Таяуда облыс орталығында еліміздің және ресейлік компаниялардың қатысуымен «Қазақстан-Сібір- 2011» халықаралық көрмесі өтті. Көрменің өтуіне облыс әкімдігі, индустрия және жаңа технологиялар министрлігі қолдау көрсетті.
Көрмеге Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, еліміздегі Ресей елшілігінің кеңесшісі Сергей Анненков қатысты.
Көрмеде екі ел кәсіпорындары шығарған қазіргі даму кезеңдерін қамтитын жоғары технологиялық өнімдер ұсынылды. Бұл маңызды шараның екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын нығайтуда алатын орны зор. Әсіресе, бұл Павлодар сияқты шекаралық облыс үшін кәсіпорындардың бірлесіп жұмыс жасауы үшін барлық жағынан тиімді болып табылады.
Кәсіпорындар басшылары көрме өткізу арқылы өндіріс саласын дамытуға орай өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Осы іс-шара шеңберінде өткен дөңгелек үстелде Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев көрші елден тартылған инвестициялар жайына тоқталды. Кеден одағының құрылуы екі елдің қай салада болмасын қарым-қатынасын арттыра түскен. Өткен жылы арадағы тауар айналымы 28 пайызға өскен көрінеді. Мұның ішінде жалпы, тауар алмасу көрсеткіштерінің тең жартысы шекара маңындағы өңірлерге тиесілі болып отыр. Жыл соңына дейін екі ел арасындағы тауар айналымы 20 млрд. долларды құрамақшы. Сонымен қатар, Ертіс өзені бойындағы өзен портын дамыту мен шекараға таяу орналасқан қазақстандық және ресейлік аймақтарға әуе байланысын орнату жөнінде облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев ұсыныс жасады. Көрме барысында Екібастұз көмірін Алтай өлкесіне жеткізу туралы мәселе де өз шешімін тапты.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.