші Ир­фан Гюрдал қойды. Күллі түрік жұртына ортақ саналатын «Көрұғлы» дастанынан үзінді айтты. Арғы түбі аңызбен астасатын туындының шығу тарихы, әр ұлттың орындау, айту ерекшеліктері, вариациялары төңірегінде сөз қозғалды.

Екінші күн Талдықор­ған­дағы Тіл сарайында дөңгелек үс­тел форматында өткен бас­па­сөз конференциямен басталды. Алматы облыстық мәдениет, архив­тер және құжаттама бас­қармасының басшысы Ақан Әб­дуәлі жүргізген отырыста тү­рік жұртының ағыстары ор­тақ өнерінің үндестігі, ұқсас­тығы жайында көп айтылды. Бір елдің аспабы мен әнін, жыры мен термесін екінші елде дәріптелуі қай дең­гейде, түр­кілік мәдениеттің да­муы үшін жасалып жатқан шаруалар төңірегінде, бірігу, жұмылу жайында ұсыныстар айтылды. Мәселен, бауырлас саналатын әр мемлекеттің өнер ордаларында жаңа кафедралар ашу, туыстас елдердің өнері мен мәдениетін тану мен танытудың заманауи қадамдары жайында айтылған ұсыныстар алдағы уақытта келісе отырып, қайта қарауды қажет ететін мәселе екендігі сөз болды. Сондай-ақ, көп жағ­дайда көрермені аздау, насихаты төмендеу қала беретін ұлт­тық өнерді дәріптемей, ха­лық­тық өнер өкілдерінің дәрежесін көтеріп, мәртебесін асыр­май – өнерге деген құр­меттің жеткілікті деңгейге же­те алмайтынын, «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы осы мә­селені шешуге берілген үлкен мүмкіндік екенін айтты.

Ал гала-концерттің шы­мыл­дығы Жамбылдың әйгілі «Ақындарға арнауымен» тү­ріл­ді. «Алатаудан, Арқадан, ақын­дарым келіпсің», деп бас­­талатын толғаудың осы бір бас­қосуға дәл келе қалғанын айтыңыз. Бейбіт Мұсаевтың орындауындағы Жамбыл жыры бұл кештің сонау бір замандармен үндестікті сақтай отырып ұйымдастырылғанын көрсетіп бергендей. Алмас Ал­матов шыққанда, қысқа қайырып айтқан өсиет жырдың аздау болып қалғанын әр-әр тұстан «тағы да, тағы да» деген дауыс-тардан білдік.

Көптің ерекше қиқуы мен­ қошеметіне ие болған көмей­мен айтылған ән мен хомус­пен тартылған күй болды де­сек қателеспесіміз анық. Тіп­ті, талай жұрт «мұндай да өнер болады екен-ау», деп, таң­данысып отырды. Түріктің белгілі өнертанушысы, тер­меші Ирфан Гюрдал өз елінің әнінен соң, қазақтың «Ой қа­рағайына» салғанда, күнде ес­­тіп-ақ жүрген өз әнімізге өзі­міз таңдандық. Жалпы, бұл әншінің орындауында қазақтың он шақты әні бар екен. «Кімнің арбасына отырсаң, соның жырын жырлайсың» деп, асығыс дайындай салмағаны былай да байқалады. Ал, қырғыздың кіл жастардан құралған «Акак» қомузшылар ансамблі қырғыз бен қазақтың өнерінің де туы­сатынын дәлелдеп, біздің «Балбырауын», «Адай» сияқты асау күйлер мен өздерінің табиғаты осыған ұқсас келетін шаш­па-төкпе күйлерін қатар орындады.

Қазақтың музыка өнерінде аты танымал жеке орындаушы­лар Сәуле Жанпейісова, Ер­лан Рысқали, Мұхаммедәлі Бек­пейісов, Ардақ Исатаева, Нұр­жан Жанпейісов, Қазбек Адыкеев, Мақпал Тоқтағанова, Бейбіт Мұсаев, Бақберген Ас­қарбеков, Күнсұлу Түрікпен және «Сазген», «Адырна» фоль­к­лорлық-этнографиялық ор­кес­трлері, «Қобыз сарыны»­ ансамблі, Өзбекстанның «Абосс» ансамблі, Татар­стан­нан келген Расим Фасуховтар салған ән мен тартқан күй Талдықорғанды әуенмен тер­бетіп тұрды. Соңғы аккорд – күл­лі қатысушылар өз аспабы­мен үн қосқан Нұрғисаның «Әлқиссасы» болды.

Алматы облысы әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған фестиваль ендігіде жыл са-йын, дәстүрлі түрде ұйымдас­тырылып тұрады дейді ұйым­-д­ас­тырушылар.

 

Алмас НҮСІП,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы