29 Қаңтар, 2010

БАҒА БАСТЫ БАҚЫЛАУДА

1182 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кедендік бақылау арқылы өткен тауарлардың  қымбат­тауына жол бермеу үшін шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын төмендету және тұрақ­тандыру әдістемесіне сәйкес Сыр аймағында кедендік бақылау департаментімен бірлесіп азық-түлік өнімдерінің негізгі импорттау­шыларының тізімі анықталды. Сонымен қатар, бәсекелестікті қорғау агенттігінің өңіраралық инспекциясымен бірге азық-түлік өнімдерінің ірі көтерме жабдықтаушылары да нақтыланып отыр. Негізінен аймаққа сүт өнімдері мен өсімдік майы импортталады екен. Ал, жеміс, көкөністер жергілікті көтерме жеткізушілер арқылы шағын және орта көлемде респуб­ликаның өзге өңірлерінен тасымалданады. Сонымен қатар, азық-түлік өнімдеріне бағаны төмендету және тұрақтандыру мақсатында 4 ірі көтерме жабдықтаушымен меморандумға қол қойылды.  Тараптар ішкі рынокты азық-түлік өнімдерімен қолжетімді бағада толықтыруға, азық-түлік өнімдерінің жекелеген түрлеріне бағаны 5-10 пайызға төмендетуге және тұрғындарға өткізу бағасына үстеме бағаны 5 пайыздан асырмауға уағдаласты. Бүгінгі күні басқа да көтерме жабдықтаушылармен және сауда кәсіпорын­дарымен меморандумға қол қою жұмыстары жоспарлы жүргізілуде. “ҚазАгроМаркетинг” акционерлік қоға­мының облыстағы өкілдігімен бірлесіп, негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасына тұрақ­ты мониторинг жүргізілуде. Мониторингке зер салсақ, өткен жылдың 1 желтоқсанындағы бағаны қараша айындағы көрсеткішпен  салыстырғанда қант 1,2 пайызға (2 теңгеге), қырыққабат 7,5 пайызға (3 теңгеге), картоп 8,9 пайызға (4 теңгеге), жуа 7,3 пайызға (3 теңгеге), сәбіз 8,9 пайызға (4 теңгеге) арзан­даса, осы аралықтағы қиярдың бағасы 12,9 пайызға (25 теңгеге), қызанақ 9,4 пайызға (18 теңгеге), алма 6,1 пайызға (7 теңгеге) қымбаттаған. Бағаның өсуіне маусымдық ауытқу әсер етіп отыр. Өңіріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы ауылшаруашылық дақылдарының егіс көлемі 9,9 мың гектарға артып, 156,1 мың гектарға егіс егілді. Оның ішінде, күріш егісінің көлемі 9,8 мың гектарға, картоп, көкөніс-бақша 2,6 мың гектарға артты. Сонымен қатар, былтыр бірінші рет механикаландыру әдісімен тамшы­ла­тып суаруды қолдана отырып, 200 гектар жерге қызанақ егілді. Сол сияқты күріш өндірі­сінің  көлемін 19,9 пайызға (306,2 тонна), картопты 25,1 пайызға (98,2 мың тонна), көкөністі 44,5 пайызға (102,2 мың тонна), бақшаны 17,1 пайызға (134,6 мың тонна), етті 1,6 пайызға (31,7 мың тонна), сүтті 2,0 пайызға (76 мың тонна) арттыру қамтамасыз етілді. Аймақ тұрғындарының күріш, картоп, көкөніс, бақша өнімдеріне сұранысы Сыр аймағында өндіріс есебінен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, жергілікті жерде көкөніс өнімдерін өндіру мақсатында  жылыжай шаруашылығын салу жұмыстары жүйелі  жүргізілуде. Өткен жылы әрқайсысы 0,05 гектарды құрайтын 5 жылыжай іске қосылса, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен жалпы көлемі 0,5 гектарды құрайтын 10 жылыжай құрылысы жүргізілуде. “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ жалпы көлемі 1 гектарды құрайтын 20 жылыжай құрылысын несиелендіруді қарастыруда екен. Мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін өркендету мақсатында  орта тауарлы шаруа­шы­лықтар құруға шешім қабылданып, асыл тұқымды мал сатып алып, әрі қарай лизингке беру үшін облыстық