ҚЫРҒЫЗДАРДЫҢ ТАҢДАУЫ КІМГЕ ТОҚТАЙДЫ?
Оны біз жексенбі күнгі президенттік сайлауда білетін боламыз. Бұл сайлау ел өміріндегі айтулы оқиға ретінде тарихқа енер деген үміт бар. Бұған дейін мемлекет басшысы төңкеріс жолымен белгіленсе, енді бейбіт жолмен, сайлау арқылы таңдалуы мүмкін.
Нық айтпай, мүмкін деудің де себебі бар. Оны осы сайлаудың науқаны кезіндегі оқиғалардан жұрт анық аңғарған. Сайлаудың өтуіне жауап беретін Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) науқан кезінде біраз сынға ұшырады. Кейбір үміткерлердің наразылығын да тудырды. ОСК-ні сотқа беріп, оның шешімдерін бұзған жайлар да болды. Сайлау өтіп, оның қорытындысы шығарылғанда, онымен келіспейтіндердің табылуы да ықтимал.
Бұл сайлаудың ерекше болатыны алғашқы күннен-ақ аңғарылған. Бұл елде билік үшін күрес өркениеттік қалыпқа сыйыңқырамайтын сипат алып отыр. Ел аймақтарға бөлініп, өз адамдарын ұсыну, соған ғана дауыс беру елдің бірлігіне айтарлықтай нұқсан келтірері анық. Бұл елді бөліп қана қоймай, ұлттық ауқымдағы тұлғаны таңдауға мүмкіндік бермейді. Әркім өз «көсемдерінің» соңынан еретін жерде ұлттық ауқымдағы бірлікке жету қиын.
Сірә, алғашқы кезде сексеннен астам үміткердің ұсынылуы да жағаны ұстататын-ақ жәйт. Бұл өзі халықтың билікке ел мүддесінен гөрі, арзан бедел жинаудың, дүние табудың жолындай көретіндігін аңғартады. Елдің, халықтың, ұлттың мүддесін ойлағанда, жұрт қызметімен, еңбегімен танылған тұлғалардың ұсынылуын күтуге, соларды қолдауға тиіс еді. Ұсынғандар арасында қаншама кездейсоқ адамдардың болғаны қоғамның да деңгейін көрсеткендей еді.
Рас, тіркеу кезінде сол үміткерлердің көпшілігі тіпті, қарапайым талапқа лайық еместігінен күрестен шығып қалды. Сонда да қалғандарының өзі жетерлік. ОСК дауысқа түсуге 23 адамды жіберді. Тіпті кемітіп айтқанда, соның жартысы жеңістен үміт етпейтінін анық біледі. Ал сол ОСК бекітіп, бюллетень тізіміне енгізіліп, сол бюллетеньдерді басып болғаннан кейін төрт үміткердің дауысқа түсуден бас тартуын қалай түсіндірерсің?! Тәубесіне келіп, райынан қайтты дегеннен гөрі, мұны қалайда сайлауға кесір келтірмек кісәпірлік қадам деген жөн болар. Енді 2 миллион 800 мың бюллетеньнен олардың атын қолмен сызып тастау қиямет қиын екендігі өз алдына, сол сызу кезінде басқа үміткерлер сызылып кетпеді ме екен деген күдік туады. Ал бюллетеньдерді түзетіп, қайтадан басу орасан қаржыны талап етеді.
Сөйтсе де жұрт сайлау күні жақындаған сайын осынау билік жолындағы күресте кімнің ұпайы көбірек болатынын бағамдап отыр. Бұл ретте ақпарат құралдары «солтүстіктің» өкілі, Социал-демократиялық партияның көсемі Алмазбек Атамбаевтың, «оңтүстіктің» өкілі, «Атажұрт» партиясының көсемі Қамшыбек Тәшиевтің және тағы бір «оңтүстік», «Бүтін Қырғызстан» партиясының көсемі Адахан Мадумаровтың атын атайды. Күрес осы үшеуінің арасында өтсе керек дейді.
Қазір жұрт айта беретін аймақтық сипатқа әдейі назар аударып отырмыз. Сол аймақтық сипат бұл үшеудің біреуіне алғашқы турда суырылып алға шығып, жеңіске жетуіне мүмкіндік бермейтін сияқты. Сайлаушылар өз «аймағына» дауыс береді. Ал «оңтүстіктегі» дауыс екі адамға бөлінуі тиіс. Үміткерлер үшін мұның да салқыны тимей қоймайды. Жарайды, екінші турда қалайда осы екі «аймақтың» біреуі жеңіп шыққанда, екіншісі не істейді? Парасаттылыққа жүгінгенде, жеңгенін құттықтап, өз жеңілісін мойындауға тиіс қой. Ал соңғы жылдардағы қырғыз ағайындардың тәжірибесі бұған күмән келтіреді.
