Соңғы турда аралдағы елдің футболшылары Косовоны жеңді (2:0). Сөйтіп «I» тобында 22 ұпаймен бірінші орынға ие болды. 1930 жылдан бастау алатын әлем чемпионатына қатысқан құрамалардың ішінде Исландия халқы ең аз ел болып отыр. Бұл елде бар-жоғы 330 000 адам тұрады. Бұған дейін осы рекорд Тринидад және Тобагоға тиесілі еді (1,3 миллион адам).
Осы ретте Исландияға қатысты 10 деректі ұсынамыз:
1. 2016 жылғы Францияда өткен Еуропа чемпионатында Исландиядан 30 мың жанкүйер келген. Бұл елдегі жалпы халықтың 10 пайызы. Бұған дейін Еуропа чемпионатына бір мемлекеттен осынша жанкүйер келмеген екен.
2. Еуро-2016 турнирінің топтық кезеңдегі Аустрия құрамасымен өткен соңғы ойынды Исландиядағы телекөрермендердің 99,8 пайызы тамашалаған.
3. Сол матчты жүргізген комментатордың дауысы әлем жанкүйерлері есінде ұзақ сақталары анық. Қосымша минутта Исландия жеңіс голын соққандағы перформансы ғаламторды шарлап кеткен болатын. Айтпақшы, Исландия құрамасының барлық ойынын кәсіби футбол жаттықтырушысы Гудмундур Бенедиктссон жүргізген.
4. Исландия құрамасының өз қаһармандары бар. Мысалы, қақпашы Ханнес Хальдоурссон кәсіби түрде жарнамамен айналысады. IKEA, Coca-Cola, Icelandair секілді бренд компанияларға ролик әзірлеген. – Ханнес 19 жасында біраз уақыт футбол ойнай алмай жүрген. Өйткені ойнайтын команда таппайды. Тіпті үшінші дивизондағы клубтардың бірі «бізде екі қақпашы бар, үшіншісі керек емес», деп жауап берген, – дейді Исландия құрамасының бас бапкері Хеймир Хадльгримссон.
5. Исландия құрамасының капитаны Арон Гуннарссон 15 жасына дейін гандболмен айналысқан. Ересектер арасындағы чемпионатқа да қатысқан. Бірақ кейіннен гандболды тастап, футболды бастап кетеді. Сөйтіп 22 жасында Исландия құрамасының капитаны болды. Гуннарссон арқасындағы татировкасымен де көпшілікке танымал.
6. Құраманың бас бапкері Хеймир Хадльгримссон өткен жылға дейін Исландияның Хеймаэй деп аталатын оңтүстік аралында дантист болып қызмет атқарған. Бұл жақта 4000 адам ғана тұрады. Қазіргі кезде Хеймир тек таныстарының ғана тісін емдеп береді.
– Исландияда бапкерлік – әуесқой жұмыс. Жалақы төлейді, бірақ өмір сүруге жетпейді. Оның қасында дантистің жалақысы футбол бапкерінен екі есеге көп, – дейді Хадльгримссон.
7. Исландияда футбол фанаттары мен командалар арасында өте жақын байланыс орнатылған. Мысалы, мынандай дәстүр бар екен: матч алдында команданың бас бапкері жанкүйерлермен кездесіп, негізгі құрамды және ойынға құрған тактикасын таныстырады.
Команданың бапкері немесе оның ассистентінің спорт-барда жанкүйерлермен кездесуі төрт жылдан бері қалыпты жағдайға айналған. Бірақ ол жердің өте қатаң ережесі бар: яғни ақпаратты медиаға жариялауға, фото немесе видеоға түсіруге тыйым салынған. Әлі күнге бірде-бір медиа барда өтетін матч алдындағы мәжілістен бірде-бір ақпарат тарата алған жоқ.
8. Бес жыл бұрын Исландия ФИФА рейтингінде 131-орында болатын, ал қазір – 22-сатыда.
9. Осындай ғажайып нәтижелердің тіркелуіне ойын алдындағы мотивациялық видеолардың да әсері бар екен. Мұның бәрі футболшыларды психологиялық тұрғыдан шыңдайды.
«Біз матчтардан кейін әрбір ойыншының сәтті қимылдарынан клип жасап шығарамыз. Алаңда өнер көрсеткен футболшылардың гол соққан сәті немесе пастары мен финттері көрсетіледі. Бір футболшыға бес секундтай уақыт беріледі. Музыканы әр жолы ауыстырып отырамыз. Ал Еуро-2016 чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші ойынның алдында басқаша жасадық. Бұл жолы футболшылардың алаңдағы қимылы емес, олардың ата-аналары, балалары мен туыстарының суреттерін жинадық. Негізінен стадионда плакат ұстап тұрған фотолар таңдалды. Слайд-шоуға баяу музыка қойылды. Командаға бұл видеоны көрсетпес бұрын өзім бес рет қарап алдым. Соның бесеуінде де жыладым, – дейді бас бапкер Хадльгримссон.
10. Исландия футболының осындай деңгейге жетуі – барлық деңгейде революцияның жүргізілуінен. 2000 жылдардың басында жас футболшыларды ата-аналары жаттықтырған. Ал 10 жастағы баланы ресми түрде А немесе В категориясы бар бапкерлер дайындайды. Қазіргі кезде елде 848 кәсіби футбол жаттықтырушысы бар. Яғни 389 адамға бір бапкерден келеді. Елдегі футболдың басты инновациясы – футбол үйі. Бұл жерде кез келген ауа-райында доп тебуге болады. Манеждің ішіндегі газонның астында жылу берілетін мүмкіндігі қарастырылған.
Алғашқы футбол манежі 2000 жылы салынды. Оны Гейр Торстейнссон есімді футбол федерациясындағы басшылардың бірі тұрғызған. Кейіннен тағы 10 осындай футбол үйі пайдалануға берілді. Жалпы, қазіргі кезде барлық маусымға қолайлы 30 табиғи алаң және 150 жасанды алаң бар. Кәсіби футболшылардың саны 20 мыңнан асады.
Бек ТӨЛЕУ,
журналист
АСТАНА