28 Қазан, 2011

510 отбасы пәтерлі болды

250 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Егемен елде өмір сүріп, тұрмыс кешу шексіз бақыт, қуаныш қана емес, сонымен бірге үлкен сын да. Бұл ақиқат биылғы көктемде тас­қын су зардабына ұшыраған ба­тыс­қазақстандықтардың мысалы­нан айқын көрінеді. Баспасөзде бұ­ған дейін хабарланғанындай, сол кезде апат аймағынан он мыңға жуық адам өзге жаққа көшірілді. Жас мемлекеттің төтенше жағдай­лар жөніндегі құрылымдары мұн­дай аса ауқымды эвакуациялық жағдаймен тұңғыш рет беттесті. Тек бір аймақ қана емес, тұтас еліміз үшін үлкен сын болған осы бір аса жауапты шақта Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев бір де бір адам көмексіз, қамқорлықсыз қалмайды деген болатын. Өткен жексенбі күні мыңдаған оралдықтар Мемлекет басшысы­ның осы тұжырымының нақты іске асқанының куәгері болды. Қа­зақ­станның батыстағы қақпасы тағы бір шағын ауданмен толықты. Мұнда айшықты да ажарлы ар­хитектуралық жобаларға сай бес және тоғыз қабатты тұрғын үй кешендері мемлекеттік комиссияның шешіміне сай пайдалануға берілді. Сыңғырлаған жаңа пәтерлердің кіл­ті 510 отбасына табыс етілді. Сал­танатты рәсім кезінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов атап көр­сеткендей, әлеуметтік-тұрмыс­тық ны­сандардың өте қысқа уақыт ара­лығында, небәрі бес-алты ай ішінде пайдалануға берілуі олар­дың сапа­сына салқынын тигізген жоқ. Расында да уақыт ырғалып-жыр­­ғалуды күтпейтін де, көтер­мейтін де еді. Сондықтан жергілікті мердігер ұйымдар орталықтан көмек келуін күтіп жатпай-ақ құрылысты өз қаражаттары есебінен шұғыл бастап кеткені, өңірде құрылыс индустриясының кең қанат жайғаны, яғни басты құры­лыс материалдарының Орал қала­сының өзінде өндірілетіні – көз­деген уақыт межесінен шығуға негіз қалады. Арада көп уақыт өт­пей-ақ «Самрұқ-Қазына» әл-ауқат қоры, «ҚазМұнайГаз» және «Қа­зақ­стан темір жолы» ұлттық ком­па­ниялары қажетті қаражат сал­ғаны құрылыс қарқынын одан әрі жеделдетуге септігін тигізді. Қала құрылысының тек өзіне ғана тән иірімдері мен талаптары бар. Белгілі бір құрылыс нысанда­ры жобаланған кезде, өзге де өмір сүруге қажетті инфрақұрылымдар мен инженерлік желілер қоса ой­ластырылмаса, ол жартыкеш күйін­де қалып қоймақ. Тұрғын үй кешендерінің жанынан балабақша­лар мен мектептер, денсаулық сақ­тау нысандары құрылыстарының қоса салынып іске қосылуы осын­дай өміршең көзқарастан туында­ғаны анық. Бұл нысандарда тас­қын судан зардап шеккен тұрғын­дардың балалары тәрбиеленіп, білім алмақ. Тәуелсіздіктің алғашқы онжыл­дығында Орал өңірінде бүлдіршін­дерді мектепке дейінгі тәрбие мекемелерімен қамту ісі өте өткір күйінде тұрған болатын. Деректер бұл көрсеткіш бойынша өңір 1997 жылы өзге облыстармен салыс­тырғанда жетінші орында тұрға­нын айғақтайды. Өткен жексенбі күні Орал қаласында тасқын су зардаптарын қалпына келтіру ісіне бөлінген республикалық қаражат есебінен тұрғызылған әрқайсысы 290 орындық екі балабақша есігі айқара ашылды. Осынау мектепке дейінгі балалар мекемелерін есепке қосқанда облыста қажетті қам­тылу 94 пайызға жеткенін көрсет­ті. Бұл республика облыстары арасындағы бірінші орын екенін айтудың өзі бір мерей. Орал қаласының іргесінде Асан деген ауыл бар. Бұл іргелі елді мекенде мектептің жоқтығы оның тұрғындары мен жас жеткіншек­тердің арқаларына аяздай батып жүретін. Тағы бір қуанышты жәйт, тасқын су зардаптарын қалпына келтіру шаралары аясында мұнда 230 орындық жаңа мектеп ғима­раты пайдалануға берілді. Соны­мен бірге  Төтенше жағдайлар министрлігі бөлген қаражат қорынан аталған ауылды облыс орта­лығымен жалғайтын асфальт жол төселді. Әлеуметтік-тұрмыстық және мек­тепке дейінгі тәрбие мен жал­пы білім беру нысандарының салта­натты түрде ашылу рәсімі кезінде сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Абат Есенғалиев, Орал қаласының тұрғындары Роза Жолтаева, Татьяна Левина, Балауса Рамазанова мен Шолпан Айтқалиевалар бұл жақсылықтардың бәрін Елбасы­ның сарабдал саясатымен, респуб­ликаның қарапайым тұрғында­рына деген тұрақты қамқорлық көз­қарасымен байланыстырды. Әрі олар биылғы қазан айында Орал қаласында пайдалануға беріліп отырған нысандар және жаңадан пайда болған шағын аудан сол саясаттың нәтиже беруі­нің, оның салтанат құруының бір көрінісі бола алады деген шынайы ой-пікірлерін айтты. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал. Суретті түсірген Александр КУПРИЕНКО.