...КӨКӨНІС ҚОЙМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Облыс орталығында үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында сыйымдылығы 3 000 тонналық алты секциялы жаңа көкөніс коймасы пайдалануға берілді. Құрылыс нысанын салған «Килико-Тун» ЖШС директоры Бауыржан Айтмұхамбетовтің айтуынша, көкөніс қоймасы тоңазытқыш, желдеткіш құрал-жабдықтармен, микроклимат жасау, қашықтықтан басқару, сұрыптау, орау техникаларымен, транспортерлермен жарақтандырылған.
Көкөніс қоймасын пайдалануға беруге 235,0 миллион теңге инвестиция жұмсалды. Мұнда 13 жұмыс орны ашылды. Қазір қоймаға 1500 тонна пияз, 600 тонна картоп сақтауға қойылды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.
* * *
...ӘКІМГЕ ЖҰМЫС КӨП
Нұрлан Күлжан облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өкімімен және аудандық мәслихаттың келісімімен Қашыр ауданының әкімі болып тағайындалды. Нұрлан Мұқатайұлы баянауылдық, Семейде оқыған, әскер қатарында болған, ауылда еңбек еткен. Бір сөзбен айтқанда, әбден ысылған, өмір көрген жігіт. Мемлекеттік басқару орындарында жұмыс істеген, Президент Әкімшілігі Ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің сарапшысы болған. Бес жыл Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Ал Қашырда істейтін жұмыстар жеткілікті. Мәселен, Батпақкөл ауылы жарықсыз отыр...
Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.
* * *
...ФИЛЬМНІҢ АТЫ – «СТУДЕНТТІК КЕЗ»
Атырауда өткен жылдан бері жастарға арналған комедия жанрындағы фильм түсірілуде дегенді естіген едік. Таяуда «Студенттік кез» деп аталатын жаңа фильмнің тұсаукесері өтті. Бұл – мұнайлы өңір жастарының қатысуымен және Атырау қаласында түсірілген тұңғыш кинотуынды.
Аталған комедиялық туындының авторы – Таймас Сапаралы. Ол фильмнің сценарийін өзі жазыпты. Режиссерлікті өзі атқарған. Камераға да өзі түсіріп, монтажды да өзі жасапты. Осының бәрі 4 айда дайын болған. Фильмде негізінен студент жастардың өмірі қамтылатындықтан, оны «Студенттік кез» деп атапты.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау.