– Кәне, кім бұрын жеп тауысады екен?! Жарысайық! – дедім қарындасыма қарап.
Әдетте, неден де болса, менен қалмауға тырысатын ол бірден басын изеп, келісе кетті де, қолындағы топ-томпақ қызанақты апыл-ғұпыл жеуге кірісті. Қып-қызыл суы пырс-с етіп шашырап, әп-әдемі көйлегінің омырауын бүлдірсе де, қарамады. Ал мен болсам, оған көзімнің астымен қулана қарап қойып, уысымдағы қызанақты өп-өтірік малжаңдап жеген боламын.
– Ме... мен жеп болдым, – деді ол бір кезде аса маңызды шаруа бітіргендей аузын алақанымен сүртіп қойып.
Манадан бері осы сәтті ғана күтіп тұрған мен:
– Міне, қара! – деп уысымдағы бүп-бүтін қызанақты жылт еткізіп шығара қойдым.
Оның көзі бағжаң ете қалды. Менде бір өші кеткендей қатты бақырып жылап жіберді. Содан соң қанша жұбатсақ та өкпесі басылмай, өксіп-өксіп, қайта-қайта көз жасын төге берді.
Әкем тағы да бір қызанақ үзіп әкеліп еді, басын шайқап, алмаймын деп, одан сайын даусын үдете түсті.
«Неге?», деймін-ау!..
Сөйтсе-ем, ол өмірінде бірінші рет әділетсіздік көріп тұр екен ғой!..
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»