Сөйтсек, қазақстандықтар ұялы телефонға, SMS пен интернетке бұрынғыға қарағанда көбірек төлейтін болыпты. Бұл туралы ұялы байланыстың 1200 абонентінің арасында сауалдама жүргізген 4Service Group компаниясы хабарлап отыр.
Зерттеулер нәтижесінде шығындары 1000-нан 2000-ға дейін және 2000-нан 3000-ға дейінгі аралықты құрайтындар үлесі тиісінше 7 және 5 пайызға артқаны анықталған. Үлестің қайта бөлініске түсуі шығындары 1000 теңгеден аспайтындардың есебінен орын алған, ал ол оператор қызметі құнының өскендігімен түсіндірілетін көрінеді.
Ұялы байланыс рыногындағы клиенттік «ядро» байланыстың осы түрі үшін айына 1000 теңгеден 2000 теңгеге дейін жұмсайды екен. Tele2-де мұндай пайдаланушылар үлесі ең көп болып шыққан, яғни 69 пайыз. Ал Altel, Activ және Beeline-да абоненттердің 47-52 пайызы шамамен 1000-2000 теңге шығын шығарады. Абоненттерінің 55 пайызының шығындары айына 2000 теңгеден асатын Kcell ең «қымбат» оператор болып табылады екен.
Ай сайын 6 ГБ-дан астам интернет-трафик қолданатын абоненттердің үлесі 1 ГБ-дан аз интернет-трафик қолданатындардың үлесін 8 пайызға қысқарта отырып 5 пайызға өсіп шыққан. Осылайша бүгінгі күні Altel клиенттерінің 52 пайызы 6 ГБ-дан астам ұялы мәліметтерді қолданатын болса, Tele2 мен Activ-те бұл көрсеткіш тиісінше 41 және 33 пайызды құрайды екен.
Бүгінгі күні операторлардың барлығы дерлік сұранысқа ие 1000-2000 теңгелік баға диапазонында неғұрлым көбірек тарифтер жасауға тырысады, деп атап көрсетілген зерттеуде. Altel «Expert» тарифтік тұрғыда күн және түн деп бөлместен барынша үлкен қызмет көлемін көрсетіп келеді. Бірақ қызметтің ең қымбат түрі де осы болып табылады.
Сауалдама көрсеткендей, құны шамамен 1200 теңге тұратын Tele2-нің ұсынатын тарифтік жоспары мейілінше үнемді және тиімді болып есептеледі екен. Мәселен, «ПРОСТО Старт» тарифтік жоспарының бағасы айына 1190 теңге ғана. Сонымен бірге оған 600 SMS қосылған, бұл өзгелермен салыстарғанда саны жағынан ең көбі болып саналады.
Ал трафиктің базалық көлемі 5 ГБ болса, өзге операторларға қоңырау шалу лимиті айына 80 минут болып отыр. 400 МБ интернет-трафик үшін күніне 27 теңге белгілеу арқылы Tele2 жылдық пакеттің ең төменгі бағасын ұсынуда. 1 МБ үшін Activ, Kcell (0,06 теңге/МБ) және Tele2 (0,07 теңге/МБ) ең төменгі баға ұсынса, Beeline (0,11 теңге/МБ) операторы ең жоғары бағаны ұсынып отыр.
Жыл ішінде ұялы байланыстың бұл сияқты абоненттерінің саны тағы да 4 пайызға артқан. Бұл тұрғыда «симкасын» 5 жылдан астам уақыттан бері өзгертпей келе жатқан Kcell көш бастаушы болып табылады. 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда оның клиенттерінің «ядросы» 16 пайызға көбейген.
Ал, Activ операторында бүгінде мұндай клиенттер 80 пайызды құрайды, Beeline-да 75 пайыз. Tele2 абоненттерінің негізгі бөлігі байланыс операторының қызметін 1 жылдан 3 жылға дейінгі аралықта ғана пайдаланады, бұл 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға төмен.
Сондай-ақ зерттеу нәтижелері барлық операторлардың 75 пайыздан астам клиенттерінің «көнбіс» (оператор ауыстыруды ойластырмаған) екенін көрсеткен. Дауыстың естілуі мен мобильді интернет сапасының төмендігі, қызмет бағасының жоғарылығы, қызмет көрсету сапасы және басқа себептер абоненттердің бәсекелес респонденттерге ауысуына басты себепкер болып отыр.
Сөз соңында еліміздің ұялы байланыс рыногында бәсекелестіктің әлі де көңілдегідей емес екенін айта кету қажет. Жоғарыда келтірілген цифрлардан аңғарғанымыздай, операторлар арасындағы баға айырмасы соншалықты үлкен емес, шамамен алғанда ол 200 теңге деңгейінде ғана. Клиенттердің оператор ауыстыруға асықпауының бір сыры да осында жатса керек.
Біздің білуімізше, өркениетті елдерде ұялы телефонмен кәдімгі АТС-қа жалғанған телефонға қоңырау шала беруге болады, яғни тариф оған мүмкіндік береді. Ал, бізде ұялы телефоныңмен үйіңдегі телефонға қоңырау соғып 5-10 минут сөйлессең балансыңдағы ақшадан жұрдай боласың. Сондықтан Қазақстанда ұялы телефонмен тек екінші ұялы телефонға ғана батыл түрде қоңырау шала аласың. Оның өзінде де операторлардың ортақ болғаны тиімді. Өйтпеген күнде артық шығын шығаратыныңа еш күмән жоқ.
Баршамыз да «қызығы» мен «шыжығына» тоймай жүрген ұялы байланыс қызметіне қатысты кейбір керек деректер міне, осындай.