Қазақстан • 19 Қазан, 2017

Мәскеуде қазақстандық технопарктің өкілдігі ашылды

384 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұ­ма­ғалиев Ресей Федерациясына іссапары барысында «Сколково» технопаркінде «Инновациялық технологиялар паркінің» қазақстандық өкілдігінің ашылу салтанатына қатысты, сонымен қатар Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Аркадий Дворковичпен екіжақты серіктестік мәселелерін талқылады, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. 

Мәскеуде қазақстандық технопарктің өкілдігі ашылды

Премьер-Министрдің орынбасары А.Жұмағалиев «Сколково» тех­но­паркінде инновациялық дамудың «Ашық инновациялар-2017» VI Мәс­кеу халықаралық форумына қатысты.Биылғы форумның басты тақырыбы – цифрлы экономика. Әлемнің 90 елінен жиналған 18 мыңнан астам қа­ты­сушы цифрлы экономика мен әлем­дік ақпараттандыруға қатысты ғаламдық үрдістердің трансформация­лануын талқылауда.

Форум аясында «Сколково» тех­нопаркінің базасында «Инно­ва­ция­лық технологиялар паркі» (ИТП) Ав­то­номды кластерлік қор өкілдігінің ашылуы өтті.

«Сколководағы» «ИТП» өкіл­дігінің ашылуы өткен аптада Сочи­де ұйымдастырылған Жоғары Еура­зия­лық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша мемлекет басшылары арасындағы келісім үрдісіндегі ЕАЭО елдерінің цифрлы экономикасын сәйкестендіруге жасаған қарымды қадамдардың бірі болды.

Қазіргі таңда біз Елбасының тапсырмасы бойынша адами капиталды және проактивті мемлекетті дамыту, цифрлы инфрақұрылымды жасау және экономиканың барлық саласын цифрландыру мәселесін қамтитын «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жетілдірумен айналысып жатырмыз. Бұл бағдарламада экожүйені дамыту мен өнеркәсіп мекемелерін цифрландыру сияқты маңызды элементтер болады. Бағдарлама жуырда пысықталып жетілдіріледі», деді Премьер-Министрдің орынбасары А.Жұмағалиев.

Қазақстан вице-премьері іссапар барысында Ресей Федерациясының үкіметі төрағасының орынбасары А.Дворковичпен кездесті. Тараптар инновациялық серіктестікті нығайту қажет екендігін айтып, нақты бағыт­тарды талқылады.