Қазақстан • 16 Қазан, 2017

Назарбаев Бозымбаевқа: Жыл сайын қайталанатын жағдайға алдын ала дайындалуға тиіс едіңіз

47 реткөрсетілді

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Энергетика министрі Қанат Бозымбаевты қабылдап қазақ қоғамын алаңдатып отырған жанар-жағармай мәселесін талқылады.

Кездесуде Президент Энергетика министрлігінің жұмысына көңілі толмайтындығын, нақтырақ айтқанда, министрлік жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бойынша тиісті шешімдерді уақтылы қабылдамағанын айтты.

– Энергетика министрлігі еліміздің отын-энергетика мәселелеріне, соның ішінде ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге жауапты. Елімізде оның тапшылығына байланысты орын алған ахуал Үкімет пен Энергетика министрлігі тарапынан немқұрайлылық пен жауапсыздыққа жол берілгенін көрсетіп отыр. Сіз биылғы мамыр айында мұнай өңдеу зауыттарына жөндеу жұмыстарын жүргізу кестесін бекіттіңіз. Күзде үш зауыттың екеуі жөндеу үшін тоқтатылатынын білдіңіз. Мұндай жағдай жыл сайын қайталанып келеді. Соны біле тұра, алдын-ала дайындалып, халықты қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде жанар-жағармай жеткізуге тиіс едіңіз. Олай болмады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Н.Назарбаев министрліктің жанар-жағармай нарығындағы жағдайды реттеуге арналған шараларының тиімділігі төмен болғанын атап өтті.

– Сіз ұсынған жақсы бастамалар аз емес. Олар менің тарапымнан да, Үкімет тарапынан да қолдау тауып келеді. Жанармай тапшылығын болдырмау үшін бағаны мемлекеттік реттеуден бас тарту ұсынылды. Алайда, нарықта тағы да жанар-жағармай жетіспеушілігі орын алды. Осыған байланысты, Үкіметтің ұсынысы бойынша сізге сөгіс жарияладым. Бұл – қызметтен босатылғанмен бірдей, – деді Елбасы.

Өз кезегінде, Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысына Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстарының барысы туралы мәлімдеді.

– Екі мұнай өңдеу зауытын жетілдіріп, жаңғырту биыл аяқталады. Қараша айында Павлодардағы зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Атыраудағы мұнай өңдеу зауытындағы жұмыстарды осы жылдың 16 желтоқсанына дейін аяқтау көзделген. Мұнда мұнай өнімдерінің көлемін арттыруға және олардың сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін каталитикалық крекинг құрылғысы бірінші рет пайдаланылатын болады, – деді министр.

Қ.Бозымбаев Мемлекет басшысына Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында да жоғары октанды бензин шығаруға арналған каталитикалық крекинг құрылғысын салу жоспарланып отырғаны туралы мәлімдеді.

Энергетика министрі келесі жылы Қазақстан нарығы жоғары сапалы жанармаймен, соның ішінде авиациялық жанармаймен қамтамасыз етілетінін айтты.

Соңында Қазақстан Президенті нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін жауапкершілік жүктелетінін тағы да ескертіп, жанармай тапшылығын болдырмау үшін барлық қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Еске сала кетейік, өткен аптада Премьер-Министр Сағынтаев Үкіметтің кеңейтілген жиналысында елдегі жанар-жағармай тапшылығына қатысты министр Бозымбаевтың баяндамасын тыңдап, аталған мәселеге қатысты сұрақтар қойды. Министрдің жауаптары Үкімет басшысының көңілінен шықпаса керек, Премьер-Министр өз құзыреті шегінде, Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовты жұмыстан босатып, министр Бозымбаевқа сөгіс жариялау туралы Елбасыға ұсыныс енгізді. Президент еліміздің Бас министрін қолдап Қанат Бозымбаевқа сөгіс жарияланған болатын.   

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Жаңғырық жайлы хикая

Руханият • Кеше

Қаламның қарагері

Руханият • Кеше

Дәстүр білген адаспас

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар