27 Қазан, 2011

Кейбір категорияларға рақымшылық жасалады

364 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжановтың жетекшілік етуімен палатаның жалпы отырысы болып өтті. Онда «Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мақұлданды. Заң жобасының көздеген мақсаты туралы Әділет министрінің орынбасары Әмірхан Аман­баев баяндама жасады. Отырыста заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Серік Темірболатов қосымша түсінік берді. Бұл заң жобасында онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан осал са­нат­тарына, яғни кәмелетке толмағандар, жүкті әйел­дер және кәмелетке толмаған балалары бар әйел­дер, зейнеткерлер, мүгедектер және бас­­қаларға қатысты рақымшылық жасауды жүр­гізу көзде­ліп отыр. Сондай-ақ осы заң қол­да­нысқа енгізілгенге дейін онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартыла­тын бар­лық қылмыстық істерді және қыл­мыс­тар туралы сотта қарал­маған істерді тоқтату көзделеді. «Ғарыш қызметі туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыға салынып, нәтижесінде толықтай мақұлданды. Және «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншікті дамыту мен қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жо­басы бірінші оқылымда қолдау тапты. Заң жобасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевтың 2011 жылғы 17 сәуір күнгі Үкі­мет­тің кеңейтілген мәжілісінде берген тап­сыр­масын орындау үшін әзірленген. Жалпы отырыста бірқатар халықаралық маңызы бар заң жобалары талқыға салынды. Соның ішінде «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшы­лы­ғының, оның персоналының және мүше мемлекеттер өкілдерінің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияны ратификация­лау туралы» заң жобасы жөнінде Сырт­қы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай баяндама жасады. Халықаралық істер, қорға­ныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Са­ғын­бек Тұрсынов қосымша баяндама жасады. Мәжіліс депутаттары заң жобасын мақұлдау жөнінде ортақ келісімге келді. Со­нымен қатар, «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шартқа өзгеріс­тер енгізу туралы хат­таманы ратификациялау туралы» және «2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіз­дік ту­ралы шарт ұйымының Жарғысына өзге­ріс­тер енгізу туралы Хатта­маны ратификациялау ту­ра­лы» екі заң жобасы да мақұлданды. Заң жо­басы жөнінде Сыртқы істер министрінің орын­басары Амангелді Жұ­мабаев баяндама жа­сағаннан кейін, Мәжі­ліс­тің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің мү­шесі Ержан Исақұлов қосымша түсінік берді. Келесі кезекте «Көпжақты сауда жүйесі шең­берінде Кеден одағының жұмыс істеуі туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы талқыға түсіп, бұл заң жобасы да толықтай мақұлданды. Жалпы отырыста басқа да бірқатар заң жобалары жан-жақты талқыға түсіп, тиісті шешімдер қабылданды. Сонымен қатар, Үкіметтен келіп түскен жа­ңа заң жобаларына қорытынды әзірлеу уа­қыттарын нақтылау бойынша палата шешімі шығарылды.