Кеше Сеул қаласында (Корея Республикасы) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов бастаған делегация Азия сайлау органдары ассоцияциясы Бас ассамблеясының жұмысына қатысты.
Азия сайлау органдары ассоцияциясы (АСОА) 1998 жылы құрылған. Оның мақсаты Азиядағы демократиялық үдерістерді, Азия елдерінің сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, ақпарат және тәжірибе алмасу, сайлауларды байқау, сайлауға әкімгершілік ету мәселелері бойынша консультациялар өткізу арқылы кеңейту болып табылады.
Ассамблеяда үш жылда бір рет өткізіліп отыратын Бас ассамблеялар аралығында АСОА-ның басқарушы органы болып табылатын Атқарушы кеңестің жаңа құрамы сайланды.
АСОА төрағасы болып Корея Республикасының Ұлттық сайлау комиссиясы, төрағаның орынбасары болып Үндістанның Сайлау комиссиясы сайланды. Корея Республикасы Ұлттық сайлау комиссиясының төрағасы Нунг-Хван Кимнің ұсынысы бойынша Филиппин мен Тайваньның орталық сайлау органдарымен қатар, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы үш жыл мерзімге Атқарушы кеңестің мүшесі болып сайланды.
Атқарушы кеңестің құрамы тең географиялық өкілдік қағидаты негізінде қалыптастырылады. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Орталық Азия өңірінен өкіл ретінде сайланды.
«Егемен-ақпарат».