Бұл тек мамандар ғана емес, барша қазақстандықтар реформаның айрықша маңызын терең түсінгендігінің айқын көрінісі. Ұлт тағдырына жаны ашитын қауымда солай болуға тиіс. Қоғамымыздың барлық салаларында, барлық ақпарат құралдарында болған талқылаулар өз жемісін берді десек те болады.
Елбасының қабылдауында болған Мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобы қазақ әліпбиінің латын қарпінде жазылу үлгісін ұсынды. Бұл үлгі қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленді. Сондықтан да ол алдыңғы жобаға қарағанда көптеген кемшіліктерінен арылғаны анық байқалды.
Осының алдында жарияланған қосарланған әріптері көп, тілге қиын, жазуға ыңғайсыз нұсқа көпшіліктің күмәнін тудырып еді. Ал жаңа әліпби біздің графикалық санамызға сай «Бір әріп – бір дыбыс» ыңғайында жасалған. Бұл үйренуге де, үйретуге де ыңғайлы. Тілдің заңдылығына да сай келіп тұр. Латын графикасындағы 26 таңба толық игерілген. Қазақ тілінің өзіне ғана тән «Ә», «Ө», «Ү», «Ғ», «Ң» дыбыстары апострофтармен берілген. Бұл бірнеше тілдерде (неміс, түрік, әзербайжан, өзбек т.б.) бар үлгі. Жаңа әліпбиде кірме дыбыстар ретінде 4 дыбыстың таңбасы (Ф, X, В, Ч) алынған.
Өйткені бұл дыбыстармен көптеген сөздер (мыңнан аса) енген. Бұл жолғы ұсынылған әліпбидің артықшылығы – техника тұрғысынан алып қарағандағы қолдану әмбебаптығы. Өйткені бұл әліпби қосымша бағдарламалық жоба жасауды және осы мәселені арнайы қаржыландыруды қажет етпейді деп ойлаймыз.
Әлі де сұрақтар туындап, пікірталастар болуы мүмкін, әрине. Толығырақ түсініктеме беруді қажет ететін тұстары да бар. Сондықтан «Біз латын әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынып отырмыз. Бірақ мұны бірден қабылдаймыз деген ойдан аулақпыз» деген Мемлекет басшысы жаңа әліпби де зиялы қауым өкілдері мен халық арасында талқылауға түсуі керектігіне мән берді. Қазір әліпби талқылаудың екінші маңызды кезеңі басталды деуге болады. Барлық пікірлер ескеріліп, сарапталады деп сенеміз.
Арайлым ҚАЙРЫМДЕНОВА,
Бурабай ауданының тілдерді оқыту орталығының директоры
Ақмола облысы