Жыл сайын елімізде миллиардтаған соманың айыппұлы өтелмеген күйі қалады. Неліктен бұлай болып отыр? Борышкерлер әкімшілік айыппұл төлеуден жалтармас үшін мүдделі мемлекеттік органдар қандай шара қолдануы керек? Еліміздің Бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен жуырда өткен Құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде осы жәйттер және осы жөнінде жаңа құқықтық тетік енгізу жайы кеңінен сөз болды.
Жыл сайын әкімшілік жауапкершілікке екі миллионнан астам адам тартылады. Ал әкімшілік жазаның ең көп тараған түрі айыппұл екені белгілі. Ол әкімшілік істердің 80 пайызында қолданылады. Алайда, тек айыппұл салумен ғана іс бітпейтінін бүгінгі тәжірибе көрсетіп отыр. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті (ҚСжАЕК) жүргізген тексеру айыппұл салу туралы қаулылардың 40 пайызы орындалмайтынын анықтап берді. Бұл жыл сайын 800 мыңнан астам азамат мемлекеттік органдардың шешімдерін аяқ асты етіп, қазынаға миллиондаған сома қайтармай отыр деген сөз.
Жалпы 2010 жылы әртүрлі мемлекеттік органдар жалпы сомасы 109,3 млрд. теңгенің айыппұлын салса, соның 29,7 млрд. теңгесі ғана қайтарылған. Бұл көрініс биыл да қайталанып отыр. Өткен жарты жыл ішінде 45,5 млрд. теңге айыппұл белгіленсе, оның 13,6 млрд. теңгесі ғана өндіріліп алынған.
Мұндай заң бұзушылардың 75 пайызын ішкі істер бөлімдері анықтайтынын талдау көрсетіп берді. Ал барлық айыппұлдың сомаға шаққандағы 60 пайызын салық органдары салады. Сондықтан да төленбеген айыппұлдардың дені осы органдардың үлесінде. Мәселен, салық органдары 2010 жылы 64,3 млрд. теңге, ал ағымдағы жылы 17,5 млрд. теңге айыппұл қайтара алмаған. Бұған қарағанда ішкі істер органдарының қайтара алмаған айыппұлдары аздау: сәйкесінше 5,4 және 3,1 млрд. теңге.
Бұл ретте прокуратура органдарын салынған айыппұлдарды өндіріп алу жөніндегі жұмыстардың ұйымдастырылу жағы да алаңдатып отыр. 2008-2009 жылдары уақытылы шара қолданылмағандықтан, кейде тіпті мемлекеттік органдардың әрекетсіздігінен мемлекетіміз 25 миллиард теңге айыппұл өндіріп алу мүмкіндігінен біржола айырылып қалды. Ал өткен жылы мерізімі өтіп кеткен немесе басқалай себептермен мұндай өндіріліп алуға болмайтын айыппұлдардың жалпы сомасы 3,6 млрд. теңге болды. Мұндай жағдай жергілікті өңірлерде де оңып тұрған жоқ: Астана мен Алматы қалалары сәйкесінше 819,3 млн. және 558,4 млн., Атырау облысы – 370,8 млн. және Қарағанды облысы 329,9 млн. айыппұл жоғалтты.
Әлбетте, барлық мемлекеттік органдар үшін айыппұлдарды мәжбүрлеп өндіріп алудың негізгі жолы қаулыларды сот орындаушыларға жіберу болып табылады. Алайда, 2010 жылы әртүрлі (кейде әдейі ойластырылған) себептермен 17,2 млрд. теңгенің 437 мың әкімшілік материалдары орындауға жіберілмей қалған! Бұл келеңсіз көрініс әлі де жалғасуда. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 5,7 млрд. соманың 276 мың материалы жабулы күйінде қалған. Мұндай бойкүйездіктің алдында Алматы (71 189), Қарағанды ( 49 710), Ақмола (48 791) және Батыс Қазақстан (47 507) облыстары тұр.
Мұндай заң бұзушылықтар салық органдары қызметінде де кездеседі. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Еңбекші ауданы бойынша салық басқармасы «Строй-Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты дер кезінде әкімшілік іс қозғамағандықтан 38 миллион теңгенің салық жөніндегі берешегін өтеу туралы хабарлама хат талабы орындалмады. Бұл ретте де салықшылар жол полициясының әдісін қолданып, құқық бұзушылар жөніндегі мәліметтерді деректер базасынан алып тастап, оларды жауапкершіліктен босатып жіберген. Мұндай жағдай Алматы қаласында да орын алған, онда деректер базасынан «Алтын Тас Инвест» серіктестігіне қатысты хаттама алынып тасталып, олар 131 миллион теңге айыппұл төлеуден сытылып кеткен.
Құқық бұзушылардың іс-әрекеттерін дұрыс бағамдамау және айып салуды төмен белгілеу фактілері тіпті көп. Мәселен, Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментінде жеке адамдардың орнына 24 заңды тұлғалар басшылары жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ айыппұлдар өтелмеуінің тағы бір себебі мемлекеттік органдардың әкімшілік айып салу туралы қаулыларды мәжбүрлеп орындату жөніндегі жұмыстарды тиісті дәрежеде атқармай отырғандығы болып табылады. Атап айтқанда, салық органдары айыппұлдарды өз бетінше мәжбүрлеп орындату мүмкіндіктерін толық пайдаланбайды. Мәселен, Салық кодексі ережелерінде салықтық берешекке қатысты айыппұлдарды өндіріп алуда инкассалық әдістер мен мүліктерді тізімдеу және дебиторлардан өндіріп алу сияқты шаралар кешенін қолдану мүмкіншіліктері ашып айтылған. Алайда іс жүзінде бұл борышкерлерге пәрменді ықпал етудің мұндай құралдары өз дәрежесінде пайдаланылмай отыр.
