Екі елдің Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары – Роман Василенко және Вице Скрачичтің қатысуымен болған бұл кездесуде мемлекеттердің өзара әрекеттестігін екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттарында және халықаралық аренада кеңейту мәселелер болды.
Басқосуда шарттық-құқықтық негізді кеңейту және әуе қатынасы, ауыл шаруашылығы, энергетика, туризм, білім және мәдениет салаларында екіжақты келісімдерге қол қою туралы уағдалыстықтарға қол жеткізілді. Тараптар парламентаралық, ведомствоаралық және аймақаралық қарым-қатынастарды, іскерлік және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға белсенді түрде жәрдемдесуге келісті. Осы тұрғыда алдағы уақытта Астанада Хорватияның елшілігін ашу маңызды қадам болмақ.
Р.Василенко 2017-2018 жылдардағы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметі, халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы Астананың үлесі, сириялық дағдарысты реттеу жөніндегі Астана процесінің рөлі және Қазақстанның тағы басқа сыртқы саяси қызметі туралы баяндады.
БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктері де талқыланды. Негізінен Хорватия жағы Қазақстанның ядролық қарусыздандыру мен таратпау, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, сондай-ақ мәдениетаралық және конфессияаралық диалогты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайды.
Шара қорытындысы бойынша қос елдің министрлерінің орынбасарлары 2018-2020 жылдарға арналған Қазақстан және Хорватия Сыртқы істер министрліктерінің арасындағы ынтымақтастық жоспарына қол қойды. Сондай-ақ қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімнің қол қойылған мәтінімен алмасты, білім және мәдениет, туризм, энергетика, ауыл шаруашылығы, әуе қатынасы саласындағы ынтымақтастық туралы құжаттар жобаларын келісу бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Сапар аясында қазақстандық дипломат Хорватияның Сыртқы және еуропалық істер жөніндегі министрлігінің саяси мәселелер бойынша мемлекеттік хатшысы Здравка Бушич, Хорватия президентінің кеңесшісі Матэ Гранич, Хорват мұсылмандар одағының бас мүфтиі Азиз Хасановичпен кездесті.
Сонымен қатар Дага Хаммаршельд атындағы Дипломатия және халықаралық қатынастар жоғары мектебінің профессорлық-оқытушылар құрамы және студенттер алдында сөз сөйлеген Р.Василенко Президент Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы зор үлесін атап өтті.
«Егемен-ақпарат»