бюджеттен 58,5 млн. теңге бөлінді. Облысқа 1020 бас асыл тұқымды қой, 200 бас жылқы, 46 бас түйе әкелініп, лизингке берілді. Бюджеттен бөлінген қаржы есебінен инкубатор және консерві цехтарын ашу бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа 14 млн. теңге бөлінді. Аймақта тұрақты өткізіліп келе жатқан азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкелерінде өнімдер базардағыдан 15-20 пайыз төмен бағада сатылуда. Әзірге облыс бойынша сауда орындарынан арзандатылған бағада төлем алынатын 4 коммуналдық базар жұмыс істейді. Жыл бойы “Арзан жеміс” СТК арқылы азық-түлік өнімдерін тасымалдау ұйымдастырылып, әкелінген өнімдер облыс орталығының әр аудандарында орналасқан “Арзан базарының” сауда нүктелері арқылы базар бағасынан 10-15 пайыз төмен бағада сатылды. Нақты деректерге жүгінер болсақ, 518,5 тонна өнім әкелінген. Ішкі рынокты отандық азық-түлік тауарларымен толықтыру мақсатында дәстүрге айналған “Күріш жәрмеңкесі” екінші рет өткізілді. Онда күрішті тікелей жеткізу жөнінде республиканың 10 аймағы әкімдіктерімен меморандумдарға қол қойылды. Республика­ның 7 аймағынан 28 тауар өндіруші және Қызылорда облысының 41 тауар өндіруші­лерінің қатысуымен “Отандық тауар өндіру­шілер көрмесі” өткізілді. Көрме қорытынды­сында “Арзан базар” коммуналдық базары Қостанай қаласынан алдын-ала төлемсіз 1 килосы 36 теңгеден 64 тонна ұн алып,  ұн бағасының 6 пайызға түсуіне ықпал етті. Сонымен қатар Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының өндірушілерімен ұсынылған тапсырыс бойынша өсімдік майын, картоп, сәбіз, қырыққабат, жуа өнімдерін алдын-ала төлемсіз алуға келісім-шарт жасалынған. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда. БАЛАБАҚША ЗӘРУЛІГІ ТАЯУ ЖЫЛДАРЫ ШЕШІЛЕДІ Астана — елдігіміздің айбары, тәуелсіздігіміздің тұғыры. Бұл бүгінде ешкім талас тудырмайтын ақиқатқа айналды. Елорда — эконо­микамыздың локомотиві, сәулеті­міздің сәні, даму болаша­ғы­­мыз­дың мәні. Түйіндей айт­қан­да, Астана қай жағынан алғанда да тәуелсіздік жылдарындағы ел жетістігінің темірқазығы болды. Бұл астаналықтардың әлеуметтік өмірінен де айшықты көрініс табуда. Астананың алғашқы қазығынан бастап бүгінгі әлемдік деңгейдегі ғажайып мегаполиске айналғанға дейін балаша аялап, қаланың дамуы, көркеюі жолына білімін де, біліктілігін де жұмсап келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оның әрбір тынысын қалт жібермей қадағалаудан да жалыққан емес. Мемлекет басшысы елорданың күнделікті өміріндегі күрделі мәселелерді шешуде де тиімді шара, оңтайлы қадамдарды тап басып, дер кезінде жүзеге асыруға бастамашы болып келеді. Оған 2009 жылы 13 қарашада тікелей желі арқылы халықпен жүздесуінде Астанада өте ушығып тұрған балабақша мәселесіне қатысты Үкмет пен қала әкім­дігіне берген тиімді де ұтымды тапсырмалары айқын дәлел болады. Президент жүктеген тапсыр­маларды орындау мақсатында Үкімет қала әкімдігінің алдына таяу мерзімде қаладағы балабақ­шаларға деген зәруліктің шұғыл алдын алу жөнінде үлкен міндет қойды. Осы көкейкесті мәселені түбегейлі шешу мақсатымен қала әкімдігі нақты атқарылар жұмыс ауқымын белгілеп, кешенді шараларды қолға алды. Қала әкімдігіндегі дерек бойын­ша, бүгінде балабақша кезегіне елордамыздың 28 мың кішкентай тұрғындары тіркелген көрінеді. Олардың ішінде 20 мыңға жуық бүлдіршіндер бала­бақшаға өте зәру болып отыр. Өткен жылдың соңында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Мемле­­кет