Әрине, осы мәжбүрлеп өндіру ісінде соңғы нүктені атқару өндірісі органдары қоятыны белгілі. Өкінішке қарай, айыппұл қайтарудағы олардың жұмысы да өз дәрежесінде емес. 2010 жылы өндірістегі жалпы сомасы 15,7 млрд. теңге болатын 297 мың атқару құжаттарының 2,9 млрд. теңгесін құрайтын 182 мың материалы, яғни оның 18 пайызы ғана орындалған. Ал үстіміздегі жылы 1,5 млрд. теңгені құрайтын 110 мың материал ғана орындалған. Бұл жалпы салынған 9 млрд. теңге айыппұлдың 16 пайызы ғана. Тіпті осы соманың да күмәнді екендігін прокурорлық тексеру көрсетіп отыр. Мысалы, Астана қаласының сот актілерін орындау жөніндегі департаментінде мәжбүрлеп қайтарылған қаржының жалпы сомасының 800 млн. теңгеден астамы асырылып көрсетілген.
Ал атқару құжаттарын жоғалтып жіберу жаппай орын алған десе болады. 2010 жылы Алматы қаласының сот актілерін орындау жөніндегі департаментінің әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу жөніндегі бөлімінің 15 мың осындай құжаттарды жоғалтып жібергені анықталып отыр. Департаменттің лауазымды адамдары оны құқық қорғау органдарына айтып, тіпті ішкі қызметтік тексеру де жүргізбеген. Мұндай жағдайда осы мекеменің биылғы жылы да 6 мың атқару құжатының ізін таба алмай отырғанына таңғалудың қажеті де жоқ шығар!
Айыппұл өндіріп алудың алға баспай отырғаны көп жағдайда сот орындаушыларының әрекетсіздігі мен жұмыстарының берекесіздігінен, сондай-ақ ол үшін жаза белгілеу мен бақылаудың жоқтығынан болып отыр демеске амал жоқ. Мұның бәрі өз кезегінде есеп берулерде түрлі қитұрқыларға баруға жол ашатыны сөзсіз. Мәселен, жоғарыда аталған Алматы қаласының сот актілерін орындау жөніндегі департаментте 2011 жылдың сәуір айынан бері 154 млн. теңгеден астам соманың 21 мың қаулысы қозғаусыз жатыр.
Сөйтіп, Бас прокуратура тарапынан жүргізілген тексеру елімізде салынған және өндіріліп алынған айыппұлдардың анық та нақты толық мәлімет жоқ екенін көрсетті. Мемлекеттік органдардың ведомстволық есептері мен сол органдар ұсынған құжаттардың негізінде түзілетін құқықтық статистика органдарының мәліметтері арасында едуір алшақтық бар болып шықты. Тіпті осындай бөлек-бөлек ведомстволық есептер болуының өзі әркелкілікке соқтырып отыр. Сондықтан да прокуратура органдары мұндай ведомстволық жүйелер мен мәліметтер базасын ықпалдастыру туралы бірлескен бұйрық жобасын дайындап жатыр. Бұл өз кезегінде әлгіндей статистикалық алшақтықтар түйінін тарқатуға тиіс. Мұндай ықпалдасу салық органдарымен жүргізіліп те қойылды, енді олардың деректері біздің Комитеттің мәліметтер базасына келіп түсетін болады. Бұл болса материалдардың келіп түскен уақытынан бастап, олардың түбегейлі орындалуына дейін атқару өндірісін түгелдей автоматтандыруды және электронды есепке алуды жедел жүзеге асыруды қамтамасыз етуді талап етеді.
Демек, бейберекеттікті болдырмас үшін алдымен айыппұлдар мен әкімшілік-құқықтық статистика жөніндегі жалпы мәліметтерді қалыптастырудың нақты жүйесін жасау қажет. Бұл ретте олардың жаңа қағидаттары, мерзімдері мен оларды қалыптастыру тәртіптерін айқындап алу керек. Осылардың бәрі ақырында Мәліметтердің біртұтас банкін құруға мүмкіншілік береді. Мұны біз шартты түрде «Шектеу» деп атап отырмыз. Мұның мағынасы адамдардың құқығын шектеу емес, керісінше құқық бұзушылықтарға шектеу қою дегенді білдіреді.
Мұндай мәліметтер банкінің тұғырнамалық негізі мемлекет пен азаматтар арасындағы әріптестік қарым-қатынас идеясын іс жүзінде жүзеге асыру болмақ. Яғни, егер азамат мемлекет алдындағы өз міндеттемелерін орындамаса, онда мемлекет те оған өз қызметін көрсетпейтін болады. Мәліметтердің біртұтас банкіне барлық борышкерлер жөнінде деректер енгізіледі. Одан кейін олардың кәсіпорын ашуға қандай да бір рұқсат беретін құжаттар мен лицензия алуына, ел аумағынан шығуына, банк несиелерін алуына, мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысуына және т.б. шектеу қойылатын болады.
Мұндай банктің құрылуы мемлекет қазынасына миллиардтаған айыппұл қаржыларының қайтарылып, сайып келгенде қоғамда құқықтық тәртіптің одан әрі орнығуына алып келетіні сөзсіз.
Марат АХМЕТЖАНОВ, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы.