Ауданның аздаған атқамінері алас ұрды да қалды. Қалай алас ұрмасын, Колбиннің өзі КСРО Жоғарғы Кеңесіне жүгірген иттің демі үзілердей алыста жатқан Қызылқамыс ауданынан өтемін десе. Қуанған мен қорыққан бірдей, әйтеуір аты жақсылық қой, деп естіген ел бір-бірінен сүйінші сұрасып жатты.
Өң-түстен айырылған жергілікті басшылық қайта-қайта бас қосып, мәжіліс өткізген. Облыстан келген хабарды бақса, республика басшысы мал өсіретін аудан экономикасымен танысады. Клубта дүйім халықпен кездесіп, емін-еркін сырласады. Демек, болашақ депутаттың кандитурасын қолдап сөйлейтіндерді дайындау ләзім. Өңшең қазақты сайратып қоймай, бір орыс ұлтының өкілін табыңдар. Жүрегі жарылардай боп қуанып әңгіме айтсын. Соңында ауылдың бір ақсақалы алақанын кең жайып бата беруі тиіс. Сосын қонақ бір озат шопанның дастарқанынан дәм татып аттанып кетеді...
Жарты күннің жүгі-жылдық тауқыметке татып тұр. Райком хатшысы Есен Наушаевич бюро мүшелерін түн ортасында қайта жинаған. Төрт көздері түгенделген соң да сөз бастамай біраз отырып қалды.
Ертең екі-үш тікұшақ Гурьев беттен қаңғалақ қағып кеп қонар. Өңшең жақсы мен жайсаң сау етіп түсе қалғанда аяқ астына не төселер? Май топыраққа тобықтан батып тұрса... Клубтың есігіне дейін тақтай жол салдыра ма, әлде ұзын қызыл кілемше жайдыра ма? Мәдениет сарайының құрылысы жуықта бітер емес. Қырық жылдан бері кино көрсетіп келе жатқан клубтың қайбір оңып тұрған жері бар? Орындық біткен шалқалап құлап жатыр. Ішіп алса бітті, осы ауыл жастарының қолында ылғи тас жүреді. Түнімен шыңғырып, бір-бірін қуалап жатқаны. Бүтін терезе қала ма? Үкіметтің дүниесі-ау, дейтін біреу болса ше? Бәрін жаңартып, жұмыртқадай ғып қояр еді. Оған қаралған ақша жоқ.
Оның да бір жөнін табар-ау, осы күні дүйім халық дегені бір пәле. Қойны-қонышы толған сауал. Кәрі қыздай қадалып тұрып алатындарын айтсаңшы! Сүйкейсалды жауабыңды жұқана көрмес. «Бересің бе, жоқ па?» «Аласың ба, әлде?..» Ал, бәлем!
Қуалап кеткен ойын үзіп Есен Наушаевич бюро мүшелеріне көз салған. Он шақты еркек мұның жүзіне жәудіреп қарайды кеп.
– Күндізгі тапсырма не болды, рет-ретімен баяндаңдар, – деген ақыры бұл.
– Ауданымыздағы ұлы орыс ұлтының жалғыз өкілі Нюра жеңгемізбен кездестім, – деп мәдениет бөлімінің бастығы ентіге сөз бастады. – Өмірбаянымен таныстым. Өте бай екен. Геннадий Васильевичке жерлес боп шықты.
– Иә, айта бер.
– Соғыс біткен соң алдымен Калинград облысына күйеуге шығыпты. Одан ажырасып Сахалинге... Ол байы өліп Украинаға кеткен.
– Онда не істепті?
– Бір жігітпен тағы бас қосыпты. Ол ішіп кетіп, іссапарға барған біздің ағамыздың етегінен ұстапты.
– Ит-ау, бай өмірбаян дегенің осы ма?
– Енді қайтейін. Біл деген соң.
– Әңгімесі қалай жатық па?
– Сөйлесетін кісі жоқ. Орысшаға шорқақ. Өз тілінде балағатқа ғана жүйрік. Бәрімізге орысша боқтауды үйреткен сол жеңгеміз ғой.
– Тоқтат! Құрып кетсін! Клубқа жолатпаңдар. Пәлесі жұғар.
– Бір қаладанбыз. Барамын, қолын аламын деп тәуір көйлегін киіп, үстіне әтір сеуіп әзір отыр. Енді қайттік?
– Таңнан қалдырмай облыс орталығындағы санаторийге жолдама беріңдер де машинаға салып жіберіңдер.
– Ол путёвканы әлгі қырсық Алсаевқа бер дегеніңіз қайда? Бірақ ол Есентуки болмаса бармаймын, Колбиннің өзіне айтар құпия сырым бар деп келіп кеткен.
– Өзін ішеді деп есіттім ғой?
– Анда-санда.
Ішкі істер бөлімінің бастығы тәртіп берілмесе де түсіндім дегендей бас изеп жатты.
– Әй, сен де сақ бол. Баяғы масқараң есіңде ме? – деп ашуға піскен Есен Наушаевич қарнын құшақтап отырған кеңшар директорын көзбен жеп жібере жазады.
Өйтетін де жөні бар. Бірде жаңадан тағайындалған облыс басшысы ауданға келіп, шаруашылықтарды аралаған. Кешқұрым осының үйінен қонақасы берілген. Ас пен шәй ортасында қадірлі мейман: – Осы сендерде жөнді карта бар ма? – десін. Бұл ортаға екі-үш су жаңа ойын картасын тастап:
– Қайсысын ойнайтын едіңіз? Преферанс десеңіз қағаз, қалам әкелейін, – деп емпең қағады.
– Мен кеңшар территориясы сызылған картаны сұрадым, – деп жаңа басшы булығып қалды.
– Ондай картаны бір шебер суретші шақырып, келесі жылы сыздырайын деп отырмыз, – дейді бұл шімірікпестен. Әй, бет жоқ қой, бет!
– Ал батаға қай шалды шығарамыз?
– Партиялық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі орнынан опыр-топыр көтерілген.
– Қаби шал бата беруге дайын. Бірақ сақалы жоқ, тіпті мұрттан да ада. Жақында көктұқыл ғып қырып тастапты. Жас жігіт сияқты. Тоқал алатын ойы бар деп есіттім.
– Тағы кім бар?
– Жақсыбай қарияның тісі жоқ. Былдырлап қалыпты. Сөзін кемпірінен басқа кісі түсінбейді. Дәуітке барып ем, құдалары шақырып Ақтөбеге кетіпті. Бір аптасыз келмейді десті.
– Қаңғымаса бұлардың іші ауыра ма осы? Айта бер.
– Сырлыбайға бата бер десем, онікі де келіспеді. Бір ғана бата жаттапты. Оның өзі сүндеттелген балаға қатысты бата.
– Сайын шал қайда?
– Оның бір көзі жоқ. Соқыр шалға қайтіп бата бергіземіз?
– Қара көзілдірік кигізейік, – дейді әлгі кеңшар директоры қарнын құшақтаған қалпы.
– Көрші ауданнан алдырыңдар. Жалдасаңдар да табыңдар! Бүгін түннен қалмасын.
– Келістік. Бірақ ол Колбин жолдасқа батаны орыс тілінде бере ме, әлде қазақша?..
– Араластырып айтсын. Арасында «Қос тіл – қос қанатың» – дегенді де қосып, құшағын кеңге жайып қойсын.
– Құп!
– Ал қай шопанның үйінен қонақасы береміз? – деген сұрақ оңай шешімін тапты. Бәрі бір ауыздан Ленин орденді Жәсеннің үйін дайындау керек десті. Таң қылаң бере жаңа жиһаз, кілем, көрпе-жастық жеткізіледі. Ас-су қамдалады.
– Әйелі қандай еді? Түр-әлпеті, мінезін айтамын. Шәй құюы, тамақ қамдауы, – деген райком хатшысының сауалына отырғандар күмілжіңкіреп қалған.