басшысының тікелей желі арқылы халықпен өткізген жүзде­суінен кейін берген тапсыр­маларын орындау мақсатында Астана қаласында көшпелі кеңес өткізген болатын. Осы басқосу барысында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов 2010-2011 жылдар­да елордадағы бала­бақ­ша пробле­масы түбегейлі шешілетіндігін мәлімдеді. Әкімдіктің алдын-ала жасаған жоспарына байланысты 2010 жылы Астанада балабақшаға деген зәрулікті жою төмендегідей төрт бағытта жүзеге асырылмақ. Бірінші бағыт бойынша, елорданы көшіру­дің алғашқы кезеңінде әртүрлі мемлекеттік мекемелерді қоныс­тандыру үшін берілген балабақша ғимараттарын қайтадан комму­налдық меншікке қайтарып, оларды балабақша мекемесі ретінде қайта жарақтандыру нәтижесінде жүзеге асырылатын болады. Жүргізілген зерттеулер көрсетіп отырғанындай, қаладағы мұндай ғимараттардың саны 14 екен. Оларды қайта жабдықтаудан өткізгеннен кейін мұнда 2775 бүлдіршінді балабақшамен қам­туға мүмкіндік туады. Қайтадан коммуналдық меншікке қайтары­латын бұрынғы балабақша ғимараттарының тізімі төмендегі кестеде жан-жақты көрсетілген: Екінші бағыт бойынша, Үкі­меттің дағдарысқа қарсы қабыл­даған іс-қимыл шараларына сәйкес “Жаңа Құрылыс” ЖШС-ның күшімен салынып жатқан үлескерлердің проблемалық ны­сандарының пәтерлерге лайық­талмаған бірінші қа­баттарындағы құрылыс алаң­дарында балабақ­шалар жасақтау мәселелері қарастырылған. “Жаңа Құрылыс” ЖШС-ның мәліметтеріне сәйкес 15 тұрғын үй кешендерінен осы мақсатқа жалпы көлемі 16 мың шаршы метр бөлмелер бөлу жос­парланған. Бұл шараның нәтижесінде 2,5-3 мың кішкентай астаналықтар жаңа балабақша орнымен қамтылмақ. Үшінші бағыт бойынша, жеке меншік балабақшалар құры­лы­сын салу есебінен, сонымен бірге жеке тұрған құрылыс нысандары­ның, салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатта­рындағы құрылыс нысандарын пайдалану есебінен 2,5 мың бүл­діршінге арналған жаңа бала­бақша орындарын жабдықтау. Төртінші бағыт бойынша, елорда әкімдігі биылғы жылы жал­пы саны 2,5-3 мың бүлдір­шінге арналған 10 балалар бақ­шасының жаңа ғимаратын салуды жоспарлап отыр. Астана әкімдігінің мәлім­деуінше, 2011 жылы қаламызда тағы да 20 жаңа балабақша ғимараты салынбақ. Сөйтіп, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов атап көрсеткеніндей, 2011 жылы Астана қаласындағы балабақша­дағы орындарға зәру болып отырған бүлдіршіндердің 80-90 пайызы орынмен толық қамтама­сыз етілетін болады. Бұл елорда­дағы балабақшаға деген сұраныс­ты түбегейлі шешуге жағдай жасамақ. Өткен жылдың аяғында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Астана қаласындағы өткізген көш­пелі кеңесте Мемлекет бас­шы­­сының тікелей желі арқылы халықпен жүздесуінде ерекше басымдық берген елордадағы балабақшаға деген сұранысты толық қанағат­тандырудың маңы­зы зор екен­дігін айрықша атап көрсетті. Сөйтіп, қала әкімдігі алдымыздағы екі жыл ішінде бұл мәселеде түбегейлі бетбұрыс жасамақ. