Қазақстан • 18 Қазан, 2017

Қазақстан газы Қытай нарығына экспорттала бастады

475 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық газ операторы «ҚазТрансГаз» АҚ Қытай Халық Республикасына отандық газды экспорттауды бастады. Қазақстандық көгілдір отынды «Бейнеу –Бозой – Шымкент» магис­тральды газ құбырынан «Орталық Азия – Қытай» трансұлттық газ құбырына жіберу салтанатты рәсімі Астана қаласындағы газ операторының Бірыңғай диспетчерлік орталығында ұйымдастырылды. 

Қазақстан газы Қытай нарығына экспорттала бастады

Бұған дейін мәлім болғандай, Қазақстан Республикасы мен      ҚХР арасында ел аумағында өндірілген 5 млрд текше метрге дейінгі газды экспорттау туралы тарихи келісімшартқа қол қойылған болатын. «ҚазТрансГаз» АҚ пен «Петрочайна» компаниясы арасында сатып алу-сату шарты ресім­делген. Газдың ресурстық базасы ре­тінде Қазақстанның батысындағы газ кен орындары және «ҚазТрансГаз» АҚ бас­қаруындағы жерасты газ қой­ма­­ларында жинақталған газ қоры айқын­далып отыр. Қытай тарапының көгілдір отынды қабылдау пункті ретінде «Қорғас» шекара бекеті белгіленген. 

Қазақстан аумағындағы табиғи газды экспорттау маршруты 3 мың шақырымды құрайды екен, тасымалдау процесіне оннан астам қуатты ком­прессорлық станса жұмыл­дырыл­ған. Отандық газды тасымал­дау мен экс­порттаудың жаңа дәуірін ашқан тарихи келісімге қол жет­кізу жолында еліміздің газ тасы­малдау жүйесі толықтай тех­ника­лық қайта жарақтандыру­дан өт­кізіліп, дипломатиялық менедж­мент тұрғысынан да орасан жұмыс атқарылды. 

Ұлттық газ операторы «ҚазТрансГаз» АҚ рекордтық мерзім­де елдің барлық магистральды газ құбыр­ларын бірыңғай газ тасымалдау жүйесіне біріктіріп, негізгі газ желілерін әртараптандыруға мүмкіндік беретін жобаларды іске асырды. Қуатты газкомпрессорлық және сығымдау стансалары – «Бозой», «Қараөзек», «Ақыртөбе» пайдалануға берілді, «Бозой» жерасты газ қоймасы реконс­трукцияланды, Ақтөбе облысында газды құрғату мен тазалауға арналған ірі кешен пайдалануға берілді. 

Тағы айта кетерлігі, Қазақстан мен Өзбекстанның арасында табиғи газды тасымалдау және транзиттеу саласындағы өзара тиімді ынты­мақ­тастық туралы үкіметаралық келі­сімге қол қойылған. Ташкентте жасалған шартқа сәйкес, өзбек­стандық газ тасымалдау жүйесі арқылы Қазақстанның оңтүстігіне батыс кен орындарында өндірілген табиғи газ тасымалданатын болады. Осылайша, «Газли – Шымкент» магистральды газ құбырымен келетін қосымша газ көлемі қыс мезгілінде еліміздің оңтүстік өңірлерін көгілдір отынмен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстандық газды Қытайға экспорттауға «Бейнеу – Бозой – Шымкент» МГҚ және «Орта­лық Азия – Қытай» транс­ұлт­тық газ құбы­рының ресурстары пайдаланылады. 

Шымкент қаласы маңында орна­ласқан «Ақбұлақ» газ өлшеу стансасымен онлайн-байланыс арқылы өткен жиын кезінде қазақстандық газды экспортқа жіберу жүзеге асырылды. Тарихи оқиға барысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев сөз сөйлеп, еліміз өз тарихында алғаш рет Қытайға газ экспорттай бастағанын жеткізді. «Қос тарап арасындағы келісімшарт негізінде бір жылдың ішінде Қытай­ға 5 млрд текше метр газ сатамыз. «ҚазТрансГаз» компаниясының тобы және газды өндіретін жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындар экспортқа шығатын осынша көгілдір отын үшін қосымша 900 миллион доллар пайда табады.

Газ саласындағы орасан жұмыстың арқасында 10 млрд текше метр газды экспорттауға техникалық мүмкіндік жасалды. Мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың біре­гей саясатының арқасында жүзеге асы­рылғанын айту керек. Екі елдің ұлттық компаниялары осы жоба бойынша бір жылға тарта еңбектеніп, тер төкті. Бүгіннен бастап Қытайға газ экспорттай бастадық», деді министр. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, биыл елімізде 40 миллиард текше метрден аса газ өндіріледі. Оның 16 миллиарды экспортқа бағытталса, 13-14 млрд текше метр газ ішкі нарықта пайдаланылады екен. Ал қалған газдың көлемі ұңғымаларға қайта айдалады.

Қазақстан көгілдір отынды бұған дейін Ресей арқылы тек Еуропаға экспорттап келсе, енді тікелей Қытай нарығына шығу арқылы газ нарығы саласында өзінің еркіндігін алып отыр. 

Салтанатты рәсімде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев отандық көгіл­дір отынды Аспанасты еліне экспорт­тауды бастау өте маңызды оқиға екенін әңгімеледі. «Осы күнге дейін біздің газ Қытайға жеткізілген емес. Тек түрікмен, өзбек газын Қытай Халық Республикасына транзиттеп келген болатынбыз. Өткен жылдың желтоқсан айында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбыры аяқталғаннан кейін өз өнімімізді Қытайға тасымал­дауға мүмкіндік алып отырмыз. Бұл үлкен жұмыстардың барлығы Президент тапсырмасының аясында жүзеге асып, шешімін тапты. Және уақытында атқарылды», деді ол. 

Ағымдағы жылдың шілде айында Астана қаласына ҚХР басшысы Си Цзиньпин сапармен келгені есімізде. Сол кезде Қазақстан газын Қытайға экспорттау туралы меморандум ресімделген екен. «Осы жылдың 30 қыркүйегінде келісімшартқа қол қойылып, бүгіннен бастап газ тасымалдау басталды. Бұл – еліміз, экономикамыз үшін өте маңызды оқиға. Өйткені осы күнге дейін Қазақстанның газы Ресей арқылы тек қана Еуропаға қарай тасымалданатын. Ал әртараптандыру жұмыстары жүргізілгеннен кейін қосымша мүмкіндіктер пайда болып, іргелі шаруа атқарылды», деді Сауат Мыңбаев. 

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ газ тасымалдау және маркетинг жөніндегі вице-президенті Қайрат Шәріп­баев­тың атап өтуінше, бұл – тек газ сала­­сының дамуына ғана емес, жалпы еліміздің экономикасын дамы­туға да жаңа серпін беретін үлкен оқиға. «Қазақстандық газдың Қытай нары­ғына шығарылуы Еуразиялық өңір елдерінің арасындағы сауда және көлік байланыстарын реттеуге, ортақ инфрақұрылым құруға бағыт­талған өзара тиімді қарым-қатынастар орнатуға ықпал ететін болады», деген сенімін білдірді. 

 

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»