Жәсен өзі ұзын бойлы, қыр мұрын, қияқ мұрт, келісті азамат. Ал әйелі Бәти болса... Таңқы танау, алакөз, мінезі де алым-берімдеу.
– Құрсын, нағыз көкдолының өзі. Ашуы бетіне кілкіп шығып тұрады. Бір көзі далаға қарайды, қыли. Шіли шынаяқты шатыстырады да отырады.
– Жәй отырмайды, жан-жағына түкіріп бітеді. Үлкен кісі ұшынып кетуі мүмкін.
Бюро мүшелерінің мына сөзі райком хатшысын шынында да ойландырып тастады.
– Шәйді Әлимаға құйдырып, асты да соған жасатсақ қайтеді?
Әлима аудан орталығындағы орта мектептің мұғалімі. Орыс тілінен сабақ береді. Жасы қырыққа келіп қалған кәрі қыз. Отырыстың гүлі. Әдеміше келген құмырсқа бел, төңкерілген қозы құйрық. Әншілігі және бар.
– Дәл таптыңыз, – деп отырғандар бірден жадырап сала берді. – Сіз болмасаңыз...
– Бәти жеңгемізді де алдап-сулап облыс асырып жіберейік пе?
– Осы сенің алдауың да, сулауың да бітпейді. Үстіңнен қырғын арыз түссе де қоймайсың... Тиіспеңдер, – деп Есен Наушаевич мәдениет бөлімінің бастығын тапап тастардай болды. – Қазан-ошақ басында жүрсін.
– Жәсеннің жұбайы кім десе, қайсысын көрсетеміз? Әлиманы ма, Бәтиді ме? Қинайтыны осы ғой.
– Әй, сендер де. Екі-үш сағатта бітіп кететін қонақасы емес пе? Көсіліп салып отырар деймісің. Аттанып кетер. Ол жағын өзіме қалдырыңдар.
Мәжіліске қатысқандар таң ата тарасты.
Ертеңіне түс ауа Гурьев тұстан аспанды гүрілге толтырып, екі-үш тікұшақ Қызылқамыс ауданына кеп қонған.
Түске таман салынып біткен тақтай жолмен тағалы аттай тық-тық басқан өңшең басшы клубқа бет алған. Пионерлер қызыл галстугі желбіреп қақ жарылып күлімдеп тұрды. Ауданның «Ақ Жайнақ» ансамблінің әнші қыздары әр қонаққа иіліп гүл ұсынған. Геннадий Васильевич ерекше риза көңілде оң қолын көтеріп, есік көзінде ақтарылып тұрған кәрі-жасқа қошемет білдірген. Сәл тоқтап, айналасына назар тіктеп, қасын қара құстың қанатындай қағып-қағып жіберді де ішке енді.
Сыр мен әктің исі қолқаны қапқанмен клуб жаңарып қалған. Терезе қырық жамаулы шыныдан құтылыпты. Шалқалап жатқан орындықтар сүре шегенің күшімен еңсе көтеріпті.
Жиын жарасым тауып жүре берді. Мінбеге мінген Колбин өзі КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болсын, тіпті сайланбаса да ауданның барлық жолына асфальт төсететінін, таза ауыз суды жетелеп әкелдіретінін, әр үй отынға ендігі жерде газ пайдаланатынын тізбелеп өткен.
– Апыр-ай, жолсыз ит қорлық көріп отырғанымызды сезген-ау.
– Құдықтың кермек суын ішіп, ішіміз іріп кеткенін қайдан білді десеңші.
– Білмей енді. Көңірсітіп қи мен тезек жағып отырғанымызды да сезген ғой. Әй, сабазың, тусаң ту! Әкең жасамаған жақсылықты жасайын деп тұр ғой.
– Депутат жасайық!
– Ал, қолдайық!
– Құтқарушының өзі келген екен.
