Қазақстан • 18 Қазан, 2017

Латынға оралу заман талабынан туындап отырған қажеттілік.

437 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткенді, бүгінді және келешекті жалғастыратын алтын көпір. Қазіргі жазуымыз бірнеше ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтеріп, егемен мемлекетімізге де қызмет етіп келеді

Латынға оралу заман талабынан туындап отырған қажеттілік.

Бұл рас. Бірақ бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін Ел­басы­ның алға қойған мақсат-мін­деттерін жүзеге асыру жолында жұмыла жұмыс істеуіміз керек. «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Қазір қолға алып жатқан дүниенің бәрі біз үшін емес, кемел келешек жолында жасалып жатқан ауқымды іс.

 Латын әліпбиі – әлемде кеңінен тараған графика. Тіпті өз мемлекеттік әліпбиі бар елдер де шет тілдерін үйрен­генде, ғылым мен техника, медицина салаларын игергенде латын әрпін үйренуді және қолдануды қажет етеді. Осы жағынан алғанда оны халықаралық әліпби десе де болады. Әлемдегі халқы ең көп Қытай мен қарыштап дамыған Жапония өз оқушыларына бейімделген латын әрпін үйретеді екен. Әрине  ғаламтор мен халықаралық жеделхат әрпі де латын тілінде екені белгілі. Латын қарпі көрші Ресей елінде де кеңінен тараған. Сонау біздің дәуірімізге дейін 700-жылдары пайда болған латын әліпбиі әлемге кең тараған үлгі. Біздің еліміз де латын қарпін қолданудың аздаған жылдар болса да тарихи тәжірибесінен өткені белгілі (1929-1940). Бұдан кейін латын қарпі қоғамдық өмірден жоғалып кеткен жоқ.

Жоғарыда айтқанымыздай, ғылым мен білім саласында, терминологияда, медицина саласында бұл қаріп кеңінен қолданылды. Ал тәуелсіздік алып, әлемдік қауымдастыққа тең мүше болған біздің Қазақстанда латын тілі бұрынғыдан да көп қолданыла бастады. Шетелдік тауарлар, құжаттардағы жазу­лар, мекеме, демалыс орындарының атаулары осы латын жазуы жайлы әңгімеге дейін-ақ латын әрпімен жазыла бастады. Алысқа бармай Атырау қаласының урбонимдерін, онимдерін алып қарайтын болсақ, бұған көз жеткізуге болады. Атап айтсақ, шетелдік және жергілікті «Caspian offshore», «Vita dent», «Moody International», «Aguatropik» сияқты мекеме атаулары латын әрпімен жазылған. 

Латынға көшудің тағы бір ұтымды жері бүкіл төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтардың бір жазуды қол­дану мүмкіндігі. Біз оның осы жағынан тиімділігін қазір­дің өзінде шетелдік қазақ­тар­дың баспасөзге берген сұх­баттарынан көріп отырмыз. Се­бебі өз туған Отанында, Қа­зақ­стан Республикасында тұ­ратын қазақтар кириллицаны пайдаланса, Еуропадағы қа­зақтар, Түркия, көршілес өзбек еліндегі қазақтар латын әрпін, Қытай қазақтары әлі күнге төтеше араб графикасын қолданады.

Демек латын жазуы­на көшу әлемдегі қазақтардың ұлт ретіндегі бірегейлігінің қалыптасуына зор ықпал етеді. Ортақ жазу арқылы шетелдік қазақтар өз ұлтының тілінде, өз Отанынан күнделікті ақпаратты және латын қарпімен жазылған әдеби және басқа да туындылармен танысуға мүмкіндік алар еді. Осының арқасында әлемдегі қазақтар ана тіліндегі ортақ кеңістікке ие болады. Бұл қа­зақ тілін білетін және оны біл­гісі келетін қазақ ұлтының өкілі үшін әлемнің қай бұры­шында жүрсе де, қазіргі ақ­параттық технологиялардың арқасында оңай әрі тиімді іске асатын мүмкіндік болады. Со­нымен қатар әлемдегі тілдік, ақпараттық кеңістікке кіруге де оның ықпалы зор болмақшы.

Халқымыздың рухани жаң­ғыруына негіз болуға тиіс­ті көр­сетілген қадамдардың қатарына мемлекеттік тіл жазуын латын жазуына көшіру қажеттігі қойылып, нақты уақыт пен міндеттердің ай­қын­­далуы да ұлттық сананы жаңғыртудан туындап отыр­ғандығы сөзсіз. Ұлттық сана үшін маңыздылығы, тарихи қажеттілігі тұрғысынан бұл тілдің ғана емес, әлемдегі қазақ ұлтының тек бүгіні ға­на емес, алдағы болашағы үшін де басты мәселе – жаңа ұлттық әліпбиге көшу туралы айтылып, қоғамдық ортада зор қызығушылық тудырып отырғаны. Себебі бұл сұрақ ұлттық зиялы қауымның арасында пісіп-жетілген мәселе болса, бүгіндегі анық мәселе – жа­һан­дану жағдайындағы қазіргі қазақ жазуына, оның ем­лесіне заман талап етіп отырған жаңғыртудың қажеттігі. 

Әліпби ауыстыру, бұл – ұл­ты­мыздың тарихындағы ең ма­ңызды бетбұрыс болып табылады. Сондықтан осындай жауапты қадамға әркім және баршаның атсалысқаны абзал. Латын графикасын үйреніп алу аса қиындық туғыза қояды деп ойламаймын. Өйткені әлем қабылдап отырған әліпбидің жаттығы байқала қоймауы керек. 

 

 

Жұмазия АБДРАХМАНОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік 
университетінің қауымдастырылған 
профессоры, филология ғылымдарының кандидаты