Алайда қазір жағдай тұрақтанған. Қарағандыда көмір тапшылығы деген тығырықтың бас ауруы былтырғы ескі көмірді алғысы келмейтін ағайынның ашуы мен ақшаның құнсыздануына байланысты бағаның біршама өскендігінде сияқты.
«Жалынды Отанның» коммерциялық директоры Александр Попковтың айтуынша, кәсіпорынның қоймасында бес мың тонна көмір бар. Алайда оны ешкім алғысы келмейді, барлығына вагоннан жаңа түскен ірі көмір қажет. Егер біз резервтерден екі сағаттың көлемінде жеке тұлғалар үшін өзі алып кететін жүк көліктерін тией алсақ, жылжымалы құрамнан қатты отын алғысы келетіндерге күтуге тура келеді. Негізінен ол басқа аймақтардан келген тұтынушылар», дейді ол.
Ескі көмір екеніне ешкімнің көзі жетпеген соң, ол мәселеге қатысты бейтарап пікір ұстанамыз. Қарапайым бұқараға көмірдің жаңа, бағаның ескі болғаны жақсы.
Ал енді әңгімені әрлеп айтатын кейбір әріптестеріміздің айтып жатқан аспандағы бағасына әлі ешкім көмір сатып алған жоқ. Себебі дау шыққан бетте облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров Қарағанды облысында орын алған көмір мәселесіне қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Бұл проблемаға байланысты өткізілген баспасөз конференциясында ол көмір тапшылығы жоқ деп атап айтты. Бар қиындықтар жеткізу мен түсіруге келіп тіреліп тұрған сыңайлы. Әрине ол тұрғыдан биліктегілердің белсенділігінің төмен болып қалғандығы анық.
Баршаңызға белгілі, қазіргі уақытта халыққа қажет көмірге сұраныс жоғарылап кетті. Бірінші кезекте айтайын дегенім, облысымызда көмір өндіруде проблемалар жоқ. Соңғы 9 ай қорытындысы бойынша бізде көмір өндірісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 млн тоннаға ұлғайды. Жылыту маусымына қарсы барлық әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық нысандар көмірмен қамтамасыз етілген.
Дегенмен облыс әкімінің орынбасары жеке сектор тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етуде белгілі бір қиындықтар барын мойындайды.
– Биылғы жылы қыркүйекте кенеттен күн суытып кетті. Сондықтан көмірге деген сұраныс та екі-үш есе ұлғайды. Көмірге қатысты дүрбелең оны сатып аламын деушілер қатарының қалыңдығына байланысты туындап отыр. Нәтижесінде көмір сату нүктелерінде жүк көліктерінен құралған кезек ұзарып кетті. Ол тиеу мүмкіндіктерінің шектелуіне қатысты.
Алмас Айдаровтың айтуынша, қазір кәсіпорындар көмір жөнелтілімін ұлғайтқан. Мысалы, «Шұбаркөл Көмір» компаниясының сатылым нүктелері екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Жұмыскерлер көмірді күндіз-түні жөнелтуде. Егер осыған дейін олар шамамен 50 жүк көлігін тиесе, қазір бұл көрсеткіш 150-ге дейін ұлғайтылған. Сонымен қатар «Шұбаркөл Көмір» компаниясы күн сайын Қарағандыға көмір тиелген 25 вагон жөнелтіп отырады.
– Біз бұл жағдай бір апта көлемінде түзеледі деп күтудеміз, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары. – Оған қоса Қарағандыда ауа райы да жылыды. Көмір сату жыл бойы жүргізіледі, бітіп қалуы мүмкін емес. Қазан, қараша және желтоқсан айларында көмір әдеттегі режіммен қазіргі сатылып жатқан нүктелерде сатылатын болады.
Ал енді «Шұбаркөл Көмір» АҚ бірінші вице-президенті Андрей Сафонов кәсіпорын кенеттен көмір экспортын ұлғайтты деген ақпараттың жалған екенін айтады.
– Бұрын Қазақстанның ішкі нарығындағы сұраныс 2 млн 700-2 млн 800 тоннаны құраса, былтырғы жылдың өзінде-ақ ол 3 млн тоннадан жоғары болып өсіп кеткен болатын, – деп түсіндірді ол. – Ағымдағы жылдың 9 айында ішкі нарықта тек қана коммуналдық-тұрмыстық сектордың өзінде сұраныс 117 мың тоннаға өсіп кеткен еді. Экспорт сол қалпында қалды. Бірақ біз оны қазір жылжымалы құраммен қиындықтар туындап тұрғандықтан орындап жатқан жоқпыз. Бұрын біз өз бетінше шығарып алушыларға тәулігіне 1600 тоннаға дейін жүктесек, қазір тәулігіне 4500-4900 тонна тиейміз. Мұны қадағалау мүмкін емес, себебі адамдар келіп, кезекте тұрады. Біз оларды үш тәулік бойы ұстап тұра алмаймыз. Биылғы жылы тұтынушылардың сұранысы ерекше ұлғайып кетті.
Баспасөз мәслихатында мәлімделгендей, жеке тұлғалар арасында көмір сатып алу дүрбелеңі үйлер мен кәсіпорындарда ұзақ жанатын пештердің орнатылуымен байланысты болуы әбден мүмкін. Сонымен қатар дүрлікпе ықтимал коммерциялық пайдамен де байланысты болғанын жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, үлкен кесектерді сәл үгітіп, тиімді бағамен сатуға болады.
Көмір бағасы биыл тоннасына 8000-11000 теңгені құрайды. Бұл баға былтырғы бағадан мың теңгеге қымбаттағанын білдіреді. Ал, облыс орталығынан алыс аймақтарға көмірдің тоннасы 16 мыңнан жеткізіліп жатыр.
Осыған дейін хабарланғандай, 100-ге жуық жүк көлігі Қарағанды облысының көмір сату нүктелерінде жиналып қалған болатын. Өз кезегін күтіп тұрған сатып алушылардың 60 пайызы басқа аймақтардан: Қостанай, Астана, Қызылорда және Ақмола облысынан келгендер. Оларға вагондардан түсірілген ірі фракциялы көмір қажет болды.
Басқа да көмір өндіруші кәсіпорындарға келер болсақ, мұнда да олар жұмыстарды барынша үдетуге тырысып жатыр. Мысалы, «Рапид» ЖШС қазан айының басынан бастап көмір өндіруді 18 пайызға ұлғайтқан.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