Жалпы, барлық тілдерде сөздер мен морфемаларды бір-бірінен мағына және форма жағынан ажыратуға көмектесетін тілдің дыбыстық жүйесіндегі типтік бірлікті анықтайтын фонемасы болады. Яғни қазіргі түркі тілдерінің фонемасын толық сақтайтын нұсқа тек ғана көне түркі әліпбиі.
Біз қазір латынға көшкен жағдайда қазақ тілі үндестігін бұзбай-сызбай толық сақтайтын фонемаларды қалай жасаймыз? Дәйекше арқылы ма, әлде қостаңба арқылы ма? Негізі сұрақ осы болуы керек.
Осы орайда бұрынғы көне түркі әліпбиін қолданған ата-бабаларымыз мұны қалай шешкен? Олар қандай тәжірибені, қандай әдістемені қолданды. Осыны білмек керек!
Қазіргі әліпби мәселесінде көпшілікке сөз айтып, бүгінгі таңда талқылауға түсіп жатқан нұсқаларды дайындаушылар сонау көне түркіден бастап, қазіргі кириллицаға дейінгі тіл фонемасында орын алған өзгерістерді біле ме?!
Келесі бір мәселе, қазақ тілінің туысқан түркі тілдермен ортақтастығы бар. Бұл Кеңес дәуірінде әдейі бұзылды. Жаңа әліпби осы дүниені қайтадан қалпына келтіріп, түркі тілдерінің ортақтастығының сақталуына қызмет ете ала ма?! Осыны ескеру керек!
Бір сөзбен айтқанда, тілде ұлттың жаны бар. Егер тіл, әріп мәселесі дұрысталмаса ұлт өледі.
Үшінші мәселе, жаңа әліпби қазақ тілін басқа тілдің экспансиясынан құтқаруы керек. Қазіргі қазақ тілінің жағдайында бір әліпбиден екіншісіне өту рухани төңкеріспен бірдей. Бұл іс қазақ халқы үшін тағдыршешті мәселе. Латынға қаншалықты тез өтеміз, соншалықты рухани тәуелділіктен құтылатын боламыз. Басқа жол жоқ.
Болат КӨМЕКОВ,
ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы