18 Қазан, 2017

Әлемдік қауіпсіздікке қосылған қомақты үлес

380 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып қабылдануын, 2018 жылдың қаңта­рында Кеңеске төрағалық ететінін елімі­здің әлемдік қауіпсіздік жүйе­сі құрылымына қосқан қомақ­ты үлесінің мойындалуы деп бағамдай­мыз. 

Әлемдік қауіпсіздікке қосылған қомақты үлес

Сондай-ақ бұл Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібіне Орталық Азия өңіріндегі аса өзекті мәселелерді шығара алған­дығын да білдіреді. 

Осы орайда еліміз азық-түлік, су, энергетикалық және ядролық қауіпсіз­дік мәселелеріне жіті көңіл бөлу арқы­лы Ауғанстандағы тыныштық пен тұрақ­тылықтың сақталуын қамтамасыз ететін жарқын жобаларды ұсынғанына да назар аударғанымыз абзал.

Бұдан бөлек БҰҰ шеңберіндегі ауқымы кең, абыройы асқақ ұйымға жетек­шілік ету аясында біздің еліміз үшін стратегиялық маңызы зор бағдар­ламаларды жүзеге асыруға да жаңа мүмкіндіктер ашылмақ. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Нұрлы жол» және «Қазақстан-2050» секілді бағдар­ламалардың ойдағыдай орындалуы еліміздің ішкі әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық шеңбердегі міндеттемелерді мінсіз орындап шығуына орасан зор ықпал етері сөзсіз.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі қағидасында терроризмге қарсы күрес пен жаппай қырып-жоятын қару түр­лерінің кең таралмауын қамтамасыз ету және ядролық бағдарламаларды дамыту ісіндегі «тараптар келісімінде» саяси көзқарастар қайшылығын бол­дыр­мау немесе осыған қатысты санк­­ция қолдану тетігін реттеу, балалар мен әйелдер құқын қорғау мәсе­ле­лері басымдыққа алынғаны белгі­лі. Бұл бірнеше бағыттар бойынша тия­нақ­­ты жүргізілетін сан салалы жұмыс­тар. Десек те біздің елдің баса көңіл бөліп отырған бір бағыты соңғы он­жыл­дықтар ішінде күллі әлемді әбі­герге салып, үрей құшағына алған түрлі радикалды ұйымдар мен ұғым­дарға қарсы күрес болып табылады. Зама­науи ағымға тән сипат алған «жа­ңашыл үрей» географиялық тұрғыда Таяу Шығыс пен Ауғанстан арқы­лы Орталық Азия өңіріне өтіп, тіпті ай­мақтық қауіпсіздік шеңберінде қылаң беруде. Әрі-беріден соң әлемдік саяси жағдайға әсері тие бастағаны да ай­қын сезілуде. Сондықтан да бұл мәсе­леге халықаралық қоғамдастық өңір­лік проблема ретінде қараудан қалды.

Еліміздің Қауіпсіздік Кеңесіне жетекшілік етуіне оң септігін тигізген жағдайдың бірі – Қазақстанның аталған ұйым аясындағы Ауғанстан/Талибан жөніндегі Қауіпсіздік Кеңесі комитетіне жетекшілік еткені болса керек-ті. Ауғанстандағы тынышсыздық бүгінде дағдарысты жағдаймен өз жалғасын тауып, әлі де Орталық Азия өңіріне қауіп төндіріп жатқаны жасырын емес. Міне, еліміздің өркендеу жолында бір кездері жүріп өткен осындай жолымызды халықаралық ұйым әлем тыныштығын сақтауға қосқан қомақты үлестің бір бөлшегі ретінде бағалады.

Ал енді бүгінгі ресми Астана Ауған­стандағы жағдайды экономикалық интеграция арқылы жақсартуға ниет біл­діруде. Атап айтқанда, Ауған­стан мен Орталық Азия елдерін инфра­құрылымдық қатынас, сауда-инвести­циялық және транзиттік көлік жобаларын жүзеге асыра отырып, ауған жағдайының аурасында тыныштықты тұрақтандыру бастамасын ұсынуда. Осы мақсатта Ресей тарапынан қолдау тапқан Ауғанстанның дамуына ықпал ету үшін Алматы қаласында арнайы аймақтық орталық құру ұсыныстары айтылып, жобаны жүзеге асыру қолға алынуда.

Өз кезегінде экстремизм мен тер­роризм­нің қауіп-қатеріне ұшырап, діни алауыздықпен астасқан Ауған­стан жағ­дайы түрлі көзқарастар қайшы­лығы­мен біте қайнасып, кең ауқымда саяси сипат алып, тым шиеленісіп жатқа­ны да жасырын емес. Ол аздай, бұл ел­дің қазіргі көрінісі әлемдік ауқым­дағы саяси үдерістің құбылуына да түрткі боларлықтай халде. Сондықтан да ради­­калды ислам идеологиясына негіз­делген террорлық ұйымдардың ба­сым бөлігі осы ел арқылы ұдайы қауіп-қатер төндіріп отырғанды қолай көреді. Ал Қазақстан Қауіпсіздік Кеңе­сі аясындағы қызметін осы жағ­дай­ға қарсы күрес жүр­гізу тетігін инфра­құры­лым­дық қаты­нас­тарды дамытумен өзара ұш­тас­тыра отырып ілгерілетуге басымдық берген. 

Сонымен қатар тағы бір ескере кетер­­лік жайт, Астана терроризмге қар­­сы күрес жөніндегі 13 халықаралық әмбе­бап конвенцияға қосылып үлгерді. Оған қоса біздің ел Халықаралық терро­­­ризм­ге қарсы әрекет ету коали­ция­­­сына белсенді қатысушы ел ретінде танылғаны Қазақстанның сыртқы сая­саттағы қадамын нықтап тұрғандай.

Зарема ШӘУКЕНОВА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегия­лық зерттеулер инс­­ти­­тутының директоры