Әрине, әр елдің өздері қалаған жолы бар. Сол жолдың дұрыс-бұрыстығын уақыт көрсетеді. Қырғыз ағайындар қалаған бүгінге дейінгі төңкеріс жолы, «қирату демократиясы» жолы әзірге жұрт қызығарлық жемісін бере қойған жоқ. Енді, міне, ел басшысын бейбіт жолмен, сайлау жолымен таңдауға кіріскелі отыр. Таңдау дұрыс жасалып, сол сайланған қайраткерге қолдау жасалса, елдің ынтымағы жарасар еді-ау дейсің.
САЯСАТТЫ ПАНАЛАП, ҚЫЛМЫСТАН ҚҰТЫЛУ ҚИЫН
Юрий Лужков – белгілі тұлға. Ресейдей үлкен державаның астанасын 18 жыл басқарған беделді қайраткер. Кезінде онымен ел басшылары санасты. Тек өткен жылы ғана сол қызметтен өз еркіммен кетуің керек қой деген емеурінге құлақ аспаған соң, оны президент Дмитрий Медведев «сенімді жоғалтуына байланысты» деген тұжырыммен мэрліктен босатты.
Содан бері оның төңірегінде көбірек әңгіме айтылады. Біреу еңбегін айтады, біреулер оның жемқорлыққа қатысы болғанын сөз етеді. Әсіресе, кәсіпкер әйелі Елена Батуринаға қатысты оған айып тағады. Дегенде, оны сынаушылардың пікірлерінде де біраз шындық жатқаны аңғарылар еді. Ол – дүниені алшаң басып, сапырып өмір кешкен адам.
Бір қызығы – бұл адам біздің елімізге де айрықша назар аударатын. Әсіресе, Астана қаласына жиі келіп, онда өткен жиындарға қатысып, жас елордамыздың өсіп-өркендегеніне ықылас білдіретін. Одан кейін өзінің қызметіне қатысты болмаса да, Сібір өзендерін Қазақстанға бұру жөніндегі мәселені қайта көтергені бар. Оның болашағы жоқ жоба болса да, оған мән беруін біздің елімізге деген ықыласы деп қабылдаған едік. Сол қайраткерге қатысты әңгіменің бізді қызықтыратыны бір жағы соған да байланысты.
Юрий Михайлович соңғы күндері тағы да үлкен әңгіменің тақырыбына айналды. Ресей ақпарат құралдары бұл жайында жарыса жазып жатыр. Мұның өзі саяси мәнге де ие болып отыр.
Әңгіме мынада. Осыдан он күндей бұрын Ю.Лужков «Азаттық» радиостансасына сұхбат беріп, онда РФ президенті Дмитрий Медведевтің атына ауыр-ауыр сындар айтқан еді. Араға екі күн салып, Мәскеудегі тергеу орындары оны қылмыстық істерге қатысты жауап беруге шақырды. Бұған Лужков саяси сипат береді, президентті сынағаным үшін солай етті дейді.
Сынға келсек, расында да ол ауыр. Лужков Медведевті президенттігі кезінде «елдік мәселелерді шешуге қабілетсіздігін көрсетті» деп мәлімдеді. Сондай-ақ ертең ол В.Путиннің орнына премьер болған кезде де бұл Ресей үшін теріс нәтиже беретін қадам болады деді. Бірақ сондай сын үшін Лужковты тергеуге шақырып отыр деу де артық көрінеді.
Ал енді Лужковты тергеуге жауап беруге шақыруында біраз қылмыстың иісі шығады. Ол қала мэрі болып тұрғанда қала бюджетінен Мәскеу банкіне 15 миллиард рубль аударылып, ақыр соңында ол Лужковтың әйелі Елена Батуринаның компаниясына өтеді. Бұл мәселе олардың отбасында шешілген. Енді Лужков бұған қатысым жоқ, жауапты банк басшылары береді дейді. Ал банк басшылары Бородулин және Акулинин дегендер осы қылмысқа байланысты Лондонға қашып кетіп, сонда бас сауғалап жүр. Лужковтың бұл мәселеден басын арашалап алуы оңай болмас.
Сірә, Лужков содан құтылудың жолы ретінде саясатқа жүгініп отырған сыңайлы. Шын мәнінде Юрий Михайлович алда өзіне осындай айыптау тағылатынын біліп, жылдамырақ қимылдап қалғандай. Енді саясат үшін қудалап отыр деп ақталмақ. Бірақ бұл айла-тәсілдің оны құтқаруы екіталай-ау. Адам дүниеқоңыздық деген бәлемен былғанса, одан арылу, тазалану қиын-ақ. Тіпті әлем таныған Лужковтай тұлғаларға да ол оңай соқпас.
Мамадияр ЖАҚЫП.