Қазақстан • 17 Қазан, 2017

Польшамен байланыс нығайып келеді

328 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай Польшаның Ішкі істер министрлігі мен Польша Республикасы әкімшілігінің Мемлекеттік хатшысы – Репатриациялау ісі жөніндегі комиссар Себастьян Хвалекпен кездесуі өтті.

Польшамен байланыс нығайып келеді

Шара аясында екі ел арасындағы қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мен этносаралық қатынастар саласындағы саясатты жүзеге асыру және қарым-қатынасты жақсарту бағытындағы өзара іс-қимылдарды ұйымдастыру тетіктері айтылды.

Ресми кездесудегі құттықтау сөзінде Д.Мыңбай екі ел арасындағы қарым-қатынас деңгейінің келешегі кемел екендігіне тоқталды.

«Биыл Қазақстан мен Польшаның дипломатиялық байланыс орнатқанына 25 жыл толады. Осы аралықта біздің әріптестік қарым-қатынасымыз жоғары деңгейде қалыптасып, барлық салада сенімді серіктестігіміз нығая түсті. Әрине, оның басым бөлігі сауда-экономикалық бағыттарға негізделгені түсінікті. Сол себептен де бүгінгі таңда Қазақстанда поляк капиталының қатысуымен 100-ден астам кәсіпорын қызмет етуде. Мұның өзі қос мемлекет арасындағы өзара тиімді әрі стратегиялық байланыс орнағандығының айқын дәлелі», деді ол.

Сонымен қатар, Дархан Қамзабекұлы қазіргі кезде Қазақстан поляктарының одағы барлық өңірлерде қалыпты жағдайда жұмыс істейтіндігін тілге тиек етті.

«Одақ аясындағы орталықтарда поляк тілі жексенбілік мектептер арқылы оқытылады. Сол сияқты екі мемлекеттің арасын білім саласы да жалғастыруда. Өйткені, осы күндері 800-ден астам студентіміз Польша елінде білім нәрімен сусындауда. Бұл үкіметаралық әріптестік келісімі негізінде жүзеге асуда. Сондықтан да біздің байланысымыз білім саласынан басқа, мәдениет пен өнер сынды өзге де салалар бойынша жалғасын тауып, достық пейілдегі қарым-қатынасымыз нығая түседі деген сенімдемін», деді Д.Мыңбай.

Өз кезегінде сөз алған ІІМ мен Польша әкімшілігінің мемлекеттік хатшысы – Репатриациялау ісі жөніндегі комиссар С.Хвалек Польша үшін Қазақстан маңызы жоғары серіктес ел ретінде мойындалатындығын айтты.

«Ағымдағы жылда Польша президенті мен Сенаттың вице-спикері және бірнеше министрдің Қазақстанға ресми сапармен келуі менің бұл сөзіме айқын дәлел бола алады. Сондай-ақ, білім саласындағы берік байланысымыз бен Интерпол желісі бағытындағы серіктестігіміз де, оған қоса екі ел арасындағы сотталғандарды беру жөніндегі келісім де тараптардың салалық қатынастарын жандандыру үстінде», деді С.Хвалек.

Кездесу қорытындысында тараптар қоғамдық келісімді нығайтуды көздейтін түрлі шараларды бірлесе ұйымдастыру мәселелерін жан-жақты талқылады.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»