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. КЕДЕН ОДАҒЫНА КӨЗҚАРАС Астанада Қазақстанның Сауда-өнеркәсіп палата­сының 50 жылдық мерейтойы қарсаңында Беларусь және Ресей СӨП өкілдерінің қатысуымен “Бірыңғай Кеден одағы жағдайындағы сауда-өнеркәсіп палаталарының рөлі” атты тақырыпта басқосу өтті. Басқосуда Кеден одағына мүше елдердің өкілдері оның құрылуына,  алдағы қызметі мен жоспарларына қатысты өз ойларымен бөлісті. Мұнда Қазақстан СӨП-інің президенті Ерлан Қожасбай отандық бизнестің Бірыңғай Кеден одағының құрылуын қолдап, оның бастапқы қызметінде Қазақстан үшін бірқатар кемшіліктердің болатынына түсіністікпен қарап отырғанын, алайда уақыт өте келе еліміз Кеден одағы аясындағы қарым-қатынаста өз ұпайын түгендеп алатынына кәсіпкерлердің сенімді екенін айтты. Осы орайда ол СӨП-тің Ресей мен Беларусь рыногына шығамын деген кәсіпкерлерге жең ұшын беруге дайын екенін, өйткені, БКО құрамына кірген шетелдік әріптестеріміз Қазақстан рыногына тек инвестор ретінде қарайтынын, сондықтан шағын және орта бизнесті қолдау палатаның басты мақсаттарының бірі болып табылатынын атап өтті. Оның айтуынша, осы мәселеге байланысты қазір Ресей және Беларусь елдерімен тиісті келіссөздер жүргізілуде. Онда Кеден одағына кіретін мемлекеттердің сауда-өнеркәсіп палаталарының қауымдастығын құру мәселесі де қарастырылып отыр. Егер бұл ассоциация құрылған жағдайда оған әр елден 10 мүше кіріп, Кеден одағы аясында туындаған мәселелерді тез арада анықтап, шешу жолдарын қарастыратын болады. Жиында Ресей мен Беларусь елдерінің өкілдері Кеден одағының құрылуына байланысты өз пікірлерін білдірді. Ресей СӨП-нің Қазақстандағы өкілі Константин Артюшин алдағы уақытта оның қызметі үш елге де пайдалы болатынын, өйткені, 170 млн. халқы бар алып кеңістікті қамтыған Кеден одағының жұмысы тек сауда және экономикалық мүдделерді көздеп отырғанын, соның нәтижесінде өнім өндіру, оны сыртқа жеткізуде бәсекелестіктің артатынын атап көрсетті. Осы жерде ол бәсекелестікті мәселесіне келгенде, Қазақстан мен Ресейден гөрі Беларусь өнімдерінің көп ретте сұранысқа ие болатынын, өйткені, оның техникасы мен ауылшаруашылық және басқа да өнімдері сапалы тауар ретінде бағаланып жүргенінен хабардар етті. Ал Беларусь СӨП төрағасының орынбасары Николай Сахар болса, өз елінің Кеден одағы аясында Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істеу тұрғысында ауқымды жоспарлар белгілеп отырғанын, Минскіде апта сайын үкімет басшысы деңгейінде Қазақстан Республикасымен ынтымақтас­тықты нығайту мәселесі бойынша нақты шаралар қарастырылып жатқанын жеткізді. Дастан КЕНЖАЛИН. ОРТАҚ  РЫНОКТЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ КӨП Солтүстік Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаментінің бастығы  Әлібек Қартов БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте  өз сөзін кеден одағын құру  туралы үш ел арасында қол жеткен мәмілелерден бастады. Қазақстан, Ресей және Беларусь мем­лекеттерінің басшылары былтыр 27 қарашада Кедендік одақтың Кедендік кодексі туралы келісімге қол қойған күннен бастап, біртұтас экономикалық аймақ құруға негіз жасалды. Мұндай келісім ел тұрғындарына да көптеген артықшылықтар береді. Ең бастысы, рынокқа кең жол  ашылып, еркін сауда айналымы жан-жақты өрістейтін болады, – дей келіп, Әлібек Нәмімұлы 1 қаңтардан бастап  бірыңғай кедендік тарифтің енгізілгенін, 1 шілдеден Кедендік кодекстің күшіне енуіне байланысты үш елден әкелінетін өнімдер мен тауарларға  кедендік ресімдеудің жүр­гізілмейтінін жеткізді. 2011 жылы Қазақстан-Ресей шекарасындағы кедендік бақылау алынып, бар күш-жігер сыртқы  шекараға жұмылдырылатын болады. Кедендік одақ аясында қолға алынып жатқан шаралар шекара арқылы жүктердің өтуін оңайлатып, 170 миллион  адамды қамтитын ортақ рынокты қалыптастырады. Ол 2012 жылға дейін  жалғасатын болады. Жедел басқару орталығы іске қосылғалы жұмыстың ширай түскені байқалады. Былтыр кеден бекеттеріндегі  сыртқы сауда айналымы 995,3 миллион долларды құраған. Тауарлар  экспорты  344 миллион, ал импорт 651 миллион долларға жеткен. Бұл салада көршілес ел – Ресейдің үлесі үлкен.  