Қазақстан • 17 Қазан, 2017

Түргенді түлете алсақ өңірде туризмге кең жол ашылады

909 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Басы мұздақпен көмкеріліп, бауыры жасыл қарағаймен қымталып, бұлағы бұрқырап, өзені күркіреп жататын Алатау баурайында туризмге таптырмайтын небір жерлер баршылық.

Түргенді түлете алсақ өңірде туризмге кең жол ашылады

Кезінде соның бірегейі делінген, жауһардай жалтырап жатқан Есік көлі қас пен көздің арасында бұрқ-сарқ етіп, етегіндегі жұртты есеңгіретіп кеткен болатын. Бұл 1964 жылдың жаз айы еді. Қазақтың айтулы ақыны Қуандық Шаңғытбаев «Күйдірген қан мен қазыңды, Күндеген талай патшалар, Ұрлаттым гауһар тәжімді! Қай  жақтан табам, бәтшағар? Жоғалды алтын балдағым, Салып ем көзін лағылдан, Қапа боп жанды қармадым! Қақты екен қандай қағынған? Күл-талқан болды шарайнам, Інжуден еді жиегі, Сұқтанған еді-ау талай жан! Өзегім от боп күйеді. Айырылдым алтын алқамнан, Жаһұтпен үзіп, ойдырған, «Есік» деп жазған бар таңбам, – Көрдіңдер қайсы ой-қырдан? Пері боп ұшты ғашығым, Дертіне дәт қып төзбедім: Есігім – есіл асылым, Түскендей ағып көздерім!..» деп «жоқтау» жыр жазғаны есте. Егер Алматыдан 60-70 шақырым жерде болған сол ботаның көзіндей тұнып жататын көлдің қадіріне жетіп, қауіптің алдын алғанда қазір ол жер қазақтың ғана емес, өзге жұрттың да көзайымына айналар еді.

Осы Есік көлімен бір ендікте жатқан Алматы облысындағы Түрген шатқалы да, ондағы сарқырамалар да ұлт байлығы деуге тұрарлық. Биылғы жазда оған тағы куә болдық. Ол жердің табиғатын ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Қараш-Қараш оқиғасы» атты туындысында келістіре суреттейді. «Қараш-Қараш айналадағы қоршаған тасты тақыр биіктер, қарағайлы жүндес жоталар, шошақ төбелер мен үш салаға бөлінеді: Бас Қараш, Орта Қараш,  Аяқ Қараш. Осы үш сала мен маңайындағы биіктері, адырлары мен барлық өңірді «Қараш-Қараш» деп атайтын», дейді де сарқырамаларға келгенде «Қазанда қатты қайнаған судай, өне бойымен түгел бұрқылдап қайнап жатқан сияқты. Ұзақ бойы түгелімен бұрқ-сарқ етіп тасиды. Талас салып, жары­сып екпіндей жөнелген жік-жік ағын бұйра толқындар жүз жыланның сумаң қағып жарысқанындай. Өрттен, қуғын­нан қашып, дүркіреп жосыған көп жайынның жөңкілуіндей. Шаттың аяғы тік біткен мұрыншақ тас. Шың тастың ішінде, биік құздың арасында иіріліп аққан су бір мүйістен екіншіге қарай шық­қанда, тау қойнынан шыққан құсық­тай ақтарыла жөнеліп, екінші мұрыншықтан бұрылғанда жер тесігіне сүңгіп, құйылып жатқан­дай болады. Қалың биік, алып жартас бір ұртына бір өзенді сіміріп жұтып, жер астына әкетіп жатқан­дай. Мұрыншақтан аса беріп, асау су жоғалып жатыр», деп ағыл-тегіл ақ шәлі сарқырамаларды көз алды­ңа әкеледі. Осындай керемет сарқыра­маларды біз әлі күнге әлетке жарата алмай жүргеніміз өкінішті-ақ.

Көктем жазға ұласып, күздің салқыны тітіреткенше Түрген шатқа­лынан адам үзілмейді. Табиғат қор­ғаушылар бекетіне өлшемді ақшаңды төлесең өте бересің. Сап түзеген шипажай типтес үйлер онша көп емес. Есесіне жерді жалға алып, қазақтың қараша үйінде қызмет көрсететіндер жетіп-артылады.

Бұл арадағы айтпағымыз, Іле Ала­тауының солтүстік жа­­ғындағы Түрген ойпа­тын­­дағы сарқырамалар жа­йы еді. Сарқырамалардың ұзын саны 7-ні құрайды. Солардың ішінде қазір демалушылар тамашалап жүрген қалың жар­тастың арасын жарып ағатын Аюлы сар­қырамасы. Сарқырама Аюлы деп тегін аталмаса керек. Бұрын мұнда аю көп болған көрінеді. Ата-ба­баларымыз жер атын кө­рінісіне, не мекен еткен аң-құ­сына, өзге де жайларға орай­­ластырып атаған ғой.