Жоғары өрлеу үстінде жиын аяқтала берген. Көрші ауданнан жеткізілген қария ақсақалы өңірін жауып, батаны бастап кетті.
Қазақша-орысша берілген батаның өзі жарты баяндамадан кем соққан жоқ. Бет сипауға әзір тұрған жұрт жайылған алақанына қарай-қарай жалыға бастағанда: – Біздің ауданнан жүз пайыз дауыс алып, депутат атанасыз. Сізді сыйлайтынымыз сондай, кәрі-жасымыз бірдей Көлбақа деп атаймыз. Бұл Колбин ақа дегеніміз, – деп демі жетпей тұншығып барып аяқтады.
Геннадий Васильевич мына ілтипатқа тәнті боп, көз жиегі қызарды. Айғыр үйір топтың ортасында сыртқа беттеген...
Жәсен төріне озған сәтте де Колбин осы риза кейіптен айыға алмаған. Қарапайым қазақ ішінде сүйкімі мол екен-ау. Ауыздарын ашса асқазандары көрініп тұрған жоқ па? Кешегі желтоқсан шатағынан кейін алаң көңілде жүретін. Бүгін бір көркем сабыр тапқандай. Елге сенім арту керек екен деп бекіген іштей. Бұлардың жоғары жақта жүргендеріне емес. Олардың ойнамалысы, ойыншысы көп...
– Жәсен ең озат шопанымыз. Жүз саулықтан жүз отыз екі қозы алды. Келесі жылғы жоспары одан да көп, – деп дастарқан үстінде райком хатшысы сөз бастаған, – жұбайы жанында отырған Әлима ханым.
– Міне, нағыз еңбек ерлері, – деп Колбин де ілтипаттан кенде қылмады. – Тура қаладағыдай тұрмыс. Бәрі бар, бақуатты. Қазақ жастары сіздерден тәлім алып, мал бақсын. Қалада көше кезгеннен не табады. Абырой да, атақ та ауылда.
– Өте дұрыс айтасыз.
– Атакәсіптен артығы бар ма?
– Қаладағы өкпе жейді, ауылдағы құйрық асайды. Міне, табылған ақыл, – деп қошеметшіл топ иық қомдасып оңбай жатты.
– Әлима ханым қандай көрікті. Өте жарастықты семья.
– Геннадий Васильевич Әлима қалада туып өссе де, ауылдың дәулетін көтеремін деп келгеннің бірі. Өзіңіз айтқандай жастарға нағыз үлгі.
– Қой бағу, төлдетуге сіңірген еңбегі қожайыннан кем болмас. Биыл Әлима ханымды Еңбек Қызыл Ту орденіне ұсыныңдар. Өзім қолдаймын. Бұл жер не деп аталады? Ертең Алматыға барған соң...
Орденді естігенде құлақтары қайшыланып, төбе құйқалары жыбырлап кеткен топ тым-тырыс қалған. Мойындарын ішке тартып, бір-біріне қарасты.
– Әзірге аты жоқ. Егер сіз қарсы болмасаңыз, осы жерді «Колбин участок» деп атайық, – деп шәй құйып отырған Әлима тап-таза орыс тілінде тәттілеп қойып қалсын. Құмырсқа белін көтеріп, қозы құйрығын бір қозғап салды.
– Өте дұрыс!
– Аузыңнан айналайын!
– Ертең-ақ картаға саламыз.
– «Колбин участок» жасасын!
– Ат таба алмай қиналып жүр едік. Қатып кетті!
Колбин лекіте күліп, бас шайқағанымен қасы тағы да қарақұстың қанатындай қағылып, көз жиегі қызарған.
– Ал Әлима осының құрметіне бір ән сал. «Ақ Жайнақты» әуелет!
– Жәсен екеуің мінгесіп айтыңдар, – дейді есік көзінде қарнын құшақтап отырған кеңшар директоры.
– Бірлесіп де!
Есен Наушаевич әлгінің санынан оңдырмай шымшыған. – Құйысқанға қыстырылып... Ал, баста!