Одан  мұнай, тағам өнімдері, тұрмыстық техникалар, автокөліктер мен қосалқы бөлшектер жеткізіледі. Ал, бізден сыртқа  астық өнімдері мен ұн шығарылады. Соңғы кездері алыс-жақын шетелдермен байланыс артып келеді. Бюджетке 13,6 миллиард теңге  салық және кедендік төлемдер аударылған. Кеденшілер құқықтық қорғау саласында да қырағылық көрсетіп келеді. 59 қылмыстық іс тіркеліп, заңсыз айналымнан 172 кило есірткі заттары алынған. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы. НЕГІЗГІ МАҚСАТҚА ПАЙДАЛАНЫЛМАЙ ОТЫРҒАН БҰРЫНҒЫ БАЛАБАҚШАЛАРДЫҢ ТІЗІМІ №  Нысандардың атауы            Мекен-жайы                           Кімге тиесілі           Орын саны 1 Бұрынғы №26 балабақша ғимараты   Желтоқсан к-сі, 36а   Астана қалалық әкімдігі   140 (“Астана хабары”, “Вечерняя Астана” газеттері редакциясының қоғамдық ұйымдары) 2 Бұрынғы №14 балабақша ғимараты Московская к-сі, 29/4 Астана қалалық әкімдігі   75 (ИЖК) 3 Бұрынғы №71 балабақша ғимараты 4 ш/а, 33/1 үй  Астана қалалық әкімдігі   320 (Алматы ауданының әкімдігі) 4 Бұрынғы №58 балабақша ғимараты Набережная к-сі, 37 Астана қалалық әкімдігі   280 (СПИД орталығы) 5 Бұрынғы №3 балабақша ғимараты Московская к-сі, 78   Әскери бөлімше  (республикалық меншік) 280 6 Бұрынғы №33 балабақша ғимараты Самаркантская к-сі, 45 ҰҚКД (республикалық меншік)     140 7 Бұрынғы №72 балабақша ғимараты Самаркантская к-сі, 45а    ҚР Қорғаныс министрлігі (республикалық меншік) 140 8 Бұрынғы №5 балабақша ғимараты           Затаевич к-сі, 21 Қорғаныс істері  жөніндегі департамент (республикалық меншік) 140 9 Бұрынғы балабақша ғимараты   Маяковский к-сі, 7а ІІМ (республикалық меншік) 140 10 Бұрынғы №23 балабақша ғимараты  Жангелдин к-сі, 1   ІІМ (республикалық меншік)         280 (Победа д-лы, 65а) 11 Бұрынғы №10 балабақша ғимараты  Жұбанов к-сі, 2   Әділет министрлігінің ҚҚО, Әділет департаменті (республикалық меншік)                 140 12 Бұрынғы №44 балабақша ғимараты  2 ш-а Республикалық гвардия (республикалық меншік) 280 13 Бұрынғы №161 балабақша ғимараты     Можайский к-сі, 5  Әскери сот (№16 балабақша ғимаратының   (республикалық меншік) 140 корпусы) 14 Бұрынғы №52 балабақша ғимараты  Московский к-сі, 58   ҚТЖ      280 БАРЛЫҒЫ:                                         2 775 Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.nature.kz Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі      www.darі.kz Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.kz Қаржы министрлігі           www.mf.mіnfіn.kz Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі              www.mіnplan.kz Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет және ақпарат министрлігі            www.sana.gov.kz Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі           www.memr.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz Индустрия және сауда министрлігі              www.mіt.kz Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz Жер ресурстарын басқару агенттігі             www.auzr.kz Байланыс және ақпараттандыру агенттігі ww.alc.gov.kz Статистика агенттігі                            www.stat.kz Көші-қон және демография агенттігі  www.demomіgratіon.kz