"Күзгі тазалау" атты сенбілік жұмыстары "Эко Маңғыстау" үкіметтік емес ұйымының бастамасымен ұйымдастырылып, шараның өтуіне Түпқараған және Маңғыстау облысының әкімдігі қолдау көрсетті. Сенбіліктің негізгі мақсаты - күнделікті экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша күш-жігерді біріктіру, тұрғындар назарын қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аудару және экологиялық ахуалды жақсарту. Тазалық шарасына кез-келген адам қатысуға мүмкіндік алды.
"Эко Маңғыстау" үкіметтік емес ұйымының директоры Кирилл Осинның айтуынша, сенбілікке ең белсенді қатысқандар - Маңғыстау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі, "Қоғамдық келісім" коммуналдық ұйымы, облыстық прокуратура, Маңғыстау туризм колледжі, "ADVER" компаниясы және табиғатқа жанашыр тұрғындар болды.
"Голубая бухта" Түпқараған ауданына бара жатқан жолдың 63 шақырымынан бұрылған аумақта орналасқан, ал сенбілікке қатысушылар болса автобустармен жеткізілді. Тазалық сақшылары барлық қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етілді. Теңіз жағалауы пластикалық, шыны және басқа да қоқыстардан тазартылды. Сенбіліктің қорытындысы бойынша барлығы 200-ден астам қапшық, барлығы 1 тоннадан астам қоқыс жиналған.
- Каспий теңізі жағалауын жиналып қалған қоқыстан тазарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Мәселен, "Голубая бухта" аумағында экологиялық десант осыдан 4 ай бұрын болған еді. Қарап отырсақ айтарлықтай көп уақыт өткен жоқ. Мұндағы жағдайды көріп, көңіл-күйіміз түсіп кетті. Қалайша туған өлкеге деген осындай жауапсыздықпен қарауға болады? Бұл жағдайдан кейін адамдарың өздеріне деген құрметінің жоқ болғаны ма деген ойға қалады екенсің. Оның үстіне аймақта туризмді дамытқымыз келеді. Мұндай көріністен кейін туризм туралы айтудың өзі артық. Осындай демалыс орындарына келушілер қатары көп екендігі сөзсіз, бірақ олар қарапайым тазалық ережелерін сақтамайтыны көңілге қаяу түсіреді", - дейді К.Осин.
Елбасы Н.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Сакралды Қазақстан" жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында экологиялық ахуалды жақсарту мен елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Маңғыстаулықтар аталмыш жобаны жүзеге асыруға белсенді кірісіп кетті, делінген баспасөз хабарламасында.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.