...Мен келгенде Ақ Жайнақ
Шәйі орамал бел байлап,
Жүрсің бе әлде той тойлап, той тойлап...
Жәсен мен Әлиманың даусы өрісте жаңа табысқан саулық пен қозының үніндей боп өріліп шыққан. Кешкі самал әнді алысқа сіңіріп жатты.
– Жеңеше-ау, айдың-күннің аманында ағамызды қолды ғып алдың ба? – дейді бір қайнысы көлеңкеде отырған Бәтиге кеп. – Колбиннің өзі бақытты болыңдар, деп бет сипап жіберіпті. Байғазысына орден беретін көрінеді. Республиканың білдей басшысының әр сөзі хатталып қағазға түседі. Болмайды енді. Ағамыз Ақ Жайнағын тапты.
Сықылық атқан неме онсызда әрең отырғанда... Өре түрегеліп төргі бөлмеге ұмтылған.
Есік көзінде тұрған сыптығырдай екі жігіт жолын бөгеді.
– Кімсіз?
– Осы үйдің қатынымын.
– Протокол бойынша жұбайы үй иесінің жанында отыр.
– Есіміңіз?
– Бәти.
– Ендеше сіз қазан-ошақтың қасында жүруіңіз керек, – десін бірі қолындағы қағазын әрлі-берлі ақтарып. – Мұнда сізді Жәсен ағамыздың қайынапасы деп көрсеткен. Ал аса құрметті қонақ отырған жерге ағайындарға кіруге тыйым салынған. Дауыс көтермеңіз. Әйтпесе...
– Мә, саған безгелдек!
Қолынан жетектегендей ғып аулаға шығарып жіберген.
Қысы-жазы азапты бұл арқалайды да орденді Әлима алады. Шәйді да сол құйып, бар құрметке бөленеді. Тіпті мұны өз есігінен сығалатар емес. Жүзқара байымен иық түйістіріп отырған шығар, қозы құйрығын тақап. Үлкен кісінің батасын малданып, Жәсенге басып тиіп алар. Бұл сонда осы екеуінің отын жағып, күлін көсеп жүре ме? Қайынапа атанып! Көрсетейін ендеше! Атаукерелеріңді ішкізейін!
Аула ішінде қараң-құраң кісі көрінбеді. Борбайлап кеп ошақта лаулап жанып жатқан отқа жүгініп отыра қалған. Резеңке бауы босап кеткен дамбалын сыпырып жібергені сол еді... Шар еткізіп... Долылық қысқанда шыдата ма, алысқа шапшыды. Себелеген зәр таусылып бітсе екен-ау. Тезек шоғы аз-кем күл көтерді де, сөне берді...
– Қонақтар жүргелі жатыр. Тез ас түсіріңдер, – деген хабарда кешікпей жеткен. Анадай жерде тұрған екі-үш тікұшақтың қанаты желдиірмендей айнала бастапты.
– Ет әкеліңдер! Бірер сағаттан соң Геннадий Васильевич Алматыға ұшады.
– Ойбай, ошақта от жоқ. Ет әлі піспепті. Тастай. Қамыр салынбаған. Енді қайттік?
– От қайда?
– Біреу су құйып кеткен сияқты. Шылқып жатыр.
– Суы несі?
– Мана Бәти жүгініп кеп... Көзім шалған. Әй, отырысы жаман еді.
– Не дейді?
– Құрыдық! Тап-таза масқара!
Геннадий Васильевич ет жемей аттанған.
Ақыры Колбинге жер аты бұйырмады. Құрдастары әзілдеп айтса да, бара-бара құлаққа сіңісті боп, сол участок «Бәти сиген» атанып кеткен. Қайда барасың, қайдан келесің десе... Әне! Кейде қызыға қарайсың. Жарықтық сол шешеміздің бағын айтсаңшы! Әйтпесе кім қай жерге шаптырмай жатыр...
Рахымжан ОТАРБАЕВ