Аталмыш сарқырама шат­қал­дағы асфальт жолдан  1300 метр биікте. Жалғыз аяқ соқпақпен шор-шор қайрақ тастарды басып, «Сұлулық бұлағын» жағалап, өрге қарай өрмелегенде жол бойындағы алуан түрлі шөп, бойлай өс­кен тал-терек, иісі мұрын жарған тау жуасы, шоқ-шоқ гүл қуатыңды арттырады. Жар­тастың басынан атқылап аққан ақ жолақ керемет әсерге бөлейді. Жа­қындағанда де­неңе тиген бүркінді тамшы күмістей жылтырайды. Күн сәулесі қара тасты қыздырып, ыстық леп бетіңді қарығанда сарқырамаға таясаң салқын леп бірден сер­гітіп, көңіліңді шалқытады. Сарқы­рамаға екінің бірі жете алмайды. Алда айтқанымыздай, жолы қиын. Мың бұралып аққан «Сұлулық бұлағының» суын­да көпір жоқ. Аттай алмай­тын жерге бірлі-жа­рым тақ­тай қойған. Ол да сел­кіл­деп, қиқалақтап тұр. Сар­қырамадан тараған сал­қын ауа, «Сұлулық бұла­ғының» балдай суы өзегіңді ашады. Табиғи таза ауа, таби­ғи таза су дегеніңіз осындай-ақ болар. «Бір кем дүние» (Ш.Мұртаза) демекші, осы бір құн­ды­лық­ты пайдаға асыра ал­май отыр­ғанымыз жанға батады.

Өткен жылы Қытай мем­ле­­кетінің Гуанчжоу қала­сы­ның маңындағы Байюнь­шань тауын­дағы Ақсу сарқы­рамасын көзбен көріп едік. Сол сар­қыраманың  ұшар басына шыққанға дейін 9999 баспалдақ салып қойған. Үй­дей тастарды ұрып жат­қан сарқыраманы бойлай салған баспалдақтар бірде ағаштан, бірде тастан құра­лыпты. Жағасын­дағы бір тал өсімдікке, табиғи жара­ты­лысқа зиян келтірілмеген. Баспалдақтардың екі жағына ұстап шығатын ұзынынан жал­ғастырған ағаштарды да әдемі ойлас­тырған. Қыл­ая­ғы қоқыс тастайтын жә­шіктің өзін табиғатпен ұш­тастырыпты. 9999 бас­пал­дақ­ты басып төбесіне шық­қан адам ұлтын шын сүйген болып есептеледі екен. Со­дан ба жас-кәрі бірі өрге өрмелесе екіншісі мақсатым орындалды деп төмендеп келе жатады.

Шіркін, Түргеннің де сар­қыра­маларын қолға алсақ, ел игілігіне жаратсақ, ұтылмас едік. Бұған ары таза, жаны пәк, ұлтым деген бір азамат ұйытқы болса, жұртты жұ­мылдырса, жер бетіндегі байлық қазынаға қаржы құя­тыны сөзсіз. Қазақтың қараша үйінің орнына қала маңдарындағы коттедждердей келісті де әдемі болмаса да шаралы төрт кереге жетіп жатыр. Ең бастысы, қызмет көрсетуді оңалтып, қарабайырдан құтқарып, күнім­­дікті емес, өмірлікті насихаттап, бұл азат елдің тірлігіне, тіршілігіне, келе­шегіне қажет десек, ойға ал­ған орындалады. Сол өңір­дегі жұрт­шылықтың да әл-ауқаты артуына септігін тигізеді.

Иә, осыған әкім-қа­ра­лар сергек­­тік танытса, жұ­мыстың ілге­рі басатынына сеніміміз мол. Аз уақыт жалға алып, ақша тап­қан­дармен шектеліп қалу ше­кені қыздырмайды. Қыздыр­ған­ды қойып таби­ғатты лас­тап, өзен бойын, тау ішін ошақтың күлі­не, қоқысқа толтырып тас­тауы­мыз кәдік. Сондықтан ел болып Түрген шатқалындағы сарқыра­маларды тиімді қол­дан­сақ екен дейміз. Егер бұл сарқы­рамаларды сақтай алмасақ, бір кездері «Есік» көлінің күйін кешпесіне кім кепіл бола алады. Мұндай табиғат кереметін, яғни тегін байлықты игілікке іркіліссіз жаратсақ, қане. Барды ұқсату дегеніңіз осы болар.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»