Әлем • 13 Қазан, 2017

Қазақстан Қырғызстандағы президенттік сайлауды бақыламайды

356 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан тарапы Қырғызстандағы президенттік сайлауға бақылаушы ретінде бармайды. Мұндай шешім Астанада өткен Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында жарияланды.

Қазақстан Қырғызстандағы президенттік сайлауды бақыламайды

Жиын барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаевтың көрші елдегі сайлауды байқауға баруы жөніндегі мәселе қаралды. М.Сәрсембаев отырыста осы жөнінде бастама көтерген болатын. Комиссия мүшелері оның ұсынысын бір ауыздан қабылдады. Комиссияның шешімі Қырғызстан тарапына жеткізілді.

Орталық сайлау комиссиясының мұндай шешім шығаруына Қырғызстан президенті Алмасбек Атамбаевтың Қазақстанды айыптауы себеп болып отыр. Әйтсе де, қазақстандықтар халықаралық ұйымдардың құрамында Қырғызстан президентін сайлау барысына бақылаушы ретінде қатыса алады. Еліміздің атынан Қырғызстанға аттанатын бақылаушылар дауыс берудің әділ өтуіне мүдделі екенін айтады М.Сәрсембаев.

«Қырғызстанға баратын әріптестеріміз әділдікті бірінші орынға қояды. Олар барынша объективті баға беруге талпынады. Алда-жалда халықаралық ұйымдар дауыс беру Қырғызстанның Конституциясы мен сайлау заңнамасына сай өтті деп шешім шығарса, біздің бақылаушылар сол пікірді ұстанады», – деді М. Сәрсембаев.

Орталық сайлау комиссиясының басшысы Берік Имашевтың айтуынша, Қазақстан өзіне берілген халықаралық міндеттемелерді орындай отыра Қырғызстандағы президенттік сайлауға бақылаушы ретінде өкіл жібереді. Оның сөзіне сүйенсек, халықаралық ұйымдар құрамындағы 46 қазақстандық айыр қалпақты ағайындардың дауыс беруі қаншалықты әділ өткенін байқап қайтады.

Сонымен қатар, жиын барысында А.Атамбаевтың мәлімдесі шындыққа сай келмейтіні және оның сөздері бауырлас екі ел арасындағы достыққа сызат түсірмейтіні сөз болды.