21 Қазан, 2017

Қарттар үйіне көтеру құрылғысын тарту етті

266 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскемен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 120-ға жуық қарияға қызмет көрсетеді. Өңіріміздегі іргелі кәсіпорындардың бірі «Қазцинк» компаниясы кеше осы мекемедегі мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше сый жасап, автоматтандырылған көтеру құрылғысын тарту етті. Орталық қызметкерлері осы уақытқа дейін өздігінен жүріп-тұра алмайтын, қол арбаға таңылған ардагерлерді жоғары қабаттарға өз күштерімен көтеріп шығарып жүріпті. Енді жаңа құрылғының көмегімен қоларбада отырған қарияларды жоғарғы-төмен қабаттарға емін-еркін көтеріп-түсіруге болады.

Қарттар үйіне көтеру құрылғысын тарту етті

«Мына құрылғы өте қолайлы екен. Бұдан былай әлеуметтік қызметкерлерді бұрынғыдай көп әуреге түсірмейтін болдық. Бұл осы мекемедегі қол арбамен жүретін қатарластарымызға үлкен көмек болады деп ойлаймын. Игі іске ұйытқы болған жандарға алғысымызды айтамыз», - дейді Қарттар үйінің тұрғындарының бірі Александр Серебриков.

«Қазцинк» компаниясының Өскемендегі кәсіподақ ұйымының төрағасы Николай Потопенко жақында осында іс-шара өткізгенде ардагерлер тарапынан жаңа құрылғының қажеттігі жөнінде өтініш білдірілгенін айтады.  

«Біздің компания ардагерлерді ешуақытта назардан тыс қалдырған емес.  Әрдайым қолдап, демеп отырады. Жалпы, аға буын өкілдеріне қандай құрмет көрсетсек те артықтық етпейді», - дейді ол.

Игі шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев та арнайы қатысып, қарияларды халықаралық Қарттар күні мерекесімен құттықтады.

 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Суретті түсірген автор